«Алтын адам» феномені – қазақ тарихының негізі
Орта заманның жауынгері Алтын адам – қазақ тарихының ажырамас бөлігі. 1969 жылы Есік қорғанынан алғаш Алтын адам табылғанда әлем назары Қазақстанға ауды. Одан соң елдің әр өңірінен тағы Алтын адам шықты.
Ал 2001 жылы шығыста Берел қорғандарынан алтынмен апталған сақ ханзадасы мен ханшайымы және 11 аттың табылуы бүкіл әлем тарихына теңдессіз үлес еді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Алтын адам феноменін ерекше айтып, тарихи маңызын терең зерттеуді тапсырды.
Алтай мен «Алтын адам». Бұл екеуі егіз ұғым. Сондықтан бұл өлкені соңғы 50-60 жылда түрлі тарихшы-археологтар зерттеумен келеді. Ал тәуелсіздік алған соң отандық мамандар ұлттық тарихымызды тың артефактпен толықтырды. Қатон Қарағайдағы Берел қорғандарынан табылған жәдігерлерді зерттеп-зерделеген ғалымдар қазіргі қазақ елі сақтардың заңды мұрагері екенін дәлелдеді.
«Алтын адам» – қазақ тарихының феномені. 1969 жылы Есік қорғанынан табылған алқашқы адам ұлттық тарихты жаңғыртуды негізі болды.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының директоры:
- Есік қорғанынан алғашқы Алтын адам табылса, соңғы 50 жыл төңірегінде тағы 4 Алтын адаммен толықты. Олар Атыраудан, Қарағандыдан, Ақмоладан және Шығыс Қазақстаннан шықты. Бұл сол замандағы сақтардың мәдениеті мен өркениетінің қандай деңгейде болғанына дәлел болады.
Сақ қорғандарынан табылған алтын жәдігерлердің көбі аң стилінде жасалған. Бұл – сол заманда қазіргі қазақ даласында металлургияны қалай игергенінің дәлелі. Сом-сом алтындар сақтардың тұрмыс-салтынан да дөп хабар береді.
Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Осы жерден табылған қалайы рудасы сонау қос өзен бойына Месопатияға дейін тарған. Биыл Елеке сазы дегеннен Тарбағатайда табылған сақ бекзадасының бір шалбарының өзінің әшекейі бірнеше ондаған мыңға кетіп қалады. Мәселе оның санында емес, олардың тарихи құндылығында.
Осы археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлер ғылыми айналымға түсіп жатыр. Енді ғалымдар Алтын адам ұғымын әлем тарихына енгізіп, ЮНЕСКО-ның құнды жәдігерлері тізіміне қосуды көздеп отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Рома Родионов