«Хабар» Агенттігінің құрылғанына 29 жыл толды
«Хабар» Агенттігіне - 29 жыл. 1995 жылы 23 қазанда Үкімет қаулысымен «Хабар» Агенттігі республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Алғашқы күннен бастап-ақ «Хабар» телеарнасының жаңалықтары танымал болды. Сол кезде агенттік ұжымы жалынды жастардан құралған телевизиядағы ең жас ұжым еді. Ал алғашқы эфир Алматыдан тарап, еліміздің барлық аймағын қамтыды. Телеарнаның іргетасын қалауға белгілі журналистер атсалысты.
Қазақстанның медиакеңістігінде «Хабар» агенттігінің пайда болуы тарихи оқиға. Бұл уақыт қажеттілігінен туындаған, саяси әрі әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда өте маңызды шешім болды. Ақпаратқа зәру көрермен «Хабардың» жаңалықтарын әр ауылда асыға күтетін десек артық айтпағандық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елеулі оқиғалар, экономикалық өзгерістер, мәдени іс-шаралар мен спорттық додалар эфирден үздіксіз көрсетілді.
Серік Жанболат, Қазақстан Журналистер академиясының академигі
-Бұл – сол кездегі қажеттілікті, капитализм туғызған қажеттілікті қамтамасыз еткен, соған қызмет еткен, сол үшін құрылған дүние. «Хабар» Агенттігінің» өзі ақпарат саласының дәстүрлі мектебіне айналды. Сондықтан мен Хабардың ролін өте жоғары көремін.
Уақыт өте теларнаның өзіндік бейнесі мен келбеті қалыптасты. Мұнда есімін ел білетін, танымал тілшілер еңбек етті. Хабардан талай маман майталман болып шықты. Белгілі диктор Қымбат Хангелдина: «Телевизия саласында Хабардың орны бөлек»,– дейді.
Қымбат Хангелдина, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:
-«Хабар» бұл – ерекше ұйым. Мұнда өз ісіне шын берілген, нағыз отансүйгіш кәсіби мамандар жұмыс істеді. Әлі де еңбек етіп келеді. Осындай адамдардың ізденісі, тың идеялары мен шығармашылық жобалары эфирге сапалы өнім болып шығады. Жалпы телевизия саласы дегеніміз бірлікке негізделген командалық жұмыс.
1996 жылы тікелей эфирге жаңалықтар дайындауға және таратуға арналған «Хабар» Агенттігінің» бірінші студиясы құрылды. Мұнда ең заманауи телевизиялық жабдықтар болды. Аппараттық-студиялық блоктың жабдықталған N5 студиясы және қозғалмалы телевизиялық станциялары қолданысқа берілді.
Қайрат Атагелдиев, «Хабар Агенттігі» АҚ Алматы филиалының аға операторы:
-Сол басталған жылдары 6 ай бір-бірімізді көрмейтінбіз операторлар. Біреуі командировкаға кетеді, біреуі келеді. Сонда бірінші жылдары солай жұмыс істедік. Жаңа канал ашылып жатқан соң беріліп жұмыс істеп, Қазақстан егемендік алып жатыр. Сонда шапқылап жүріп 4 оператор жұмыс істедік қой. Төрт оператормен бастадық. 2 професианальный камера болды. Сондай камералармен жұмыс істегенбіз.
29 жылда «Хабар» өркендеп, дамыды. Қазір агенттік қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын 3 телеарнаны біріктіреді. Ел аймақтарында, АҚШ, Ресей, Еуропа елдерінде, Оңтүстік Корея, Қытай, мен Өзбекстанда тілшілер желісі бар.
Авторлары: А.Садуақас, М. Құдықбаев, Э. Кон