Астанада жыл соңына дейін электр қуатының тарифі өзгермейді
Бұл туралы елорданың энергожүйесін жақсарту және жаңғырту жұмыстарын қадағалау барысында белгілі болды. Бұл мақсаттағы жобаларды іске асыру үшін электр қуатын таратушы компания 5 жылға арналған инвестициялық бағдарлама қабылдаған. Оған 24,5 млрд теңге қаралыпты.
«Байқоңыр» ауданында орналасқан электр қуатын таратушы станция толықтай жаңартылады. Өткен ғасырдың 70-інші жылдары салынған нысан әбден тозған. Жаңғырту жұмыстарынан кейін осы маңдағы абоненттерге көрсетілетін қызмет сапасы да артады.
Бауыржан Аманбеков, «Астана – Аймақтық Электржелілік компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Биыл біз 10 кВт-тық ұзындығы 17 км кабель ауыстырамыз деп жоспарлап отырмыз. 0,4 кВт-тық 13 км кабель ауыстырып жатырмыз. Биыл жоспарымызда бар және осы трансформатор, подстанцияларымызды жаңартып жатырмыз.
Бұл жұмыстар «Астана – Аймақтық Электржелілік компаниясының» инвестициялық бағдарламасы аясында жүріп жатыр. Бұл бағытта былтыр 4,6 млрд теңге игерілсе, биыл 6 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Ауқымды бағдарламаны іске асыру нәтижесінде тозығы жеткен желілерді азайту, ақауларды болдырмау және электр энергиясының нормативтік шығындарын мейлінше қысқарту көзделіп отыр. Бұл бағыттар бойынша Астанада қазірдің өзінде көп жұмыс атқарылған.
Жұмыс барысын Табиғи монополияларды реттеу департаменті қадағалайды. Мамандардың айтуынша, жөндеу, жаңарту жұмыстары қарапайым тұтынушыға кері әсерін тигізбеуі тиіс.
Зура Сардарбек, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:
- Енді 2024 жылға 6,7 теңге белгіленген. Бұл жылдың аяғына дейін. Қазіргі уақытта департаментте өтінімдер қаралып жатқан жоқ. Бірақ ол соңғы тұтынушыға емес. Ол энергиямен жабдықтаушы компаниялар сатып алады. Сонымен қатар ол халық үшін 16,6 теңге болып дефференцияланады.
Қаланың энергожүйесін жаңғырту келер жылы да жалғасады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Табалдиев