Хабар телеарнасы

Қазақстан ресейлік жанармайды елімізге тасымалдауға тыйым салмақ

Ресейден Қазақстанға жанармай тасымалдауға 3 ай мерзімге тыйым салу туралы құжаттың жобасы дайын. Ресейлік бензиннің тасымалданбауы біздегі бензин мен дизель отынының бағасына әсер ете ме?

Басты себеп елімізде мұнай өндірісі едәуір артқан. Яғни жанармай жеткілікті. Оған қоса бензиннің де, дизельдік отынның да қоры бар. Бағаның көтерілуіне ешқандай негіз жоқ. «Сондықтан қымбаттамайды», – дейді жауаптылар. Енді импортқа тәуелді болмай, керісінше қазақстандық бензинді экспортқа шығару жоспарда бар. Бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов осындай ақпарат жеткізді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- 2017 жылдың соңында бензин бағасы 160 теңгеден жоғары болды. Ал мұнай өңдеу зауыттары жаңарғаннан кейін баға қазір 153-155 теңгеге түсті. Одан қымбаттауға еш негіз жоқ. Үш ай теміржол арқылы тасымалдауға тыйым салу арқылы өзіміздегі өндірілген бензинді нақты бақылауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қазақстандық бензинді Қырғызстан мен Өзбекстанға экспорттауды қарастырудамыз.

Қазақстан жанармай мен мұнай өндірісін арттырғаны туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі де ресми мәлімдеп отыр. Жариялаған ақпараттарында 2018 жылы өнеркәсіптік өндірістің индексі 104,1% екені жазылған. Еліміздің барлық өңірінде өсім байқалады. Нақтылап айтсақ, мұнай мен газ конденсатын қосқанда 90,4 млн тонна өндірілген. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 104,8%-ке жоғары. Бензин 2017 жылдағыдан 129,8% артық өндірілген, яғни – 4 млн тонна. Ал дизельдік отын 2018 жылы 4,7 млн тонна өндірілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылғымен салыстырғанда 107,4%-ға жоғары. Қазақстан мұнай-газ саласына қызмет көрсету компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов Қазақстанда бір жылдық мұнай өндірісін 125 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар екенін айтты.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-газ саласына қызмет көрсету компаниялар одағының төрағасы:

- Қазақстан халқын қамтамасыз ету үшін 15 млн тонна шикізат мұнай ретінде қажет болатын болса, үш зауыт 18 млн тонна мұнайды еш қиналмай өңдеп бере алады. Оның сыртында ұсақ-түйек өңдейтін зауыттар бар. Олар 1 млн тоннаның үстінде өндіреді. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары 25 млн тонна өндірсек, ендігі мемлекеттің алдына қойған мақсаты – 125 млн тонна.

«Ол межеге жету үшін алпауыт кен орындарынан өзге, өңірлердегі кен қойнаулары жаңару керек», – дейді. Сонымен ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов еліміздегі жанар-жағармай отындарының сапасы Евро-4 стандартына сай екенін, бензин бағасы ТМД елдері арасында ең төмен екенін айтты. Сондықтан көршілес елдерден сұраныс бар екенін айтты. Алайда ең бірінші ішкі нарықты өтеуіміз керек.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Көршілес Ресейде және Қырғызстанда бензин бағасы 220 теңгеден асады. Бізбен салыстырғанда едәуір айырмашылық бар. Бұдан бөлек Қазақстан территориясынан дизельдік отынды шығаруға тыйым салуды да қарастырып жатырмыз. Өйткені ең біріншіден дизельдік отын көктемгі егін жұмыстарына қажет. Яғни жеке көлік жүргізушілерден бөлек, еліміздегі ірі шаруалар дизель отынынан тарықпау керек.

Болат Ақшолақов алдағы уақытта бензин де, дизель отыны да қымбаттамайтынына сендірді. Өйткені тапшылық жоқ, демек, бағаны өзгертуге де негіз жоқ. «Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның қара алтыны Қазақстан халқына жеткілікті», – деді.

Авторы: Айбар Төлжанұлы