«Қызық times» бағдарламасында «Қызық премия» табысталды
«Хабар» арнасынан эфирге шығатын «Қызық times» бағдарламасы өз қатысушыларына алғашқы марапатын табыстады. Ол әзілге құрылған жоба болғандықтан жаңаша жүлдеге «Қызық премия» деген атау беріліпті. Оған аты шулы әртістер, спортшылар мен желіде кеңінен танылған тұлғалар ие болды.
Бірнеше жыл бойы эфирге тұрақты түрде шығып жүрген «Қызық times» бағдарламасының ұжымы осы жылғы қорытынды түсірілімді ерекшелеуді ұйғарыпты. «Қызық премия» – сол идеяның жемісі. Әр марапаттың астарында терең мән бар. Мысалы алғашқы премия «Ең ұзақ клип» деп аталса да кино үшін берілді. Сөйтсек, ол фильмдерде әншілер ойнаған екен.
Көп күттірмей марапаттың иесі Ерке Есмахан да сахнаға көтерілді. «Қызық times» жүргізушілері әдеттегідей әр сәтті әзілмен толықтыруға тырысты.
Мұндай марапат әншілермен қатар, спортшылар, әлеуметтік желіде кеңінен танылған тұлғаларға да берілді. Бас-аяғы 13 номинация.
Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
- Бұл премияның болашағы жарқын, өміршең болады деп ойлаймын. «Қызық премия» – бұрынғы КТК мүшелерінен құралған, әзіл саласында жүрген қыз-жігіттердің ойлап тапқан жобасы. Содықтан көрерменге әдеттегі марапаттардан бөлек премия болады деп ойлаймын.
«Қызық премияның» қызығын көрермендер Жаңа жыл қарсаңында «Хабар» телеарнасынан көре алады. Бұл – «Қызық times» бағдарламасының осы жылғы қорытынды шығарылымы.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аян Сәрсенбаев