Аstana Media Week 2018: Жаңа жобалар мен озық техникалар таныстырылады
Бүгін елордада «Аstana Media Week 2018» қазақстандық медиа апталығы басталды. Үш күнге созылатын айтулы шараның басты тақырыбы «Digital Media» болмақ. Ал жиынға бас-аяғы 2 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Олардың арасында Қазақстан мен шетелдердегі медиа индустрияның 60-қа жуық топ-менеджері, 50-ден астам продакшн-компанияның өкілдері бар.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Астана медиа апталығы. Болары қызық, болғаны маңызды шара. Журналистикаға қатысы бар кәсіби маманның көбі осында. Сәні мен сымбаты келіскен тележүргізушілер, журналистер мен режиссерлер, блогерлердің бәрі жүр. Қызыл кілем, жарқыраған шамдар мен телевидениедегі озық техникалар. Шараны Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашып берді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Елбасымыз отандық медиа саласының дамуына әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Президент Қазақстанда БАҚ дамуын, қоғамымыздың бірлігі нығая түскенін, еліміздің өрлеу жолындағы сенімді қадам басуын қамтамасыз ететін көпір көріп отырмыз дейді. Осымен екінші жыл өтетін ауқымды шара тек еліміздегі ғана емес, аймақтағы медианарықты қалыптастыруға және одан әрі дамытуға серпін береді деп сенемін.
Расында, медиа саланың мамандарын жыл сайын тоғыстыратын шара – Аstana Media Week. Журналистердің жай ғана жүздесуі емес, маңызды тақырыптар талқыланатын, соңғы инновациялық жаңалықтар айтылатын алаң. Арнайы кездесулер және жаңа жобалар мен озық техниканың таныстырылымы. Бәрі осы үш күндік шара аясында өтеді.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- «Хабар» арнасында былтыр денсаулық, салауатты өмір салтына арналған бағдарлама эфирге шығып, көрерменнің ықыласына ие болған. Сондықтан бұл шара практикалық, теориялық тұрғыдан болсын, керек алаң деп білеміз.
Медиа апталықтың ресми ашылуынан кейін еліміздегі БАҚ көрмесі өтті. Көбінесе отандық телеарналар таныстырылды. Медиа апталық құдды бір журналистер жәрмеңкесі дерсің: кел де, керегіңді тап! Мықтылардан үйрен, білмегеніңді сұрап ал!
Орталық Азиядағы масс-медиа саласындағы ең айтулы шараға бірнеше шетелдік телерадиокомпанияның басшылары да келді. Бар білгендерімен бөлісті.
Авшар Абдулхамит, Түрік телерадиокомпаниясының директоры:
- Ақпараттың мазмұны маңызды. Көрерменнің сұранысын әлемдік нарықтың деңгейінде ескеру керек. Екіншіден, техникалардың бәрі өте сапалы болуы шарт. Егер контенттің мазмұны сапалы болып, техника нашар болса, ешқандай нәтиже болмайды. Бір-біріне сай болуы қажет.
Газет халықтың құлағы, көзі һәм тілі болса, телевидение – айнасы. Қазір отандық барлық телеарна озық техникамен жұмыс істейді. Өйткені мүдделі. Жылдам ақпарат пен жоғары сапа – халықтың сұранысы. Бүгінгі жиынның ерекшелігі сол, сіз де көрермен ретінде осында келіп, керек ақпаратыңызды ала аласыз.
Намазалы Омашев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Бұл басқосудың, жиынның журналистер үшін пайдасы көп деп есептеймін. Басқосуды аздаған ғалымдардың арасында конференция етіп те ұйымдастыруға болады. Мұнда көрнекілік көп. Сосын әркім өз жобасын әкеліп көрсетіп жатыр. Бұл тек қана журналистерді байытады.
Медиа апталық үш күнге созылмақ. Ертең аймақтық БАҚ өкілдерінің форумы, мемлекеттік тақырыптық сессиялар өтеді. Ал үшінші күнге арнайы экскурсиялар мен брифингтер жоспарланған.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Азамат Саметов