«Хабар» арнасы Димаш Құдайбергеннің Дубайдағы концертін көрсетеді
Күллі әлемді ғажайып дауысымен таңғалдырып жүрген орындаушының ән кеші Дубайдағы әйгілі «Coca-Cola Arena» кешенінде өтті.
Қазіргі уақытта медиахолдинг шоуды тарату құқығы бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді шешумен айналысуда. Бұл туралы «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Берік Уәли өзінің Instagram-парақшасында мәлімдеді.
Айта кетерлігі, осы көктемде «Хабар» арнасы көрерменге жаңа бағдарламалар мен сүйікті жобалардың ерекше форматтағы шығарылымдарын ұсынды.
Мысалы, «Журналистік зерттеу бөлімі» бағдарламасы енді ток-шоу форматына көшті. Енді эфирге қонақ ретінде жоғары лауазымды шенеуніктер, сарапшылар мен журналистер шақырылады.
Сенбі күндері көрермен «Маска» шоуының жаңа шығарылымдарын тамашалай алады. Естеріңізге сала кетейік, бұл – жобаның екінші маусымы. Арнайы тігілген костюмдердің ішінде күтпеген қатысушылар өнер көрсетуде.
Көктемгі телевизиялық маусымда «Хабар» арнасында «Ерекше бақылауда», «Негізінде», «Басқа тақырып» сияқты жаңа бағдарламалар эфирге шықты.
Әр дүйсенбі және сейсенбі күндері сағат 20:35-те «Ерекше бақылауда» бағдарламасы көрерменге жол тартады. Жобаның жүргізушілері – Нұрболат Үсен және Әмір Саменбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапты органдарға жүктеген тапсырмалары қалай орындалып жатқанын талқыға салады.
Ал «Негізінде» жобасы – әр күннің ең өзекті оқиғаларын талдауға бағытталған бағдарлама. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 21:30-да «Хабар» телеарнасында Бірлік Нұрмашев пен Әділхан Сахари көрерменмен бірге маңызды мәселелерді ортаға салады.
«Басқа тақырып» бағдарламасы – жаңа форматтағы тың жоба. «Хабар» телеарнасының эфирінде әр дүйсенбі және сейсенбі күндері сағат 20:45-те әлеуметтік желілерде талқыланатын ең өзекті тақырыптар көтеріледі.