«Хабар» агенттігі көктемгі телемаусымды тың жобалармен бастады
Әрдайым жұртшылықтың көз қуанышына айналған арна теледидар саласының тың пішімін қалыптастырудан жалыққан емес. Жаңа маусымның да көрерменіне беретін сыйы көп.
Мәселен, биыл «Хабар» телеарнасы Наурызды, яғни біздің жаңа жылымызды қарсы алудың тың теленұсқасын ұсынды деуге болады. Айрықша бастамалар мен көктемгі маусымның жаңалықтары туралы «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли мырзаның өзінен сұрап білген едік.
– Берік Уәлиұлы, біз отшашуымыз бен шампанымызды сайлап жаңа жылды жарым түнде қарсы алуды әдетке айналдырған едік қой, жасыратыны жоқ. Сіздер, яғни «Хабар» телеарнасы биыл жаңа жылды – Наурызды таң шапағымен қарсы алдыңыздар. Қандай мақсатпен осындай қадамға бардыңыздар?
– Ең алдымен баршаңызды төрімізге шыққан Наурыз мерекесімен, жаңа жылмен құттықтаймын! Ырысымыз көбейіп, несібеміз артсын. Таңдайымыздан ақ, маңдайымыздан бақ кетпесін. Екіншіден, осы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген Рамазан айы құтты болсын, Ораза тұтқан барша жамағаттың ниеті қабыл болсын!
Көктемгі жаңаруды, түлеуді «Хабар» телеарнасы да бастап кетті. Жаңа телемаусымда көрермендерге тың жобалар, қызықты шоулар мен көрермен көзайымына айналған бағдарламалардың жаңа шығарылымдарын ұсынып отырмыз.
Биыл жаңадан «ТаңҒажайып Наурыз» жобасын ұсындық. Астана мен Түркістанды телекөпір арқылы байланыстырған бағдарламада Наурыз мерекесінің мән-маңызы, тойлау дәстүрі және тағы басқа да тарихи деректер келтірілді. Елдегі маңызды қоғамдық оқиғаларда жарқырай көрінген азаматтармен сұхбаттар ұйымдастырылып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Әннен шашу шашылды. Ең басты жаңалығы – Түркістандағы табиғат аясында арнайы жасақталған ауылда таңды қарсы алып, жаңа күннің келуімен халықты құттықтау болды. Бұл халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрін жаңғырту мақсатынан туындап отыр. Бабаларымыз күн мен түн теңесіп, әрі қарай жарықтың ұзаратын уақытын ықылым замандарда білген. Наурыздың 21-інен дайындалып, 22-інде жанданатын тіршілік белгісі ретінде таң шапағын қарсы алған! Сіз жаңа дұрыс айтып отырсыз, Григориан күнтізбесімен тойланатын жаңа жылды жұрт 31 желтоқсан күні сағат түнгі 12-де күтеді ғой. Ал біздің қазақы ұғымда жақсылықтың бәрі таңмен, таң нұрымен, таң шапағымен келеді деген түсінік бар. Міне, сол себепті наурыздың 22-сі күні жұртпен бірге таңды қарсы алу рәсімін тікелей эфирде көрсеттік. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта жалғасады және басқа да азаматтар тарапынан қызу қолдау табады деп ойлаймын.
– Өте жақсы бастама екен. Наурыз мейрамына орай тағы қандай мерекелік бағдарлама ұсындыңыздар?
– Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлау жөніндегі Тұжырымдама 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет жүзеге асқан еді. Содан бері бұл жобаны еліміздің басқа аймақтары да қолданып, Наурыз мерекесін тойлаудың өзіндік үлгісіне айналды. Тоғыз күннің әрқайсысы игі іске, абзал амалға толы болды.
Сол дәстүрді жалғастырған «Хабар» агенттігі биыл Наурызға арналған мерекелік бағдарламаларға ерекше басымдық берді. Мәселен, «Хабар» арнасының «Оян!» таңғы бағдарламасы Наурыз мейрамын Амал мерекесімен, яғни наурыздың 14-і күні сонау Маңғыстау облысындағы Отпантаудан бастап 22 наурызға дейінгі әр күнді арнайы тақырыптармен сабақтастырды. Мәселен, Шежіре күні, Еңбек күні, Игі істер күні, Жоралғы күні, Ұлттық тағамдар күні, Бұқара күні болып, Ұлыстың ұлы күні дей келіп, Наурыз мейрамымен қорытындыланды. Айтпақшы, 22-сі күні таңды қарсы алған «ТаңҒажайып» жобасын осы «Оян» іліп әкетіп жалғастырды. Онда да салт-дәстүріміз, ұлттық ерекшеліктеріміз дәріптелді.
Күн сайын эфирге шығатын «Айнаline» әлеуметтік бағдарламасы да 9 күн тақырыптарын Наурыз мерекесіне арнады. Бағдарламада дәстүрлеріміз дәріптеліп, ұлттық киім мен бұйымдарымыз, ырым мен тыйымдарымыз таныстырылды. Ұлттық таным мен құндылықтарымыз ұлықталды.
Шымкент қаласындағы жаңа ипподромда «Ұлы қазақ ойындары» спорттық мега жобасы өтті. «Хабар» телеарнасы үш күнге созылған мерекелік жобаның негізгі сәттерін телекөпір арқылы тікелей эфирден көрсетті.
EL ARNA телеарнасы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай өнер жұлдыздарының қатысуымен ойын-сауыққа құрылған «Наурыз-Думан» телемарафонын өткізді. Жеті сағатқа созылған бұл концерттік бағдарламада әуезді ән, әсерлі әңгіме, келісті әзіл, би мен күй, дәстүрлі өнер мен спорттық көріністер ұйымдастырылды.
«Хабар24» телеарнасы да Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараларды жаңалықтардан көрсетумен қатар, арна тележүргізушілерінің қатысуымен Наурыз нақыштарын насихаттаған алты бейнеролик әзірлеп, эфирден көрсетіп отырды. Ал жалпы алғанда, өзіңіз білесіз, «Хабар24» – еліміздегі әлемнің түкпір-түкпірінен тәулік бойы жаңалықтар тарататын жалғыз телеарна. Былтырғы Президент сайлауы кезінде де, биылғы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде де үздіксіз хабар таратты. Жаңалықтардан бөлек күні бойы студияда тікелей эфирде сарапшылармен белгілі бір тақырыптар бойынша пікірталастары толастамайды. Бұл өзі бір ерекше арна деуге болады.
«Хабар» телеарнасы көрермендеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін мереке күндері эфирді ән мен күйге толтырды. Мәселен, қайта түлеп, жаңа құраммен шыққан «Гүлдер» ансамблінің концерті берілді. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Ару ана» мерекелік концерті, Майра Ілиясова ұйымдастырған «Жан анам» атты концерті, «Наурыз айы туғанда» концерттік бағдарламасы, Жұбаныш Жексенұлының «Жолдар, жолдар», Ұлықпан Жолдасовтың «Сіздер үшін, арулар» ән кеші, күйші, сазгер Айбек Бекбосынның «Өнерім саған, туған ел» күй кеші, әнші Дастан Оразбековтің «DasTOUR» шығармашылық кеші, «Хабар» арнасы арнайы түсірген «Наурыз келді, құт келді» концерттік бағдарламасы, Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз» деп аталатын композитор Ринат Гайсиннің жаңа музыкалық бейнебаянының тұсаукесері де «Хабардан» көрсетілді. Осылайша, биыл «Хабар» агенттігі наурыз айының соңына дейін мерекелік эфирмен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Көктемгі маусымда көрерменге ұсынған жобаларыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Агенттік арналары әр маусымда көрермен талабына сай тың, айтары бар, сапалы жобалар ұсынады. Сонымен қатар халық жақсы қабылдаған жобалар жалғасын тауып жатады. Атап айтар болсам, бүгінде «Хабар» арнасынан шығып жатқан 28 жобаның 9-ы жаңа, 19-ы жалғасын тапқан бағдарламалар. Олардың қатарында көпшілік сұранысымен жалғасқан Cover show, «Бақыттың кілті еңбекте», «Бұл осылай болған еді» бағдарламалары бар. Әу баста «Хабар» эфирінен шығып, кейінгі жылдары басқа арналарға кетіп қалған «Қызық Times» эфирімізге қайта оралды. Сондай-ақ «Алғашқы», «Құнды құжаттар», Startup kz, «Маңдай тер» сияқты тың жобалармен қатар ақпараттық ойын-сауық форматтағы «Ұйқым келмейді» сазды түнгі шоуының тұсауы кесілді. Бұл жобалардың барлығы көрермен көңілінен шығып, қызығушылығын тудырды.
– Жаңа жобаларды дайындағанда көрермендердің жас ерекшеліктері және бағдарламалардың өміршеңдігі мен құндылығы қаншалықты ескерілді?
– Әр жобаның өз мақсаты бар. Әр жоба белгілі бір аудиторияға бағытталады. Көрермендеріміздің жас шамасы, жынысы, әлеуметтік дәрежесі, қай көрерменді қай уақытта экран алдында ұстап қалуға болады деген мәселелердің бәрі мұқият зерттеледі. Бағдарламаны бас-аяғы жоқ, эфирге қоя салмаймыз. Оның бәрі қып-қызыл есеп.
Жобалардың бірінде тарих таразыланып, болашаққа болжам жасалса, бірі адал еңбекпен нан табуға, кәсіп меңгеруге үндейді. Сатиралық жанрда шығатын бағдарламалар да бар. Әзілмен астарлап отырып, ақиқатты айтатын жобалар да қажет деп есептеймін. Осы тұста бір айта кететін мәселе бар. Былайғы жұрт эфир көңіл көтеретін жеңіл әзіл мен орынсыз күлкіге толып кетті деп жатады. Олай емес. Мен жоғарыда атап өткен тележобалардың екі-үшеуі ғана көңіл көтеретін бағдарламалар, өзгесі, еңбек адамы, жастар саясаты, инклюзия, журналистік зерттеулер мен деректі фильмдер. Көңіл көтеретін бағдарламалар негізінен түнгі уақыт пен демалыс күндері көрсетіледі. Оның да өз көрермені бар. Енді баланс болуы керек қой. Үнемі күңіреніп отырып, тек проблемаларды айтпаймыз ғой.
Мысалы, «Бақыттың кілті еңбекте» бағдарламасында көпке үлгі болар кәсіпкерлер туралы сюжеттер көрсетіледі. Кәсіпті қалай және неден бастауға болатынын, кәсіп түбі береке екенін жастар көруі керек. «Бұл осылай болған еді» деректі фильмі түрлі жастағы көрерменге арналған. Кезінде қоғамды дүр сілкіндірген тарихи оқиғалар жайлы терең мағлұмат беріледі. Бұл – болашақта құнды мұрағат болатын жоба. «Құнды құжаттар» деректі фильмдер циклі өткеннен бүгінге дейінгі маңызды заңдық құжаттар туралы тың деректермен таныстырады. Студент жастар үшін, тарих ғылымымен айналысып жүргендер үшін ақпарат қамтылады. IT саласын терең меңгеріп, ел игілігіне қажет заманауи технология тізгінін ұстаған жастарымызды жұртқа таныстыратын Startup kz бағдарламасы – танымы өзгеше, өресі биік зияткер ұрпаққа қанат бітіретін қажет жобалардың бірі. Кәсіппен айналысу идеясын насихаттап, көмек көрсетілетін мемлекеттік бағдарламалардан жұртты құлағдар ететін «Әрекет» бағдарламасының да көрерменге берері көп. Жоба қаржылық сауаттылық тақырыбын да қамтиды. Оны көпшілікке танымал азамат, жақында Мәжіліс депутаты болып сайланған Дәулет Мұқаев жүргізеді. Аман Тасығанның «Алғашқы» ток-шоуы да өте әсерлі жоба. Қазақтың аяулы азаматтарының, біртуар тұлғаларының өмірі жайлы мұрағат болатын бағдарлама. Талмай тер төккен адам үшін адал еңбектің нәтижесі құнды, жемісі дәмді болатынын түсіндіретін, еңбек етуді насихаттайтын «Маңдай тер» жобасының маңызы зор. Танымал журналист Дана Нұржігіт пен актер Жанатбек Байтеков жүргізетін бағдарлама ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп қана ақша табуды емес, адал еңбек ету арқылы биік жетістікке жетуге үндейді.
«Ұйқым келмейді» – кешкілік отбасымен отырып көретін ақпараттық-танымдық жоба. «Қызық таймс» та жастар үшін өте қызық болары сөзсіз. Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек ерекше шоу ұсынады.
Мейрамбек Бесбаев пен Тұрсынбек Қабатовтың Cover show жобасы да қайта жалғасты. Бұл жоба бірінші маусымда көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін айта кету керек. Осы сияқты өз елімізде ғана емес, шетел көрермендері тарапынан сұранысқа ие жобалар жалғасын табады.
– Осы «Хабар» агенттігінің құрамындағы «Ел арна» деген телеарна бар. Көбіне «Қазақфильмнің» киноларын көрсетіп жатады. Осы телеарнаны өзгерту ойларыңызда бар ма?
– Бұл мәселені өте орынды қозғап отырсыз. Айтпақшы, «Ел арна» телеарнасының құрылғанына биыл 22 наурызда тура 23 жыл болды. Бастапқыдан өздеріңіз білесіздер, «Хабар-2» болып эфирге шыққан болатын. Кейін «Ел арна» деп атауын өзгертті. Осы «Ел арнаның» өзі бірнеше жыл бұрын жабылып, қайта ашылды. Кейінгі жылдары өзіңіз айтпақшы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бұрын түсірілген, мұрағаттарында жатқан фильмдерін, деректі фильмдерді көрсетіп келді.
Былтырғы күзден бастап «Ел арнаның» да тамырына қан жүгірді. Аз ғана бюджетпен көрермен көзайымына айналған бірқатар тележоба жасалды. Күнделікті 1,5 сағат бойы тікелей эфирде жүретін «Жаңа қадам» деп аталатын бағдарлама бар. Сонымен қатар былтыр арнамызға жастардың сүйіп көретін Есен Елеукеннің «Жайдарман» тележобасын тарттық. Бұл да көрермен тартуға оң септігін тигізді деп санаймын. Сонымен қатар танымал тележурналист Нұрділдә Ораздың «100 кеңес», Әсия Бағдәулетқызының Kinoscop, Досымжан Таңатаровтың «Ауыл кеші көңілді» жобалары, «Айтылмаған тарих», «Білім жолы» сияқты жалпы саны 31 телеөнім көрерменге жол тартқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Көктемгі маусымға «Кешкі Vibe», Tik tok trend cияқты жаңа 13 жоба шығарып отырмыз. Айтпақшы, көрермен сүйіп көретін Мейірбек Сұлтанханның «Кімнің есінде» жобасы да осы «Eл арна» өнімі.
Жалпы алғанда, агенттікке қарасты үш телеарна да көктемгі маусымға тастүйін дайындықпен келді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты, патша көңілді көрерменнің ықыласы мен талғамын ескере отырып, күзгі маусымда да жаңаша сипаттағы тың жобалар ұсынуды ойластырып жатырмыз. Және бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп те кеттік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН
Дереккөз: aikyn.kz