Елімізде фастфуд жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған жедел әзірленетін тағам, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майдың мөлшері асқан басқа да өнімдердің жарнамасына шектеу қою бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі.
Жалпы дерекке сүйенсек, бүгінде еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сараптауынша, әлемдегі мезгілсіз өлімнің 80% 4 негізгі қауіптен тұрады. Оның ішінде физикалық белсенділіктің төмендеуі мен дұрыс тамақтанбау көш бастап тұр. Ғалам дабыл қағып отырған мәселеге еліміз де алаңдаушылық танытып отыр. Түнеукүні ел Президенті мәселенің алдын алу үшін Үкіметке тиісті шара қолдануды тапсырған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл өте күрделі мәселе, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет ең алдымен балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманы мұқият зерделеуі керек.
Мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі теледидар мен әлеуметтік желілерде таңғы 6-дан кешкі 9-ға дейін фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант пен тұз бар басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу туралы ұсыныстар әзірледі. Заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып дайындалды. Зерттеу деректеріне сәйкес 6–9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық салмақ бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Гауһар Бисарина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:
- Біздің басты мақсатымыз – балалардың денсаулығын қорғау және оларды кішкентайынан дұрыс тамақтануға үйрету, оларды бейімдеу. Бұл дегенміз дүкен сөрелерінде тәтті сусындарды сатуға шектеу қою емес, жарнамалардың шектеуін ұсынып отырмыз. Жарнамалауды шектеу арқылы семіздікті төмендетеміз деп үміттенеміз.
Сондай-ақ, мамандар өңірлерге профилактикалық жұмысты күшейту және балалар мен ата-аналарға дұрыс тамақтану қағидалары туралы ақпарат беруді арттыруды тапсырды.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Фастфуд құрамындағы бояғыш, дәмдеуіштер бір дәмін татқан жанды бас тарта алмайтын жағдайға жеткізеді. Алайда бауыр мен жүрекке, қан тамырларына май болып жиналады. Мамандар мұндай өнімдерді үздіксіз тұтыну семіздік, гипертония, гастрит, инфаркт сынды аурулармен қатар, қатерлі ісікті де дамытады деп отыр. Ендеше, ұрпақ саулығын ойлаймыз десек жедел дайындалатын тағамдарды тұтынудан бас тартуымыз абзал.
Авторы:Құралай Жұмахан, Аян Сәрсенбаев