Атырауда 101 жастағы әже дауыс берді
Сырттан келген байқаушылар қазақстандық электораттың екі негізгі айырмашылығын баса айтты. Бірі – халықтың белсенділігі, екіншісі – көтеріңкі көңіл-күй. Шынымен көпшілік үшін сайлау кәдімгі мерекеге айналды. Бірін-бірі «мерекеңмен» деп құттықтап жатқандар да бар. Ал Атырауда 101 жастағы әже Балзиба Мәжитова дауыс берді.
Кинодағы кейіпкері секілді емес, Әлімғазы Райымбеков ақсақал өз таңдауын тез жасады. «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақтың рөлін сомдаған актер алғаш рет сайлауға 1955 жылы қатысыпты. ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы саналы ғұмырында сайлаудан қалыс қалып көрген емес.
Әлімғазы Райымбеков, Алматы облысының құрметті азаматы:
- Басымызды біріктіріп, осындай берекелі ел болуға Алла нәтіп етсін. Мынау жетілген мемлекеттермен тереземіз тең болса екен деген ойым бар.
Ғасыр таңдауы. 101 жастағы атыраулық әже Балзиба Зәкәрияқызының таңдауын осылай деуге әсте болатын шығар. Көпті көрген көнекөз қария 1937 жылдан бері әр заманның лебіне қарамастан, саяси өмірге араласып келе жатқанын айтады.
Балзиба Мәжитова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Дендеріңе саулық тілеймін. Оттарыңның басы тыныш болғанын қалаймын.
Алғашқы сайлау, алғашқы таңдау. Жамбыл облысында 24 мыңнан астам жас елдің саяси өміріне алғаш рет араласпақ. Солардың қатарында егіз Әсел мен Әнел де бар.
Әсел Мұстафина, Тараз қаласының тұрғыны:
- Дауыс беруге шақырамын.
Әрбір дауыс маңызды, әрбір таңдау лайықты. Уақытша қамауда отырғандар да елдегі саяси науқаннан тыс қалған жоқ. Шымкент қаласындағы 167/11 тергеу изоляторындағы 424 азамат №32 жабық сайлау учаскесінде дауыс берді.
Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы елордада сағат 14:00-ге дейін 15 қыз, 15 ұл бала дүниеге келгенін айтады. Ал маусымның 8-нен 9-на қараған түні Қызылордадағы перзентханада 31 сәби дүниеге келіпті. Ұрпақ өрбіткен сырбойылық аналар жүріп-тұруы қиын болса да саяси науқаннан құр қалмады.
Ботагөз Құдайбергенова, көпбалалы ана:
- Жүктілігіміз қиын болса да, қан қысымымыз көтеріліп, аяғымыз іссе де сы сайлауға қатысу үшін келіп отырмыз. Бала-шағамыздың болашағы үшін, Қазақстан Республикасында өмір сүріп жатқанымыз үшін осы сайлауға қатысу барлығымыздың міндетіміз деп ойлаймын.
Ботагөз Құдайбергенова бүгін құр қол қайтқан жоқ, оған нәресте күтіміне қажетті жиынтық сыйға берілді. Жаңақорған ауданының тұрғыны жуырда 5-перзентін бауырына баспақ. Ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін ол елдің ертеңіне бейжай қарамайды. Себебі «оның таңдауы – балаларының болашағы» екенін көпбалалы ана жақсы түсінеді.
Авторлары: Риат Шони, Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков