Берік УӘЛИ, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы: Отандық телехикаялардың өз көрермені қалыптасты
Қазір отандық телехикаялардың өз көрермені қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттің қолдауымен отандық сериалдар индустриясы саласында барлық талапқа жауап беретін сапалы туындылар түсіріліп, көрермен назарына ұсынылып жатыр.
Отандық сериалдар тарихы «Тоғысқан тағдырлар»/«Перекресток»-тан басталады. 465 бөлімді бұл сериал «Хабар» агенттігінің тапсырысымен 1995–2000 жылдары түсірілген еді. Оған дейін тек Латын Америкасының сериалдарын тамашалап келген көрермен «Тоғысқан тағдырларды» ыстық ықыласпен қарсы алды. Әр бөлімін асыға күтіп, әнін жатқа айтатын. Содан бергі уақытта елімізде телехикаялар өндірісі жақсы дамып, қанатын кеңге жайды. Тек «Хабар» агенттігінің өзі биылға дейін 2,5 мыңнан аса бөлімнен тұратын 100-ден астам сериал түсірді.
Жақында Астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен алғаш рет Nauryz ұлттық телесериалдар бәйгесі өтті. Бәйге шарттарына сәйкес оған 2021–2022 жылдары телеарналар эфиріне және YouTube арнасында шыққан сериалдар ғана қатыстырылды. Соның өзінде байқауға қатысуға 250-ден астам өтінім түсіпті.
13 аталым бойынша үздіктер анықталған бәйгеде «Хабар» агенттігінің де өнімдері топ жарды. Атап айтқанда, «Келінжан» телехикаясы «Үздік комедиялық сериал» номинациясында жеңімпаз болды. Осы сериалда Қылышбектің рөлін сомдаған Рүстем Жаныаманов «Екінші пландағы үздік актер» атанды. «Ақ пен қара» телехикаясының актрисасы Камалия Байтілеуова «Екінші пландағы үздік актриса» аталымында жеңсе, Рахимжан Яхьяров «Үздік монтаж» номинациясында жеңімпаз болды. Сонымен қатар отандық телесериал индустриясының алғашқы қарлығашы «Перекресток» сериалына арнайы жүлде табысталды.
Жалпы алғанда, жыл өткен сайын отандық сериалдардың саны артып, сапасы көтеріліп келеді. Тиісінше, шетелдік телеөнімдердің орнын басып, біртіндеп ығыстыруда. Дей тұрғанмен, олардың да қалыптасқан өз көрермені бар болғандықтан, мүлдем бас тарту дұрыс болмас еді. Телехикаяларда сол елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті көрініс табады. Тиісінше, оған күшті идеологиялық құрал ретінде қарайды. Біз сырттан келетін сериалдарды сұрыптағанда көрерменіміздің талап-талғамынан бөлек, оларда идеологиялық қауіп тудыратын элементтердің болмауына ерекше назар аударамыз.