«Жеңіске құрмет!» қайырымдылық шарасы Ізтұрған Өтесіновтің шаңырағында жалғасты
Ізтұрған Өтесінов – атақты ұшқыш Леонид Беданың ұшағын ұрысқа дайындаған білікті механик. Қаруластарымен бірге бірнеше қаланы жау қолынан азат етуге қатысқан батыр тұлға.
Құрметке бөленген қария «Хабар» агенттігінің сыйлығына ерекше қуанып қалды. Ізтұрған Өтесінов – кеудесінде қан майданның тарихы жатқан ардагер. Мына жарқыраған төсбелгілері көзсіз ерліктерінің естелігіндей. 17 жастағы бозбала үшін сұрапыл соғыс 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқастан басталады. Оқ бораған майданда жаумен арпалысқан қайсар жігіт 2 ай өткен соң жараланып, ауруханаға түседі.
Ізтұрған Өтесінов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Ұрысқа кірдік. Кіргесін атысып жатыр ғой енді. Оқ деген жауып тұр үстіңде. Сол жауып тұрған оқтың бірі тиді. Содан госпитальда болдым. Жазылған соң, самолеттің оқуын оқыдым.
Ізтұрған Өтесінов оқу бітірген соң қайтадан майдан даласына оралады. 75 гвардия авиациялық шабуылдаушы полкінің борт-механигі болып бекітіледі. Кеңес Одағының 2 мәрте батыры атанған ұшқыш Леонид Беда мінген ұшақты ұрысқа дайындайды. Атақты ұшқыштың әуеден жіберген тегеурінді шабуылдарында механик жігіттің де сіңірген еңбегі зор болатын.
Ізтұрған Өтесінов, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Заданиядан келсе, тек қатырып келеді ғой. Самолет деген біздің жанымыз, сол даярлаған адам дейді. Солар дұрыс даярласа, біз әруақытта тіріміз. Жеңіп, менің даярлаған самолетім заданиядан бітіріп келсе, сол менің еңбегім ғой. Мен жіберген самолеттар сондай жеңіспен келеді.
Ізтұрған Өтесінов – Қырым, Калининград, Севастополь қалаларын азат етуге қатысқан батыр аталарымыздың бірі. Соғыс аяқталған соң да үйіне оралудың сәті түспепді. Білікті ұшақ механигі 1951 жылға дейін Белоруссияда жас курсанттарды авиация саласына дайындайды. Туған жері Түркменстанға оралғаннан кейін шаңырақ көтеріп, 1969 жылы атажұртқа қоныс аударыпты. Көп жылдар бойы мұнай саласында инженер-механик болып елге қызмет еткен. Бүгінде бес баласынан 10 немере, 5 шөбере сүйген соғыс ардагерінің ерлікке толы өмірін ұрпақтары қашанда үлгі тұтады.
Авторлары: Мөлдір Мұсаева, Ренат Досалиев