«Жекпе-Жек Айтыс» аламаны басталады

  • 12
  • 11.09.2026, 18:40

Елдің өткенін таразылап, бүгіннің үдесінен шығатын «Жекпе-жек айтыстың» дүбірі қайта естілді. Алғашқы санында сынға түсетін Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілеп-алды. Қос ақын тарихтың тереңіне бойлап, Алтын Орданың елдік мұрадағы орнын сөзбен өрнектейді. Он жылға жуық үзілістен соң, үлкен додаға қайта оралған Бибігүл Тілеп-алды мен айтыс сахнасының ысылған жүйрігі Мақсат Аханов айтыс алдындағы әсерлерімен бөлісті.

Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілепалды тарих қойнауына сапар шегіп, «Алтын Орда – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі» деген тақырыпты тарқатады. Ұлы далада дәуірлеген Алтын Орданың елдік тарихымыздағы орнын, мемлекеттік сабақтастығын сөз етеді.

«Мынау отырған қауым көрерменнің тең жартысы дерлігі жеңімпаз Мақсат Ақанов болса екен» деп сонау басқа қалардан келіп, сіз үшін тілек тілеп, тілеулес болып жатқандар бар. Оларға қатысты не айтасыз?

Мақсат Аханов, ақын:

- Айналып кетейін, бала-шағаларының қызығын көрсін, сол дегендеріне жетсін. Бізге сол кісілердің жасын берсін!

 Бибігүл Тілепалдының да айтыс алды көңіл күйін сұрадық.

 Үлкен айтысқа қанша уақыт салып оралып жатырсыз?

 Бибігүл Тілепалды, ақын:

- 10 жылдай декреттік демалыста болдым. Оша қасында 2 бала тәрбие-тәлімімен айналысып, араға 10 жыл салып қайтадан ақырындап оралып отырмын.

Жанарбек Әшімжанов, ақын, журналист:

- Ең әуелі «Хабар» агенттігінің басшылығына, жобаның маңындағы азаматтарымызға алғыс айтқым келеді. Мемлекет басшысы негізі ұлттық өнерді дәріптеуге қатысты уәкілетті органдардың алдына нақты міндеттер қойды. Соның бірі деп есептеймін. «Жекпе-жек айтыс» экран арқылы жүріп жатқан ауқымды жоба.

Жүрсін Ерман, Қазақстанның  Халық жазушысы, ақын:

- Жекпе-жек айтыстың ерекшелігі бәрі жоғары деңгейде өтті. Бұдан басқа ерекшелік болмайды ғой. Алда сондай биік деңгейден көрінсін.

Сонымен, жекпе жек айтыстың жеребе қорытындысы бойынша: Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілепалды, Шалқарбай Ізбасар мен Мейірбек Сұлтанхан, Ұларбек Минатхан мен Жансая Мусина, Дидар Қами мен Біржан Байту, Бексұлтан Орынбасар мен Нұрбол Жауынбаев, Иранғайып Күзембаев пен Жұлдызбай Маратбекқызы, Аспанбек Шұғатай мен Арғынбек Қалбаев, Дәурен Ақсақалов пен Айым Асылбекқызы қарсылас атанды.

 Ал «Жекпе-жек» айтыстың алғашқы жұбы Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілепалдының айтысын 12 қыркүйек күні 14:30-да «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар!

Авторы:Сымбат Сағындық, Бағдат Қайыркен «Хабар»