«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы ұстаздар қауымы арасында қызу талқылануда
Бүгінде құжат ұстаздар қауымы арасында қызу талқылануда. Заң жобасында қандай жаңалықтар бар? Мұғалімдердің ұсынысы қаншалықты ескерілген?
Ұстаз болу – Толқын Батырбайқызының бала күнгі арманы. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуды бақытына балайды. 8 жылдық еңбек өтілі бар. Кейінгі уақытта мектеп түлектерінің мұғалімдіктен гөрі табысы мол кәсіпті таңдауы оны қынжылтатын. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының қабылдануы жас буын мен бүгінгі қоғам көзқарасын өзгертеді деген сенімде.
Толқын Бейсекова, №66 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Бұл заң жобасы мұғалімдердің құқықтық мәртебесін арттыруға, сонымен қатар әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Ондағы педагогтің ар-намысының сақталуы және қағазбастылықтан арылу. Бұл – өте қуантарлық жағдай.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған 40 жылдық еңбек өтілі бар ақтаулық ұстаз Сәнімхан Бектұрғанқызы да заң жобасы салаға көптеген өзгеріс енгізеді деп үміттенеді. «Құжат қабылданған соң, білім беру саласында дамудың жаңа кезеңі басталады», – дейді маман.
Сәнімхан Қоразова, Мамандандырылған экономика лицейінің мұғалімі:
- Жастар аз келеді ғой мұғалімдік оқуға. Оқып жүрген студенттерге төменгі, яғни жалақы мөлшерінде стипендия беріледі. Осы қатты ұнап тұр.
Заң жобасы ұстаздар қауымы арасында қызу талқыланып жатыр. Осы күнге дейін сала мамандарынан 10 мыңға жуық ұсыныс түсіп, олардың дені құжат дайындауда ескерілген. Көпшілікті елең еткізген басты жаңалық: болашақта ұстаздар 30 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығуы мүмкін. Сонымен қатар мұғалімнің жалақысы артып, жас мамандарға қызметтік баспана берілмек. Игі бастамалар мұнымен шектелмейді.
Айман Дүйсенбаева, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы:
- Еңбек демалысына шыққанда бір лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы төленетін. Ағылшын тілінде сабақ беретіндерге 35 мыңнан қосылады. Жаңа жүйедегі аттестаттаудан қыркүйек айынан өтіп жатыр. Сол мұғалімдер 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстеме ақы алып жатыр.
Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:
- Ұстазға жүктелген қосымша жұмыстарға төленетін қаржы көлемі де артпақ. Мәселен, мұғалім дәптер тексергені үшін 3,5 мың қосымша ақы алса, енді бұл төлем 3 есеге өседі. Ал сынып жетекшілеріне төленетін 4,4 теңге 12 мыңға ұлғайтылмақ. Бүгінде мектептерге электронды күнделік енгізілгендіктен, педагог қағазбастылықтан арылып, қоғамдық жұмыстардан босатылады.
Ал ұстазды қоғамдық жұмысқа тартқандар 24 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін екенін айта кеткен жөн. Бүгінде мұғалім мамандығы қадірін жоғалтуға шақ қалғаны жасырын емес. Мұғалімді сыйламау, былапыт сөздер айту жағдайлары жиілеген.
Онысын интернет арқылы жарыса жариялайтындар бар. Жаңа заңда мұғалімнің ар-намысына келетін сөз айтқандарға да жаза қарастырылған. Айыппұл мөлшері 7 мыңнан жоғары.
Жалпы құжат 6 тарау, 21 баптан тұрады. Заң жобасын мұғалімдерден құралған арнайы комиссия әзірлеген. Ақпан айының басында Мәжіліске, содан кейін Сенат депутаттарының қарауына ұсынылады. Биыл қабылданатын құжат педагог тұғырын белгілеп, өмірін өзгертпек.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Гүлмира Әбішева, Әлібек Әлиев