Хабар телеарнасы

Елордаға 200-ге жуық қандасымыз келді

Бүгін елордада әлемнің әр түкпірінен келген 200-ден астам қандасымыз бас қосты. Жиын басында сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының форум қатысушыларына арнаған хатын оқыды. Отандастар форумына арнайы шақыртумен, 40 елден этникалық қазақтар мен шет елде еңбек етіп жүрген жастар шақырылды.

Форумға жиналғандар елдің дамуы мен ұлттық руханиятқа қатысты пікірлерін ортаға салып, заманауи трендтермен бөлісті. Мәселен, Германияда 40 жыл тұрғын Садия Сүрер отбасымен елімізге қоныс аударып, кәсіп ашуға ниетті. Дегенмен кесе көлденең шыққан мәселенің бар екенін айтады.

 Садия Сүрер, Кёльн қаласындағы қазақ қауымдастығының төрайымы:
-Ата жұрт картасында бір параграфтар бар, қазақ екеніңді дәлелдеу. Біз қазақпыз. Қазақ екенімізді дәлелдей алмай жатырмыз. Ата-жұрт картасын асыға күткен жастарымыз тұрақтап қалды. Соны күтіп, асыға ұмтылып жатқан жастарымыз бар. Осының ішінде менің өз балам. Өз балам қазақ болғанын дәлелдей алмай жүр. Мен ойлаймын шешіледі.

Иә, «Ата жолы» картасы биыл 1 шілдеден бастап іске қосылған. Басқа елдің азаматы болса да, қазақстанға кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға, кәсібін ашуға рұқсат етілген. Франциядан келген қазақ қызы да, осы мәселеге тоқталды.

Саваш Ешім, Крей қаласы мэрінің орынбасары:
-Еуропадаға қазақтар өтініш жасаған. Ата жұрт картасы бойынша жүйе жеңілдетілсе деп. Дегенмен де, жырақта жүргендер еліміздің тарихы мен мәдениетін таныстырып жүр. Менде Қазақстан-Француз қарым-қатынасын жақсы етуге бар күшімді саламын. 

 Еуропадан отанына оралғандар саны аз болғанымен, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Түрікменстаннан келгендер көп. Биыл қандас мәртебесі 13 мыңына бұйырған.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті
-Соңғы 30 жылда елімізге көшіп келген қандастарымыздың, Қазақстан азаматтарының елдің саяси-экономикалық рухани дамуына қосқан үлесін және олардың тәжірибесімен бөлісу. Мемлекет тарапынан қандастырымызға қолдаулар көрсету.

Өзге елде тұрып жатқан бауырларымызды алаңдатар мәселе көп. Сондықтан мұндай форум солардың бәрін болмаса да біразын талқылап, түйткілдерді таратып алуға мүмкіндік беретініне дау жоқ.

 

Авторлары: Диана Қадыр, Аян Сарсенбаев