Хабар телеарнасы

Парадзюдошылар соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр

Парадзюдодан ұлттық құрама команда таяу күндері Париж Паралимпиадасына барады. Қазір спортшылар Алматы облысындағы даярлау орталығында соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Төртжылдықтың дүбірлі додасында он палуанымыз жүлдеге таласады.

Жарысқа түсетін күн жақындаған сайын күрес залындағы жаттығу қызу өтіп жатыр. Ел үіміті 48 келі салмақта белдесетін Ақмарал Мамытбекте. Ол бұған дейін екі рет әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Паразиада ойындарында да жеңіс тұғырына көтерілді.

Ақмарал Мамытбек, парадзюдодан екі дүркін әлем чемпионы:

- Жарыс жалпы деңгеймен айырмашылығы жоқ. Басқа әлем чемпионатынан қарағанда. Себебі дәл сол қарсыластар болады. Ең бастысы қазір бізге психологиялық тұрғыда дайын болу керек деп ойлаймын. Өзімді толықтай дайынмын деп санаймын.  

Сондай ақ 57 келі салмақта Альфия Тілекқабыл. 70 келіде Аяла Мереке, 70 келіден жоғары салмақта Зарина Раифова бақ сынайды. Ал  ерлер арасында 73 келіде Ерғали Шами, 90 келіде  Бауыржан Арыстанбеков, Ғалымжан Смағұл, аса ауыр салмақта  Ерлан Өтепов белдеседі.  

Жандос Қиянов, парадзюдодан ҚР құрама командасының бас бапкері:

- Біз ұлттық кұрама командамен кей жаттығу жиындарын бірге өткіземіз. Және біздің ұлттық құрама команданың Елдос батырдың және Ғұсманның жеңісі біздің командаға жігер беріп, сол батырлардың істегенін қайталауға тырысамыз.

Паралимпиада ойындарына Қазақстан  спорттың 9 түрінен қатысды. Ал дзюдошылардың жекпе-жектері 5-ші қыркүйекте басталады. 

А. Садуақас, М.Құдықбаев