«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының көрермендерімен ойын өткізілді
«Миллион кімге бұйырады?». Көпшіліктің қызығушылығын оятқан осы бағдарлама енді халықтың ортасынан табылды. «Хабар» Агенттігі елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде көрермендеріне арнайы ойын өткізді. Жеңімпаз бағдарламаның телевизиялық нұсқасына жолдаманы ұтып алды.
Миллионға әркімнің-ақ бар таласы. «Хабар» телеарнасының «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының шығармашылық тобы осы жолы көрермендерінің алдына өздері келді. Телевизиялық нұсқада, яғни эфирде 15 сұраққа мүдірмей жауап беру керек. Ал мына жердегі жарыстағы талап – 8 сауалдың дұрыс жауабын табу. Ойыншыларға екі жеңілдік берілді. Көрермен көмегі және 50/50, яғни компьютер жауаптың екі қате нұсқасын есепке алмайды.
Досымбек Өтеғалиев, «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының жүргізушісі:
- «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасына, яғни эфирге шығатын бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беріледі. Бағдарламада 15 сұрақ қойылса, бұл жерде ең көп 8 сұрақ қойылады. 8 сұраққа жауап берген адам «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалды шоуына кезексіз қатысуға мүмкіндік алады.
Телеарнада «Миллион кімге бұйырады?» хабары жаңғыртылғалы бері қазақ тілді бағдарламада ең жоғарғы ұтыс көлемі 2,5 млн теңге болған. Ал орыс тілді нұсқасында былтыр алматылық азамат 10 миллионды қанжығасына байлаған. Көрермендерге арналған білім додасында Астана тұрғыны Жәнібек Әмірхамзин жүйрік шықты. «Миллион кімге бұйырады?» телевизиялық жобасына жолдама алды. Енді ол хабарға кезексіз қатысуға құқылы.
Жәнібек Әмірхамзин, жеңімпаз:
- Сұрақтар телевизиялық жобаға қарағанда біраз жеңіл болған сияқты. Осы жерде екі бірдей досым болды. Олар – аталмыш жобаға қатысып, соның жеңімпазы болған жігіттер. Сондықтан олардан көмек өте көп болды.
Бұл шара – көрермендерге деген құрмет белгісі. Кіл мықтыларды анықтайтын жобаға дарынды азаматтарды тарту жоспары да бар.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Миллионнан әркімнің дәмесі бар әрине. Көпшілік: «Бағдарламаға қалай қатысуға болады?», – деп сұрап жатады. Білім додасында бақ сынағыңыз келсе, 3698 қысқа нөміріне қандай кілтсөзді жолдау қажет? А) «К2», B) «К4», C) «К1», D) «К5». Жауабын өзім айтайын. Дұрысы С, яғни «К1» сөзін 3698 номеріне sms ретінде жіберу керек. Телеойын әр сенбіде сағат 20:15-те «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әліби Ерелұлы