Нұрым Нұрқадіров: Соғыстың салған зардабы мен жан жарасы әлі күнге жүрегімді сыздатады
Нұрым Нұрқадіров, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Бомбаның жаңағы осколкасы, сондай сондай болмаса, бізге мылтықтың оғы жоқ қой. Закрытый позиция қашықтан атамыз. Төрт мүше аман, ден сау, еш жерімізді сызған жоқ. Қасымызда жараланып жатты, осколкадан өліп жатты, көз көрді.
"Соғыстың салған зардабы мен жан жарасы әлі күнге жүрегімді сыздатады", - дейді өткен күнді ой елегінен өткізген ардагер. Украинаны, Чехославакияны, Венгрияны фашистік басқыншылардан азат еткен Нұрым ақсақал жеңіс көктемін Прагада қарсы алады. Бір үйден майданға аттанған үш ағайындының екеуі аман-есен туған жерге оралады. Колхоз жұмысына араласа жүріп отбасын құрып, үш ұл, екі қыздың әкесі атанады. Қазір Нұрым ақсақал берекелі әулеттің басшысы. Ұл-қызынан 12 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.
Гүлбақыт Қисықова, келіні
- Ол кісі біздің үйдің берекесі, төріміздің сәні деп айта аламын. Балаларына, немере-шөберелеріне ақылын айтып, батасын беріп отырады үйде.
Ербол Нұрымов, немересі
- Кішкентай кезімнен атам баққан. Арқасына көтеріп бақтым деп айтып отырады. Мектепке бірінші мені атам алып барған. Атам 100-ге келіп, шөбересін мектепке алып барсын деп жүрміз бәріміз.
«Өмірдің қиындығын да, қуанышын да теңдей көрдім», - дейді Нұрым ата. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты мен сыйлығын алған ардагер ризашылығын жасырмады.
Нұрым Нұрқадіров, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Елбасының елеп, екшеп осы халықты дұрыс алып жүруге орналастырғанына мың да бір рахмет айтамыз.
Нұрым ардагер бүгінде 93 жаста. Қимылы ширақ, ойы сергек ақсақалға жыл сайын Жеңіс мерекесіне куә болып жүре беріңіз демекпіз.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Манат Ешбай