Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасы «Үлкен үй» атты жаңа телехикая ұсынады

 «Хабар» телеарнасы көрермендеріне «Үлкен үй» атты жаңа хикая ұсынады. Қазір фильмнің түсірілімі жүріп жатыр. Телехикая 20 бөлімнен тұрады. Жанры – комедия. Оны аты айтып тұрғандай бүкіл отбасы болып көруге болады. Кино қазіргі қоғамдағы ең өзекті жемқорлық мәселесін қозғайды. Осы арқылы мейірімділік, адалдық, қайырымдылық, сияқты адами құндылықтарды насихаттайды.

Зәулім үй. Іші толған қымбат дүние-мүлік. Қос-қостан көлік. Осының бәрі Аман есімді шенеуніктікі. Әрине, мұның барлығы адал жолмен келмеген. Сөйтіп тексеріс басталады. Ал Аман болса, айласын асырып кеткісі келеді. Ойлана келе қайырымдылық жасаумен айналысып жүрген жанның кейпіне еніп, үйіне өмірде қиын жағдайға тап болған бірнеше адамды алып келеді. Телехикаяның желісі осы басты кейіпкер Аманның төңірегінде өрбиді. Оның рөлін Мәлік Әбдіраманов ойнайды.

Мәлік Әбдіраманов, кино актёрі:

- Үкіметтен алған ақшаға  осыларға қамқорлық көрсетіп жатырмын ғой. Мен қайырымдылық қорымен айналысып жатырмын. Мен бұл ақшаны өзіме емес, талай адамға көмектесіп жатырмын деген іс-әрекет бар.

Олардың арасында жалғызбасты ана, мүгедек жан, түрмеден енді босап шыққан адам және  маскүнем бар. Әрқайсының тағдыры әрқилы. Бірі өмірге соншама құштар, екіншісі қолдағы бары мен мүмкіндігін бағалай алмайды. Бірақ олардың әрқайсысы Аманның оң жолға түсуіне себеп болады.

Кенжебек Башаров, кино және театр актёрі:

- Жора есімді кейіпкерді сомдаймын. Ол - бұрынғы математик. Ішіп жүрген адамды кім жақсы көреді? Өзінің өмірі болмай қалғаннан кейін, математика саласында өзінің қызметін әрмен қарай дамыта алмағаннан кейін ол өмірдің жеңіл жағы осы шығар деп ішіп кетеді.

Жобаның идея авторы – Марат Оралғазин. Сценарийін бірнеше адам жазды. Телехикаяда Мәлік Әбдірамановпен бірге Әсел Акбарова, сондай-ақ Біржан Шөпбай мен Жалғас Елеусінов бой көрсетеді. Туынды режиссері Дәулет Бекмағамбетовтің айтуынша, жаңа телехикая қазіргі қоғам дерті - жемқорлықты қозғайды. Содан аулақ болуға шақырады. 

Дәулет Бекмағамбетов, режиссёр:

- Жемқорлық бір паразит қой. Жемқорлықпен күрес десе де болады. Бір көзбен қарағанда, жай бір әзіл сияқты. Негізінде үлкен зілі бар, мағынасы бар, мәні бар сондай бір жақсы жоба шығайын деп тұр.

Телехикаяның жанры – отбасылық комедия. Қалың көпшілікке арналған. Түсірілімі қыркүйектің соңына қарай аяқталады. Фильмнің соңы қандай? Ондағы басты кейіпкер Мәлік пен оның үйіне аяқасты тап болған бір топ жанның өмірінде қандай өзгеріс болады? Осының бәрін білгіңіз келсе, «Хабар» қосулы болсын!

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов