«AMANAT»: Астанада депутаттар форумы өтіп жатыр
Мәслихат депутаттары аймақтағы проблемаларды жергілікті жерде жедел шешіп отыруы қажет. Тұрғындар әділдік іздеп, алыстан Астанаға сабылмауы тиіс. Аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында осылай делінді. Алғаш рет өткізіліп отырған шараға «AMANAT» партиясына қарасты бас-аяғы 2,5 мыңнан астам депутат қатысты. Жиынның пленарлық отырысында партияның атқарып жатқан жұмыстары талқыланып, алдағы уақытқа арналған жоспары пысықталды. Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та қатысты. Түстен кейінгі сессияларда мәслихат депутаттары түрлі сала бойынша жауапты министрлермен кездесіп, өңірлеріндегі проблемаларды ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Қазір онсыз да қоғамның сұранысы күшейді. Алайда азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Олай болса депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл әсіресе мәслихат депутаттарына қатысты.
Айгүл Мұсабаева, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты:
- Мен өзім Оқу-ағарту министріне сұрақ дайындап келдім. Жалпы орта мектептердегі сынып жетекшілерінің айлық жалақысына үстемақы қосу. Неге? Себебі 10-12 мың теңге алатын сынып жетекшілеріне жауапкершілік өте үлкен. Сондықтан алдарында отырған балаларға тек қана білім беріп қоймай, сонымен бірге тәрбиені тереңдету, тәрбиемен жан-жақты айналысу үшін осы сынып жетекшілердің айлық жалақысына үстемақы қосылса деген ұсынысым бар.
Жалпыұлттық мәселелерде депутаттар партия мен идеологияға бөлінбеу керек. Форумда сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Айтуынша, есірткіге қарсы күрес, тұрмыстық және балалар зорлық-зомбылығының алдын алу секілді жалпыұлттық мәселелермен барлығымыз күш біріктіре күресуіміз керек. Себебі бұған Президенттің өзі баса назар аударып отыр.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Президент бастаған ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға қатысты бағдарламаның барлық бағыттарын жүзеге асыру барысында жергілікті өкілді билікке зор жауапкершілік жүктеледі. Ол қандай жауапкершілік? Аймақтық рәміздерді әзірлеу және бекіту жүйесін ретке келтіру. Бұл бізде бірлесіп атқаратын жұмыс. Ономастика саласындағы жұмысты жүйелеу. Өскелең ұрпақтың тәрбие жұмыс ұйымдастыру. Балалар кітапханалары мен ауыл мектептерін дамыту. Сапалы сараптамалық құжаттар дайындау ісін жолға қою. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту. Өздеріңіз байқағандай, Президенттің Түркістандағы баяндамасы жалпыұлттық күн тәртібін белгілеп қана қоймай, өңірлердегі идеологиялық жұмыстың бағытын айқындап берді.