«Хабар» телеарнасында «Тағы да сүй» деп аталатын жаңа телехикая көрерменге жол тартады
Махаббат, сезім сергелдеңі, сырға толы өмір. Жуырда «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «Тағы да сүй» телехикаясының оқиға желісі осылай өрбиді.
Телехикая сүйген қызы Асылдан қапыда көз жазып қалған Аянның тағдырымен басталады. Уақыт өте келе жан жарасынан арылған ол Мереймен бас қосады. Бірақ оған деген тағдырдың сыйы таусылмапты. Аян Асылды қайта жолықтырады. Бір қызығы, басты рөлде ойнайтын Шалқар Құдайберген – физика мамандығы бойынша білім алып жүрген студент. «Кинодағы тәжірибем өмірлік көзқарастарымның қалыптасуына әсер етті», – дейді ол.
Шалқар Құдайберген, студент:
- Өзімнің ойымды толық жетілдіре бастадым. Адамға деген сыйластығым, адамгершілігім, үлкенге деген құрметім, кішіге деген кішіпейілдігім арта бастады. Ең бастысы мен адамдардың арасында кішкене қысылатынмын. Бірақ осы рөлді сомдаған мені өзгертті. Себебі менің кейіпкерім ұяң адам емес. Ол барлық жерде ашық.
Фильмнің режиссері – көрерменге «Қария» телехикаясымен жақсы таныс Асхат Мұсабай. «Махаббат тақырыбын көрерменге жауыр болған уайым, қайғы арқылы емес, комедиялық жанрмен көрсеткім келді», – дейді ол. Ал әртүрлі локацияда түсірілген кадрлар көрерменге керемет әсер сыйлайды деген сенімде.
Асхат Мұсабай, режиссер:
- Жастардың махаббаты болғандықтан «Қызғалдақтар алаңына», әуе шарларын ұшыру, табиғатта, жаз болып тұрса да, қардың басына шығу, арқан жолдарымен жүру, өзен-көл, қайық, т.с.с. жастардың романтикалық атмосферасын барынша беруге тырыстық. Графика қолданып жатырмыз. Арнайы мамандар шақырттық. Көрерменнің көңілінен шығады деген ойымыз бар.
12 бөлімнен тұратын махаббат хикаясын көрермендер «Хабар телеарнасынан күзгі маусымда тамашалай алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон