Қазақстандық ғалымдар өнімділігі жоғары бидайдың жаңа түрін шығарды
3 жыл бойы сынақтан өткізген алтын дән мол ризық берді. Қатты жаздық бидай сұрпы «Дамсинская 2017» деп аталады.
Риат Шони, тілші:
- Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары үш жылдық еңбектерінің жемісін көрді. 1 095 күн бойы жүргізген сынақтардың нәтижесінде 1 гектардан 46,5 центнер өнімділік беретін бидайдың жаңа сұрпын шығарды.
Бараев орталығының мамандары бидайдың әр масағынан түскен дәнді мұқият тексереді. Түрлі зиянкестерден және таралатын өсімдік ауруларының таралмауын қадағалайды.
Татьяна Жигула, А.Бараев атындағы АШҒӨ орталығы зертханасының аға қызметкері:
- Әр бидайдың 25-30 шақты масағын жинаймыз. Кейін арасынан таңдап, сынама жасаймыз. Барлығын бір лентаға салып, нөмірлейміз. Ары қарай сынамалар алып, қай сорттың өнімділігі жоғары екендігін тексереміз.
Орталық ғалымдары шығарған «Дамсинская 2017» сұрыпты дәні әр гектарынан 46,5 центнер өнім берді. Жаңа сұрыптың өзгелерінен ерекшелігі – төзімділігі жоғары. Қатты жаздық бидайдан макарон, кондитерлік өнімдер өндіруге болады.
Руслан Жылқыбаев, А.Бараев атындағы АШҒӨ орталығы қатты бидай зертханасының меңгерушісі:
- Масағы – 1,20 метр. Сары түсті болып келеді. Масағының ұзындығы 12 см. Экологиялық сұрыптық сынақты тек Солтүстік Қазақстанда жасадық. Яғни бұл нақты Солтүстік Қазақстанға арналған.
Жалпы елімізде 450 мың гектар алқапқа қатты бидай егіледі екен. Оның 40%-ы Бараев институтына тиесілі. Мамандардың айтуынша, ең көп дән Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысында себіледі. Ендігі жоспар – Қостанай аймағында қатты бидай сортын көбейту.
Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров