«Мен чемпион» тележобасы халықаралық деңгейге көтерілді
Бурабайда «Мен чемпион» балалар спорттық сайысы басталды. Байрақты бәсекеге қазақстандық оқушылар және Ресей мен Өзбекстанның командалары қатысып, биыл жоба халықаралық деңгейге көтерілді.
Бесінші рет өткізілген сайыс балалар арасында кең қанат жайып үлгерді. Тележоба жылда «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен елдегі мектептердің спорттық іс-шаралары тізіміне енген. Биылғы сайыстың жеңімпаздары 21 қарашада анықталады.
Темірлан Қожаев, қатысушы /Алматы/:
- Негізінен біз бұл ойынға бірінші рет келіп тұрмыз. «Торнадо» командасы бүгін бірінші ойынын өткізді. Қарсылас командалардың дайындығы осал емес. Бірақ біз де Алматының намысын қолдан жібермеуге тырыстық. Соңында жеңдік. Биыл бізге «Бампер болл» атты жаңа ойын қосылды. Бұл ойынның ерекшелігі біздің үстімізге үлкен шар киіледі. Сол шармен алып дөңгелекті итеруіміз керек.
Қанат Сәдуақасов, ұйымдастырушы:
- Ойындар өте тартысты, қызықты болып жатыр. Жалпы өткен жылғы республикалық финалға қатысқан осы командалардың арасынан бір 30 пайызы тағы сол өз өңірлерінде жеңіске жетіп, осы жарысқа келіп отыр. Қалған 70 пайызы жаңа командалар. Ал жеңімпаз команда мына «Мен чемпион» халықаралық ойындарының ауыспалы кубогына ие болады.