Сюжеттер

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа автожол ашылды

Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа автожол ашылды

Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолы ашылды.

Салтанатты шараға екі елдің премьер-министрлері Асқар Мамин мен Абдулла Әріпов қатысып, жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Ұзындығы 80 шақырым болатын көлік дәлізі Қазақстан мен Өзбекстанның транзиттік әлеуетінің арттырып, арадағы сауда айналымының өсуіне ықпал етпек. Асқар Мамин Маңғыстау облысына жасаған сапары аясында жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен мәдени, туристік нысандардың құрылысын аралап, аймақтағы «жасыл» экономиканың дамуымен танысты.

Салынған жол – Ташкент-Бейнеу-Атырау-Астрахань бағытын жалғайтын халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі. Автожол жаңартылған соң мұндағы орташа жол жүру жылдамдығы 50-ден 100 шақырымға артты. Енді бұл жолмен тәулігіне 7 мың көлікке дейін жүріп өтетін болады.

Жаңа жол – Орталық Азия елдері тауарларын Ресей мен Кавказға, одан әрі қарай Еуропаға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік беретін ең қысқа жол. Сондай-ақ Құрық порты арқылы көлік транзитін ұлғайтуға ықпал етеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Осы жолдың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамуының және достықтың символы болып табылады. Оның негізін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеёв қалаған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сыртқы саясатын сабақтастық негізінде жалғастырып, Өзбекстанмен қарым-қатынастардың дамуына ерекше көңіл бөлуде. Осы ретте ағымдағы жылдың сәуір айында Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары екіжақты әріптестіктің дамуына қосымша серпін берді.

«Жыл басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 20% өсіп, 1 млрд АҚШ долларына жеткен. Ашылған жол алыс-беріс пен барыс-келістің еселене түсуіне мүмкіндік береді», – дейді Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Әріпов.

Абдулла Әріпов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі:

- Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас сапалы жаңа деңгейге шықты, нақты істермен толықтырылды. Қысқа мерзімде біз жоғары көрсеткіштерге жеттік, біріккен ірі жобаларды іске асыруға көштік. Біздің жетістігіміздің негізі мемлекет басшыларының бастауымен іске асып жатқан экономикалық мүмкіндіктерді тиімді қолдану және мәдени-гуманитарлы ортадағы үлкен әлеует, соның ішінде Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясындағы іс-шаралар екені сөзсіз. Жаңа жол екі дос мемлекетке ұзақ қызмет ететініне сенімдімін.

Үкімет басшысы аймаққа жасаған сапары аясында уран қалдықтары сақталған Қошқар ата улы көлін залалсыздандыру жобасымен танысты. Экологиялық қауіпті аймақты тұтастай жою үшін 17,6 млрд теңге қажет. Сондай-ақ теңіз суын тұщытып отырған зауыт пен Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталығының құрылысын аралады. Биыл 80 жылдығы тойланатын заңғар жазушының орталығы келер жылы пайдалануға беріледі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев