«Жұлдызды жекпе-жек» – «Хабар» арнасында жаңа жоба
Жоба авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев. Біз Мейрамбекпен аталмыш бағдарлама туралы тілдескен едік.
- Мейрамбек аға, әлеуметтік желілерде сізді жаңа жобаның жүргізушісі деген жаңалық шықты. Бұл қаншалықты рас?
- Мен жүргізуші емеспін. Бірақ осы жобаны түсіру жөніндегі идея менікі. Қысқы демалыс кезінде қазақтың өнер иелеріне қатысты жаңа, ерекше бір жоба жасағым келді. Содан Гүлнұр Мамасариповаға хабарласып, ойымды айттым. Біздің елімізде жас әншілердің, бишілердің арасында түрлі сайыстар болып жатқаны рас, онымен ешкімді таң қалдыруға болмайды. Алайда дәл осындай кәсіби, халыққа жақсы таныс әншілер арасында дүбірлі дода болған емес. Сондықтан Гүлнұр екеуміз идеяны өрбітіп, пісіріп жеткіздік. Бағдарламада көрермен мені алайда модератор ретінде көреді.
- Әншілер бақ сынайтын жоба екенін түсіндік. Дегенмен мұндай бағдарламалар біздің телевизияда көп сияқты. Сіздің шоу несімен ерекшеленеді?
- Рас, жобада әншілер бір-бірімен жарысқа түседі. Бірақ мұны сайыс емес, достық кездесу, қызықты өткізген кеш деп түсінген жөн болар. Бәсеке бар жерде сапа бар, сондықтан қазақ шоу-бизнесіндегі бәсекелестікті, сапаны арттыратын алаң дегім келеді. Мұнда реніш, өкпе, наз деген болған жоқ. Айта кетерлігі, біздің жекпе-жекте өзге жобаларға қатыспаған эстрадамыздағы ең танымал әртістер бой көрсетеді. Сонысымен де ерекше. Бір сахнада Төреғали Төрәлі мен Қайрат Нұртас сынды ұлы даламыздың сүйікті ұлдарын мен қыздарын қарсы шығармақпыз. Ал олардың қайсысы жеңімпаз атанарын бағдарлама барысынан көресіздер.
Жалпы хабар үш турдан тұрады. Бірінші кезеңде әншілер өз репертуарындағы ең танымал, халық жанына жақын әндерін орындайды. Екінші бөлімде бір-бірінің репертуарындағы ең ұтымды туындыны орындауы керек. Әншілер дәл осы кезеңде бірін-бірі жақын тани түседі деп ойламын. Себебі жұлдыздар қарсыласының музыкалық шығармаларымен толықтай танысып, сәтті деген әуенді таңдауы қажет. Ал үшінші кезеңде қандай ән айтатынын мен шешемін. Өнерпаздар аз уақыттың ішінде Ринат Гайсин және Арман Дүйсеновтың сүйемелдеуімен әнді ортаға алып шығады.
-Мұндай шоу жасаудағы мақсатыңыз қандай?
- Білесіз бе, жобаны әзірлеуге кіріскен күннен бастап, бұл достық алаңы екенін айтып келемін. Мақсатымыз өнер иелерін жекпе-жекке шығарып, бір-біріне қарсы қою емес. Керісінше әншілердің сахнада өнер көрсетіп, тәжірибе алмасып, дидарласып, қалжыңдасып, мереке болғанын қаладым. Сонымен бірге әншілер табиғи дауыста ән айтуға мүмкіндік алады. Көптеген бағдарламаның студияларында техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты жұлдыздар фонограммада ән айтып жатады. Бұл жерде әншілерге барлық жағдай жасалды, олар музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен ән орындайды, сондай-ақ аяқасты берілген тапсырмаларды орындау барысында өздерінің қабілеттерін жүз пайыз көрсетеді. Одан бөлек жоғарыда айтып кеткенімдей өз қалауларымен қарсыластарының әндерін орындайды.
- Ал өзара бақ сынасатын әншілер қалай таңдалады?
- Біз әншінің барлығын қарастырдық. Бағдарлама түгелімен табиғи дауысқа негізделгендіктен, жанды, табиғи дауыста ән айтуы басты талап болды. Сондықтан біз «Хабар» арнасының басшылығымен ақылдаса отырып, халыққа танымал, еңбекқор өнерпаздарды таңдауға тырыстық. Әнші өте көп, бірақ олардың арасында тыным таппай еңбек етіп, жалқаулық дегенді білмейтіндері бар. Сондықтан жобаға қатысқан қай өнер иесі болса да, «Жұлдызды жекпе-жектің» жеңімпазы атануға лайық.
Әңгімелескен Гүлнұр Досбол
15 қыркүйек, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті