Хабар телеарнасы

Ақтауда астан уланған оқушылардың жағдайы қалыпты

Мектепте уланып Ақтаудағы көпбейінді балалар ауруханасына түскен оқушылардың оннан астамы үйін шығуға дайын. Одан әрі олар амбулаторлық ем қабылдайды. Дәрігерлер таяуда жансақтау бөлімшесінен палатаға ауысқан екі баланың да жағдайы жақсы деп отыр. Олар келер аптада жақындарына оралуы мүмкін екенін айтады. Есіңізге сала кетейік, 6 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында 400-ден астам оқушы түскі астан соң өзін жайсыз сезінген. 98-і Ақтауға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Тағы 102 балаға жедел амбулаторлық көмек көрсетілді.

Гүлжан Ермекбаева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
-Егер балалардың жағдайы жақсы, тұрақты болса, асқынулар болмаса шығаруға дайынбыз. Емдеуші дәрігерлер қазір обход жүргізіп жатыр. Обходтан кейін белгілі болады. Меңгерушімен сөйлескенімде, 10-15 бала шығады деді. Себебі балалар анализ тапсырғаннан кейін сынама анализдерін күтеміз. Келген жағдайда әрі қарата үй жағдайында емдеуге жібереміз. Балалардың жалпы жағдайлары жаман емес.