Парламент әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысуы туралы Президент Жолдауын мақұлдады
Бүгін Парламент қазақстандық әскерилердің БҰҰ миссияларына қатысуы туралы Президент Жолдауын мақұлдады. 400-ден астам әскери Қазақстанның тұңғыш дербес контингенті құрамында шетелдерде бітімгершілік миссиясын атқарады. Алғашқы 139 офицер наурыз айында Таяу Шығысқа аттанбақ. Олар онда әскери қақтығыс маңайындағы елдімекендерді күзетіп, төңіректі жарылғыш заттардан тазартуға атсалысады.
«Әдетте Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдауға жиналатын қос палата бүгін Президентсіз бас қосты. Бірақ бұл да өте маңызды жиын. Себебі олар Тоқаевтың қазақ әскерін шетелдерге бітімгершілік операциясына жіберу жайлы ұсынысын талқылайды.
Парламент отырыстарында емін-еркін отыратын депутаттар бүгін елең-алаң. Әлемдегі қақтығыс аумақтарына баратын қазақ әскері үшін уайымдап отырғаны көздерінен-ақ көрініп тұр. Бітімгершілік операциясының маңызы мен міндетін баяндаған Қорғаныс министрін олар бір деммен тыңдады.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
-Контингентті миссияға жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді. Геосаяси шиеленіс жағдайында өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнетін сын-қатер пайда болады. Әскер даярлығын нығайту және қазіргі заманғы қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе алу өзекті.
Осылай деген министр біздің жігіттердің соғыс алаңына емес, елдімекендердің тыныштығына, БҰҰ ғимараттарын күзетуге жұмылдыратынын айтады. Мұндай миссия бұған дейін де болған. Мәселен, 2014 жылы Африкада, ал 2017 жылы Ливанда қазақ әскері бітімгершілік міндетін атқарды. Министрге бірнеше сауал қойып, мәселені жан-жақты талқылаған депутаттар Президент ұсынысын бірауыздан қолдап, 430 әскериді контингент құрамына қосатын болып шешті.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл – буферлік зона. Екі жақтан анда-санда атқылайды. Бірақ біздің алдымызда бір жыл бойы ирландтық контингент тұрды. Ешбір адам қайтыс болған жоқ.
Бітімгершілік миссиясының құрамына тек офицерлер қосылады. Яғни мұндай операцияларға қатардағы сарбаздар бармайды. «Ал шетелдерде қызмет ететін әскерилер БҰҰ тарапынан 1400 доллар шамасында еңбекақы алса, Қазақстаннан 3 еселенген айлық жалақы төленеді. Тамақтан да тарықпайды»,— дейді министр.
Бұл жолғы миссияның ерекшелігі: Қазақстан бұрын жалпы БҰҰ құрамында қызмет атқарса, осы жолы өзіміздің көк байрағымызды көтеріп, дербес ел ретінде бітімгершілік міндетін өтейді. Ал алғашқы 139 адамның сапында 7 әйел адам бар.
Ал қазақ әскері Таяу Шығыстағы Голан биіктері деп аталатын даулы аймақта Фауар атты лагерьде орналасады. Бұл Ливан, Сирия және Израиль елдерімен шектесетін жер. Біздің әскерилер онда 1 жыл бойы жүреді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин