Хабар телеарнасы

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қол қойды

Бүгін Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заңға қол қойды.  Бұл көпшіліктің қалауы болды. 154 мыңнан астам қазақстандық отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату үшін онлайн петицияға қол қойған. Сонымен не өзгерді? Әйел мен бала енді қалай қорғалады?

11 жыл бойы күйеуінен тепкі көріп келген Аннаның бұл жолы төзімі таусылған. Ол ұят та болса әлеуметтік-психологиялық орталығынан көмек сұраған.

Анна, Өскемен қаласының тұрғыны:
-Иә, менің шыдамым таусылды. Бұл жерге көмек сұрап келдім. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қалыпты жағдай емес екенін ұғындырып, мәселені шешу жолдарын көрсетіп отыр. Ал біз әйелдер қауымы көп жағдайда өз құқығымызды білмейтініміз рас.

Бұрыңғы заң аясында Аллаға қол көтерген күйеуі әкімшілік жазаға тартылып, 15 тәулікке қамалатын еді. Ал жаңа заңда ондай мүмкіндік жоқ. Енді біреудің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендердің өзі 50 тәуілікке дейін қамауға алынады. Ал жарақаты ауыр болса 3-тен 8 жылға дейін сотталады. Айта кетейік, өткен жылы отбасылық жанжал кесірінен 100 кісі өлімі тіркелген. Сондықтан да қол көтеру дегеніміз енді әкімшілік емес, қылмыстық жаза болып өзгертілді.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
-Бұл түзетулер отбасыларға көмек көрсететін және зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тиісті жүйесін қалыптастырады және екіншіден жазаны қатаңдату бойынша өте маңызды, себебі бұл нормалар зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырады.

Сондай-ақ жаңа заңның нормасына сәйкес, әйел және бала құқығын қорғау үшін енді жергілікті жерлерде «Қолдау орталықтары» ашылады.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Олардың баратын жері жоқ, жаңағы зорлық-зомбылық көрсеткен адамның қасында қалу мүмкін емес. Сонда қайда барамын деп, бала-шағасын көтеріп алған азаматшалар үшін қолданылады ғой. Яғни бұл жерде психологиялық көмек көрсетеді. Сонымен басқа-басқа мүмкіндігі бар көмектерді көрсетеді. Әрі қарай оның жолын қойып береді. 

Сонымен Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары қарастырылды. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Қысқа қайырғанда, әйел мен баланың, яғни әлсіздердің қорғаны күшейді.

Авторы: Алуа Маханбет