«XXI ғасыр көшбасшысы»: жетістікке жеткендер

ХХІ ғасыр көшбасшысы – талай өренді шыңдап, білім көкжиегін кеңейтіп, болашаққа жол ашқан ерекше жоба. Аталған зияткерлік сайыста топ жарып, үздік болған жастар бүгінде түрлі салада жетістікке жетіп, өз жолдарын қалыптастырған. Соның бірі қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл бағдарламаға мен 2009 жылы іріктеуден өттім. Семей қаласында. Ол кездегі іріктеуде әлеуметтік желі жоқ. Бір Өскемендегі танысымнан естіп қаламын. Кейін Қазақстанның жан-жағынан 18 бала жиналды, әр аймағынан. Сөйтіп мен апталық, айлық ойын жеңімпазы болдым. Маусымдық ойынға дейін бардым. Бұл бағдарлама мен үшін үлкен жол ашты десем де болады. Себебі ой-өрісімді кеңейтті. Ойымды өзгертті көп нәрсеге.
Білім бәйгесі дарынды мектеп оқушыларын «Хабар» арнасының экранынан көрсетіп қана қоймай, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берді. Талайдың жолын ашып, келешекке жарқын үміт сыйлады. Алдымен қатысушы болып, кейін осы бағдарламаны бірнеше жыл тізгіндеген Дәулет Мұқаевтың cөзінше, бұл жоба өзін ғана емес, қатарластарын да ерекше қанаттандырыпты.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы бағдарламаға қатысқан әрбір бала ертеңгі күні Қазақстанның дамуына өзінің үлесін қосады. Қазақстанның әлемдік аренада рейтингін арттыруға қосады. Менің айтпағым, осы бағдарламаға қатысқан қаншама достарым бар. Тіпті Америкада да жүріп, жақсы жерде қызмет етіп жүрген көшбасшы таныстарым бар. Ертеңгі күні әрбір осы бағдарламаға қатысқан бала есейген кезде «Хабарға» рахметін айтады. Министрлікке, Үкіметке рақметін айтады. Себебі дарынды балалар шығып жатыр.
Бұл 20 жыл бұрынғы кадр. Зияткерлік сайыста бақ сынап, топ жарған Мерей Ермұханның да өміріне де 21 ғасыр көшбасшысы ерекше әсер етіпті. Бүгінде ол өзі де түрлі интеллектуалды ойындардың ұйымдастырушысына айналған. Айтуынша, бұл сол кездегі ойынға қатысудан туған идея.
Мерей Ермұханов, интеллектулды ойындар ұйымдастырушысы:
- «ХХІ ғасыр көшбасшысы» дегеніміз — адамның жалпы бала, сосын ересек болып қалыптасуы жолындағы бір үлкен естелік, бір үлкен құрал деуге де болады. Оған да тап болатын адамдар сол кезде көбіне жақсы оқитын, эрудициялы балалар еді ғой. Бірақ енді олардың өмір жолдары әртүрлі болады. Иә, «ХХІ ғасыр көшбасшысының» өзіндік бір ықпалы болды деп айтуға болады. Үлкен естелік, үлкен бір өзіңді дәлелдеуге, шыңдауға көмектескен саты деп айтсақ болады.
Көрермен көзайымына айналған зияткерлік сайыс – тек білім бәйгесі ғана емес, үлкен өмір алдындағы мектеп. Дүбірлі дода қатысушыларға кез келген салада үздік болып, жетістікке жетуге негіз болады.