Сюжеттер

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының активімен кездесті

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының активімен кездесті

Елорданың тізгінін енді ғана қолына алған Алтай Көлгіновке Мемлекет басшысы бірнеше тапсырма жүктеді.

Бас қаланың басшысы ең әуелі жұмыссыздық мәселесін шешуі керек. Бүгінде елордада екі қолға бір күрек таппай жүргендер көп. Соларды еңбекпен қамту – басты міндет. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту керек. Жастарға өз жобаларын сәтті жүзеге асыруға жергілікті билік ықпалдасуы тиіс.

Елорданың екпіні күшті. Небәрі 20 жылда еңсе түзеп, кескін-келбетін қалыптастыра білді. Өндіріс көлемі 6 трлн теңгеге жуықтады. Қала халқының саны да осы аралықта 3 есеге көбейді. Алып шаһардың асу асқаны анық. Бірақ қордаланған жайттары да жоқ емес. Елорда активімен кездескен Мемлекет басшысы солардың бір сыпырасын тізіп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілетін болады. Жақын күндері тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шешім қабылданады. Бұл үдерістерден астанамыз қалыс қалмауы керек. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде алдыңғы қатарда жүруі қажет.

Бас қала болған соң, өзге өңірлерден келетіндер көп. Бірақ барлығын бірдей қызметпен қамту мүмкін емес. Мемлекет басшысы ең әуелі осы түйткілді шешу керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ол үшін шағын және орта бизнесті дамытқан абзал», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қалада қолайлы бизнес орта қалыптастыру керек. Жастар өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс. Жергілікті билік әскерлермен етене жақын жұмыс істеуі қажет. Бизнес дамыса, қосымша жұмыс орындары құрылады.

Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің кейбірі енжар екені анық. Олар атаулы әлеуметтік көмекке иек артып, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны талғажап қана жүр. Президент бұлай күн көруге болмайтынын атап өтті. Әр адам еңбек етіп, адал табыс табуға ұмтылуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге әлеуметтік көмекке шын мұқтаж жандардың кім екенін түсіну керек. Егер еңбек етуге қауқары келмейтіндер болса, оларды мемлекет тарапынан қолдау қажет. Ал қызметке жарамды жандарды жұмыспен қамтуымыз тиіс. Олар берілетін жәрдемақыларды табыс көзі ретінде пайдаланбауы тиіс.

Елордада тұрғын үй мәселесі де өзекті. Баспана салынарда әлеуметтік нысандардың жақын маңда болуы ескерілуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осыны қаперден шығармау қажет», – деді. Қазір қалада бөбекжай кезегінде тұрғандар көп, үш ауысыммен оқытатын мектептер де бар. Президент көпті толғандырған осы мәселені дереу шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жергілікті билік тұрғындармен санасуы керек. Бұқараның базынасына құлақ асуы қажет. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының медициналық туризм орталығы болуына барлық мүмкіндігі бар. Өзге өңірлерден келіп, елордада ем қабылдап жатқандар көп. Сондықтан медицинаның сапасын арттырып, оның қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Бас қалада қарақұрым қарашаның қытығына тиген тағы бір жайт бар. Былтыр күзде құдықтар ашық қалып, бірнеше баланың мерт болғанын ел ұмытпады. Президент мұны масқаралыққа балады.

Нұр-Сұлтан қаласын осыған дейін Бақыт Сұлтанов басқарып келді. Көп емес, небәрі жарты жылдан енді асты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы әкімге алғыс айтып, істеген жұмысына жоғары бағасын берді. Сөйтіп Алтай Көлгіновті көпшілікке таныстырды. Осыған дейін батыс аймақтың тізгінін ұстаған ол енді бас қаланы басқармақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Ол – ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман. БҚО-да бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болды. Оның білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадым.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, әріптестер, қадірменді елорда тұрғындары! Мен үшін Елбасымыз негізін қалаған елорда әкімі болу – үлкен абырой және үлкен жауапкершілік.

Жаңа басшыға осындай міндеттер жүктеген Президент тапсырмалардың уақытылы орындалуын жіті қадағалайтынын жеткізді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы