Хабар телеарнасы

Алматы әкімі Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін марапаттады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін марапаттады. Париж төрінде жеңіс тұғырынан көрінген алматылық спортшыларға ақшалай және тұрғын үй сертификаттарын, сондай-ақ автокөліктердің кілтін табыс етті. Дүбірлі додаға қатысып, жүлдеге ілікпеген спортшылар да назардан тыс қалған жоқ.

Кездесуде шаһар басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады. «Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Талант пен табандылықтың арқасында сіздер маңызды да, тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар»,- деді әкім.

Ерболат Досаев  Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Бүгінде мен барлықтарыңызбен кездесіп, сіздерге алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта да сіздерге жаңа жеңістер мен өз күштеріңізге деген сенім тілеймін.

Сонымен қатар спортшыларға 5 және 4 млн теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті табысталды. Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшылардың бапкерлерінің де еңбегі еленді.

Назым Қызайбай, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Құттықтауын білдіртіп жатыр. Осындай іс-шаралар жас спортшыларға үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Әрі қарай біз де дайындалып, басқа үлкен жарыстарда тағы төрт жылдан кейін Олимпиадада жақсы өнер көрсетуге, еңбектенуге үлкен мотивация. 

Ғұсман Қырғызбаев, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Рақмет Алматы қаласының әкіміне. Бізді күтіп алып, көлігімізді беріп, үйімізді беріп, сыйлап жатыр. Әрі қарай жақсылап еңбек етіп, аянбай алтын медаль алуға жұмыс істейміз.

Кездесуде спортшылар  алматылықтар мен Қазақстан халқының қолдауын сезінгенін, жарыс кезінде жігерін жанып, жеңіске жетелегенін айтып,  алғыс білдірді.

Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев