«Хабар» телеарнасына «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы қайта оралады
Күзгі маусымнан бастап «Хабар» телеарнасында Британияның ең танымал жобаларының бірі «Миллион кімге бұйырады?» эфирге қайта шығады. Бұл жолы қазақ тілінде жарық көретін бағдарламаны белгілі журналист һәм тележүргізуші Досымбек Өтеғалиев жүргізеді. Ол 2001-2004 жылдары «Хабар» телеарнасында Зейін Әліпбек, Айгүл Мүкей, Марат Мұхамедсалиев сынды жаңалықтар жүргізген.
Алғаш рет интеллектуалдық шоудың қазақ тіліндегі нұсқасы 2004 жылы «Хабар» арнасынан көрсетіле бастады. Екі жылда бағдарламаға мыңдаған адам қатысып, білімін сынап көрген болатын.
Сол кезде ойынның жүлде қоры 5 миллион теңге болса, қазір екі есе, яғни 10 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар «күймейтін» қаржы қоры да өсті, бірінші «күймейтін» қаржыда қатысушы 20 мың теңгеге ие болады.
Ал екінші «күймейтін» қаржы 300 мың теңгеге жетті. Өзгермеген бір нәрсе, бұл – ойын ережесі. Студияға келген 10 адамнан 1 ойыншы таңдалып, 15 сұраққа дұрыс жауап берсе, «миллионер» атанады.
Бағдарламаға 18 жасқа толған кез келген азамат қатыса алады. Шарттары да оңай. «К1» мәтінін 3698 нөміріне жіберсеңіз жеткілікті.
Олар тіркеліп, түсірілім басталғанға бірнеше апта қалғанда генератордың көмегімен таңдалады.
«Ойынның ерекшелігі студияда бір ғана ойыншы болады және оның 15 сұраққа қанша уақытта жауап беретіні маңызды емес, яғни ойлануға уақыты бар. Сонымен қатар «досынан көмек», «елу де елу» және «көрермендер көмегі» сынды жеңілдіктер де қарастырылған. Егер сұрақ қойылып, жауабына сенімді болмаса, кез келген уақытта ойынды тоқтатып, ұтысын алып кете алады», – дейді «Хабар» телеарнасы Бағдарламалар директоры Айкүміс Сексенбаева.
Бағдарламаның түпнұсқасы тұңғыш рет 1998 жылы «ITV» телеарнасында жарық көрді. Сол уақыттан бері жоба әлемнің 160-тан аса елінде көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.
Олай болса қыркүйектен бастап әр сенбі сағат 20:00-де «Хабар» телеарнасынан «Миллион кімге бұйырады?» ойынын тамашалаңыздар!
Ақпарат көзі: nur.kz (27:08:2018 жыл)