Соғыс әндерін шырқайтын «Достық» хорына арнайы сыйлық табысталды
«Жеңіске құрмет!» шарасы аясында «Хабар» агенттігі бұл ұжымды да мерекемен құттықтап қайтты.
Зейнеткерлерден құралған «Достық» хорында 20 адам бар. Олардың әрқайсысы сұрапыл соғыстың қасіретін көрген жандар.
Бірінің әкесі, бірінің ағасы, ал енді бірінің бауыры Ұлы Отан соғысынан оралмаған.
Соғыс басталғанда дүниеге келген Светлана Курилова әкесін көрмеген де. Оның әкесі майданда хабарсыз кеткендер қатарында.
Николай Гулидов «мүгедек болса да, қан майданнан әкесі оралған балаларға қызыға қарайтын едім», - дейді. Ал хор жетекшісі Нелли Белоногованың әкесі соғыстан ауыр жарақаттанып оралған. Бірақ ол көп жасамапты.
Талдыбаева Алтынкүл апай болса, Ұлы Отан соғысына қатысып, Берлинге дейін барған атасының қолында өскенін айтады. Міне, сондықтан да бұл хордың орындауындағы әндер жүректі тебірентер сағынышқа толы.
Алтынгүл Талдыбаева, «Достық» хорының мүшесі
-Енді осы хорға келгеніме 5 жылдай болып қалды. Біздің енді айтатын әндеріміз дің 50-і қазақша, 50-і орысша әндер. Бүгінгі әндеріміз осы күнгі бейбіт өмірге жеткізген ардагерлерімізге арналады.
«Достық» хорының құрылғанына биыл 15 жыл. Олардың мамыр айында бос күні жоқ. Қариялар мектептерде, жоғарғы оқу орындарында және көптеген мекемелерде ән шырқайды.
Бірде олар сахналық киімдерінің ескіре бастағанын айтып қалған еді.
Нелли Белоногова, «Достық» хорының жетекшісі
-«Хабар» агенттігіне алғысымыз шексіз. Жеңістің 70 жылдығына орай бізге сыйлаған 100 мың теңгеге мерекеде сахнаға шығатын киімдерімізді жаңалайтын болдық.
Ардагерлер хорының арасында қиыр Шығыс майданына, одан кейін Отан соғысына қатысқан Михаил Савельев те бар. Ол әскерде жүргенде де ән айтқан екен, бүгін де ән айтқанды ұнатады.
Михаил Савельев, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Ән менің өмірім. Дайындыққа келсем болды, ауырғанымды ұмытып, өзімді жақсы сезінемін. Хор – менің емім.
Көпті көрген қариялардың орындауындағы әскери әндер тыңдарманды еріксіз баурап алады.
Раиса Ахметова, «Хабар» агенттігі» АҚ кәсіподақ ұйымының төрайымы
-Ардагерлердің әсем әндерін тыңдап, ерекше күйге бөлендік. Олармен бірге ән шырқап, би де биледік. Қарияларды осындай көңіл-күйде көрудің өзі керемет!
Авторлары: Алуа Маханбет, Ерлан Әбжанов