Қазақстан төл локомотивін шығарады
Мемлекет басшысы бүгін бірқатар өндірістік нысанды аралады. Атап айтқанда Астана қаласының №1-ші индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауытын аралады. Құрылыс индустриясы бағытындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. 2028 жылға қарай елордадағы локомотив құрастырушылар, қағаздағы сызбасынан бастап, рельске дейінгі таза қазақстандық өнімді шығаруды жоспарлап отыр.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Қазақстанда шығарылатын Францияның әйгілі ALSTOM локомотивтері ТМД кеңістігіндегі ең қуатты әрі заманауи техника. Астанада жүк және жолаушылар тасымалына арналған 450 секциясы қүрастырылды. Бұның бөлшектерінің 70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Мәселен мына трансформатор локомотивтің жүрегі болса, мына тартымтүрлендіргіш деп аталатын қондырғы электровоздың миы. Барлығы осы жерде шығарылады. Сондай ақ еліміздің 270 тен астам компаниясы мына локомотивтің қосалқы бөлшектерін өндіріп берді.
Ұлттық темір жол компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылса, олардың 80 секциясы Әзербайжанға экспортталды. Қазір Alstom компаниясы Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашу үшін инвестиция салуда. Бұл 700 жаңа жұмыс орны. Президент Ана тілі газетіне берген сұхбатында 2029 жылға дейін елде 200-ден астам инфрақұрылымдық жобалардың іске асатынын атап өтті. Оның ішінде теміржолға ерекше ден қойылып отыр. Қазірдің өзінде ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты, 152 шақырымды құрайтын Дарбаза - Мақтарал магистралі, және Алматыны айналып өтетін 125 шақырымдық теміржол құрылыстары қызу жүріп жатыр.
Шахмұрат Мүтәліпов, INTEGRA CONSTRUCTION KZ компаниясының өкілі:
– Біз Достық – Мойынты жобасын жобалық кестеден екі жыл озып келеміз. 3 жылға жоспарланды біз бір жарым жылда негізгі жолдың барлығын төсеп шықтық. Ағымдағы жылдың шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Еліміз үшін өте маңызды жоба, себебі Қытай мен осы Еуропа елдерінің арасын байланыстыратын және жүк ағынын арттыратын негізгі жолдардың бірі. Бұл жолды біз бітіргеннен кейін жүк ағыны бес есеге артады.
Контейнерлік вагондардың рөлі күшейгендіктен оны сүйрейтін қуатты локомотивтерге сұраныс еселеп артатыны анық. Осыған орай астанадағы зауыттың мамандары енді 6 осьті, бір секциялық жаңа буынды локомотивті жобалап жатыр. Оның құны 40 пайызға арзан, тиімділігі 20 пайыз жоғары болмақ. Өндіріс 2028 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Бейбіт Ибраев, электровоз құрастыру зауытының жобалық менеджері:
- ALSTOM-ның біздің зауытқа жаңағы трансферт технологии дейміз ғой, ол технология беріліп, біздің мамандармен даярланып жүзеге асырылып отырған жоба. Біздің мына локомотивтеріміз де әрине қазір жасап жатқан, ол да Қазақстандыкі, бірақ мына енді барлығын өзіміз істейміз. Басынан аяғына дейін.
Жером Бойе, ALSTOM компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры:
- Қазіргі күні қазақстанның темір жолдарында жүрген электровоздар паркінің жартысын, яғни 25 пайызын біздің компания өндірді. Локомотив өндірісінің өзіне келсек, кейбір материалдардың шетелден келгені болмаса, қалғаны толықтай Қазақстанға тиесілі.
Айта кетсек қазір елімізде теміржол бөлшектерін шығаратын 600-ден астам компания, өз өнімдерін ішкі нарықтан бөлек, 25 елге экспорттап отыр. Бұл жұмысшы мамандықтарына сұраныстың артқанын аңғартады.
Исабек Бейсембаев, WEBTEC компаниясының сервис менеджері. Сіздің сөзіңізге қосыла отыра, осы 2025 –жылды жұмысшы мамандары жылы деп жариялағаныңыз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Осы бастама жұмысшы мамандарының мәртебесін көтеріп, әрі қарай дамытуға үлкен әсерін тигізеді деп сенеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Расында жұмысшы мамандардың мәртебесін біз көтеруіміз керек. Келешекте еліміз үшін ең алдымен жұмысшылар керек.
Кәсіпорынның тыныс тіршілігімен танысқан президент локомотив кабинасының маңдайшасына қолтаңбасын қалдырып, зауыт ұжымына сәттілік тіледі. Мұнан соң мемлекет басшысы құрылыс индустриясының бірқатар нысандарымен танысты. Asyl Qala компаниясы тәулігіне 4500 шаршы метр тротуар жабындысын өндіреді. Жобаға 8 млдрд тг инвестиция салынып, 100 ден астам адам тұрақты жұмыспмен қамтылған. Кәсіпорынның екінші кезеңінің құрылысы біткен соң, жобалық қуаты 9000 мың шаршы метрге жетеді деп күтілуде. Мемлекет басшысы сондай ақ автоклавты газ блоктарын шығаратын Uniton зауытымен танысты. Құрылыс компаниясының жанын құрылған кәсіпорын жылына 150 мың шаршы метр газ блоктарын өндіре алады. «Даму» қоры және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған жоба 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті қамту үлесін арттыру қажеттігіне тоқталды.
Авторлар: Берік Дүйсенбай, Асхат Серікұлы, ПТРК Хабар.