Астанада бильярдтан «Khabar Cup» турнирі өтті
Астанаға еліміздің жетекші журналистері жиналды. Қалам ұстаған қауым мен ақын-жазушылар, ақпарат саласының қызметкерлері дәстүрлі «Khabar Cup» турнирінің шымылдығын түрді.
Биыл қатарынан төртінші жыл ұйымдастырылған бильярд жарысына 30-ға тарта айтулы айташы азаматтар келді. «Хабар» Агенттігінің 23 жылдық мерекесіне арналған дәстүрлі тас-таяқ турнирі – жалпы руханият әлемінде жүрген азаматтардың өзара достық байланысын арттыратын жарыс.
Биылғы сайыс ақпарат саласының өмірден өткен қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Шаршы тақтада шар қуғандар арасында Намазалы Омаш, ақын Несіпбек Айтұлы сияқты танымал ақсақалдар бар. Сонымен қатар Қайнар Олжай, Әлімжан Сабыржанұлы, Арман Ысқабылұлы, Зейін Әліпбек, Амангелді Сейітхан сияқты есімі елге таныс аға журналистер де бәсеке көркін қыздырды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары:
- Биылғы турнирдің ерекшелігі – оның қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналып отырғандығы. Бұл – тек тележурналистика үшін ғана емес, отандық журналистиканың барлық өкілі үшін өте үлкен мерейлі іргелі дата. Сол себепті биылғы жарысты 60 жылдыққа арнауды жөн деп санадық. Жылдағыдай турнирдің басты мақсаты – қалам мен микрофон ұстаған жалпы мәдениет, руханият саласында жұмыс істеп жүрген азаматтардың достық, бауырлық әріптестігін күшейту.
Қайрат Сақ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
- Бұл – журналистердің жылда бас қосатын, бір-бірімен дидарласып, ой бөлісіп, журналистиканың арғы-бергі бағыт-бағдарын айқындайтын әдемі жиын. Сондықтан барлық журналист бұл дәстүрлі турнирді сағына күтеді. Құлақ түріп жүреді. Бүгін міне осы турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі журналистер келіп отыр.