Хабар телеарнасы

Астана – болашақтың қаласы

Елорда күнін тойлауға «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы арнайы ойын-сауық бағдарламасын әзірлепті. Қалашықта цирк қойылымдары ұсынылып, ашық алаңда отандық жұлдыздар өнер көрсетуде. Ал «Нұр Әлем» музейінде роботтар көрмесі ашылды.

Қоршауына қарап таңғалдық, дуалына қарап тамсандық. Дүйім жұртты осылай тәнті қылған ЭКСПО аумағындағы сәулеті келіскен «Нұр Әлем» түрлене түскен. Демалыс күндері 3 мыңға дейін адам келіп аралайды екен. Алмас Қарымсақов ЭКСПО-ға жаз бойы туған-туыс, достарын әкеліп аралатқан. Құлтемірлермен тілдесуді үйреніп алған.

Қазір елорданың мерейтойына орай мұнда Астананың тарихы туралы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен мемлекеттік даму стратегиясы жайлы ақпарат беретін инновациялық инсталляциялар қойылған. Гид қызметкерлердің тең жартысын роботтар алмастырған.

Музейде барлығы 17 робот жұмыс істейді. Жыл соңына дейін олар қазақ тілінде сөйлеуге үйренбек. Мәселен, мына пысық робот еден жуса, көк түсті құлтемір тәртіп сақшысы. У-шу шыға қалса, ескерту жасайды. Роботтардың барлығы биге құмар.

Бірінші қабатта қала күні отандық цирк қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салады. Келушілер осы маңда ойын залына да кіріп көңіл көтермек.

Нұрлыбек Қаналы, Астана қаласының тұрғыны:

- Зомбиларға қарсы ойнадым, олар маған шабуыл жасады. Қорғану керек болдым, соңғы келген зомбилардан ұтылып қалдым.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Біз қазір виртуалдық шындық зертханасында тұрмыз. Мұнда еліміздің бас шаһары Астана және Алматы қалаларына, этноауылға саяхат жасауға болады. Біз қазір ежелгі қазақ қонысына барып көреміз. Міне, нағыз қазақтың жайлауына топ ете түстім. Бұл жерде 4 бірдей ақшаңқан киіз үйді көріп тұрмын. Сондай-ақ ұлттық шапан киген ер азамат маздаған оттың жанында отыр.

«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы Астананың 20 жылдығына орай арнайы ойын-сауық бағдарламасын да әзірлепті.

Нұргүл Алипинова, «Астана ЭКСПО2017» ҰК» АҚ департаменті директорының орынбасары:

- Ашық алаңда 7 шілдеден бастап арнайы музыкалық ойын-сауық бағдарлама басталады. ЭКСПО аумағында Шапито циркі ашылатын болады.

Айта кетейік, «Нұр Әлем» музейін ғана жыл соңына дейін 500 мың адам аралайды деген болжам бар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев