Хабар телеарнасы

Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы телехикаяның түсірілімі басталды

Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттарханов туралы көркем туынды жақында жарыққа шығады.

6 сериялы телехикаяда аққан жұлдыздай жарқ етіп, аз ғана ғұмыр кешкен спортшының өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Танымал режиссер Мұрат Бидосов бұл кинотуындыны биыл көктемде көрермен назарына ұсынғалы отыр.

Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Бокстан Олимпиада ойындарында олжа салған тұңғыш қазақ Бекзат Саттарханов есімі де уақыт өткен сайын асқақтай бермек. Қысқа ғана ғұмырында халқының мерейін үстем етіп, туын биіктен желбіреткен батыр ұлдың ерлігін кейінгі жастар үлгі тұту керек. Басты роль Бекзатты жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды.

Самат Әзімқұлов, актер:

- Бұл – бір адамның өмірі, бір адамның тағдыры. Жалпы осы фильм арқылы Бекзат ағамызды қайта тірілтіп, артымыздан өсіп келе жатқан жастардың спортқа, боксқа деген құлшынысын арттырсақ және жүректеріне кішкене де болсын бір патриоттық сезім ұялатсақ, онда ол біздің арманымыздың орындалғаны деп білемін.

Телехикаяда оқиға желісі шынайы өмірден алынған. Кейіпкерлердің барлығы спортта белгілі тұлғалар. Мәселен, сол кездегі АИВА вице-президенті Бекет Махмудов, Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов және белгілі спортшылар, Сидней Олимпиадасының тағы бір чемпионы Ермахан Ыбрайымов, күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбек.

Мұрат Бидосов, режиссер:

- Бұл – спортшының өміріндегі бір кезең. Боксқа қалай келді, өмірінде қандай қызық оқиғалар болды. Бұл жобадағы басты кезең – Сиднейдегі оқиға.

Жобаның мақсаты – Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген спортшының еңбегін көрсету. Жастардың спортқа деген құлшынысын арттыру.

Авторлары: Жандос Айтбай, Аршын Кемелжан, Кенже Амраев