Тарихи тақырыпты арқау еткен туынды
Мәселен, өткен жылы «Хабар» арнасы оннан аса жаңа туынды көрсетіпті. Осы жылғы эфирін де әлеуметтік маңызы бар жаңа жобалармен бастады. Солардың бірі – Отанын аңсап, елін іздеген қазақ баласының талайлы тағдыры туралы баяндайтын «Тасөткел» тарихи драмасы. 12 бөлімнен тұратын картина көрермен назарына ұсынылып, оң бағасын алып үлгерді.
«Тасөткел» фильмін көріп шықтым. Маған ұнады, өйткені мен үшін қызықты тақырып. 1992 жылдан бастап 25 жыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары болып жұмыс істедім. Сондықтан кейіпкерлердің бәрін білемін деуге болады. 1993-1995 жылдары Түркияға барып, біздің Аралдың бойынан шыққан ағайындардың 300 үйін көшіріп әкелген едік. Олар Қызылордадан шығып, Ауған асып, соғыс басталғаннан кейін Түркияға өткен. Сондықтан осы мәселелерді білетін адам ретінде айтарым өте дұрыс қолға алынған жоба.
Фильмнің түсірілім тобы жастардан құралған екен. Жас буын тақырыпты жақсы игерген. Кино басында Түркиядан басталады, кейін Арал, Ауғанстанды бейнелеген, сол кезеңдердегі жағдайды көрсету үшін аталмыш аймақтарға баруға қаржы бөлінгені қуантты» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев. 1993 жылы Түркиядан Қазақстанға алғаш көшіп келген қазақ ағайындардың бірі – Зейнел Абидин Рүстемұлы. Қазір Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында тұрады. Төрт ұл, екі қыз өсірген қария бүгінде зейнеткер. Оның айтуынша, фильмде көрсетілген оқиғалардың барлығы рас. «Телехикаядағы жағдайдың бәрі бастан өткерген тағдырымызға жақын. 1929 жылдары Ауғанстанға барғандар басында қиыншылық көрген. Себебі біздің қазақ мал баққан ғой, ол елді, халқын білмейді, сауда жасау қолдарынан келмеген. Бертін келе кәсібін меңгеріп, кілем тоқып, етік тігіп, күндерін көре бастаған. Дегенмен, қанша қиыншылық көрседе ешқашан ұрлық жасаған емес.Түркияға жетудің өзі де ауыртпашылыққа толы болған. Орыстардың оғынан қашып, ұзақ жолды көтере алмай өлгендер де болды. Әрине, Түркияда жағдайымыз жақсы, дегенмен туған елімізге қайтқымыз келді. Содан Қазақстан Тәуеліздігін алған соң Отанымызға оралуды ойладық» дейді қария.
Естеріңізге сала кетейік, «Хабар» арнасында көрсетілген «Тасөткел» телехикаясында 1930 жылдары жат жұртты паналап, босып кеткен халқымыздың тағдыры суреттеледі. Оқиға желісі бойынша жолда ата-анасынан айырылған Қасым есімді кішкентай бала Ауғанстанға жалғыз жетіп, сол жақта шебердің қолында өседі. Қолынан өнер тамған ұста, мылтық құрастырудың хас шебері ауғандық генералдың көзіне түсіп, оның сенімді адамы болады. Алайда саяси тұрақсыздық кезінде генералға қастандық жасалып, бас кейіпкеріміз Түркияда бой тасалауға мәжбүр болады. Ол жақта да қол өнерінің арқасында тері цехын ашып, ауқатты кәсіпкерге айналады. Тағдыр жолы қиын болып, өзінің кім екенін, қайдан шыққанын ұмытып қалған Қасым егде тартқан шағында қасиетті қара домбыраның үнін естіп, балалығы мен қазақтың дарқан даласын есіне түсіреді. Солай Қазақстанға оралады.
Фильмнің режиссері Бақыттас Санитас, продюсері Мұрат Бидосов, ал сценарийін жас жазушы Сержан Закерұлы жазған.Көрермен телетуындыны «Хабар» арнасының ресми сайтынан немесе «YouTube» әлеуметтік желісінен қарай алады.
Авторы: Гүлнұр Досболова
Ақпарат көзі: «Ана тілі» газеті http://anatili.kazgazeta.kz/?p=469