Президент тапсырмасы: Көлгінов кетіп, көл қалды, Қасымбек кетсе, нең қалды?
Астанада тағы екі жаңа көпір, екі жылу газ станциясы салынады. Бұл жобалар қала көшелерінің жүктемесін азайтуға, сондай-ақ 2026 жылға дейін газ қорын жинақтауға мүмкіндік береді. Бүгін Үкіметте қала әкімі Жеңіс Қасымбек есеп берді. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы мәселелерін шешу үшін ұзын-ырғасы 30 жоба іске асады екен. Еске сала кетейік, 11-шілдеде Мемлекет басшысы елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізіп, бас қаланың басты түйткілдерін шеш деп, әкімге бір жыл уақыт берген болатын. Бір ай өтті, не істеліп жатыр деп бүгін Үкімет жиналды.
Астана парадокстар қаласы ма деп қаласың кейде. Шаһардың кей аудандарындағы тұрғындар ауызсуға жарымайды, есесіне жауын жауса, қаланы су басады. Анау тұрған Үкімет ғимаратында Жеңіс Қасымбек жемісті жобалар және он екі жылдан кейін келуі тиіс жарқын болашақ туралы баяндама жасады бүгін. Ал кеше дәл осы жерде Үкімет үйінен небары 500 метр жердегі көшеде көліктер жүзіп жүрді.
Абырой болғанда төтеншеліктер 100-ден аса техника жұмылдырып, 1000 текше метрге жуық суды сорып алды. Шаһарды жаңғырту бағдарламасын қайдам, қазір кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселенің бірі – осы су. Қала билігі: «2 жарым шақырымдық кәріз желісін саламыз», - депті.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспары, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі қаланы қайта жаңғырту бағдарламасына тоқталды. Ай бұрын Президент Жеңіс мырзаны жеке қабылдап, біраз мәселені шешуді шегелеп тапсырған еді. Атқарылып жатқан шаралардың ішінде 3 Жылу электр орталығы, 2 газбен жылыту орталығы және Есілдің үстінде бой көтеретін жаңа екі көпірдің құрылысын айтуға болады. Сондай-ақ Тельман сорғы стансасы кеңейтіліп, су тапшылығын шешу үшін Сәтпаев каналанан жаңа құбыр тартылуы тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажетті шараларды іске асыруды жалғастыру керек. Атап айтқанда, елорда әкімдігі бөлінген қаржыландыруды пайдалана отырып, барлық инфрақұрылымдық жобада, оның ішінде үлескерлері бар проблемалық құрылыс нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Айтпақшы, жыр болған ЛРТ жобасы да бір жақты қылу әкімнің назарында екен. Дегенмен бұл әлі пысықталуы тиіс жұмыстар. Ал дәл қазір астаналықтарды не мәселе алаңдатанын өздерінен сұрап көрдік.
БЛИЦ:
– Шешілуі тиіс мына жол ғой. Жылда жөндейді осы жолды. Ол расход қой біздің қалтамыздан кетіп жатқан.
– Кешегі жаңбырдан кейін судың ағатын нелері жоқ. Ливневкалары.
– Су, 2 ай бұрын вообще болмайтын. Қазір кішкене более менее. Жұмыс жоқ. Оплата слабая.
Мемлекет басшысы әкімге бір жыл уақыт беріп отыр. Бұл – жұмысты жолға қоюдың мерзімі. Әйтпесе әкімдер келеді, кетеді, проблема қалады. Әйтеуір ертең Көлгінов кетті, көл қалды, Қасымбек кетті, нең қалды деп жүрмесек игі.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Мұхамбетәли Тілдабаев