Алматылықтар «Автокөліксіз бір күн» челленджіне қолдау білдірді
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен «Автокөліксіз бір күн» челленджіне алматылықтар да қолдау білдірді. Шара «Birgemiz: Taza Alem» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бастама көліксіз жүріп, ауаның ластануы мен улы газдардың бөлінуін азайтуға сеп болуды көздейді. Ұйымдастырушылар жеке автокөліктің орнына қоғамдық көлікке мініп, велосипед теуіп, жаяу жүруге шақырды. Өкінішке қарай, табиғаты әсем Алматының жылдан-жылға ауасы ластанып барады. Ресми дерекке сүйенсек, Алматы көшелерінде тәулігіне миллионға жуық автокөлік қатынайды. Оның 600 мыңы осы қалада тіркелген. Тағы 400 мыңға жуығы қала маңындағы аудандардан келеді.