«Қарлығаш ұя салғанда-2»
Қарлығаш Тасқынға тұрмысқа шыққалы жатыр. Алайда тоймен қарбаласып жүрген оның тағдырына бірнеше оқиға шырмалады.
Тасқынның ауылда тұратын жалғыз қарындасы Мәдина той қарсаңында Алматыға келеді. Мәдина Тасқынмен Сәуле жайында сөйлеседі. Тойға Сәуленің ата-анасы келмейтінін ескертіп, сөз соңында қарындасы ағасының ауылға барып, марқұм әйелінің ата-анасының батасын алып келуін сұрайды. Тасқын ұзақ ойланып қарындасының уәжін қабылдайды.
Қарлығаштың анасы Сәбира қызының тағдырына алаңдаулы. Тойдың алдында қызымен тағы бір рет сөйлесу үшін Қарлығаштың үйіне келеді. Сәбира қызына бірнеше сұрақ қояды. Қарлығаш ол сұрақтарға жауап беруге дайын емес екенін айтады.
Тасқын бұрынғы қайын жұртына келіп, Сәуленің ата-анасымен сөйлеседі. Қарлығашқа үйленгеннен кейін де қыздарымен жиі кездесіп тұратынын айтқанда Ақжарқын апа Тасқынға ешқандай өкпесі жоқ екенін жеткізеді.
Қарлығаштың тұрмысқа шығуына арналған бастаңғының кезінде Ақмаралдың толғағы басталады. Барлығы улап-шулап перзентханаға кетеді. Көп ұзамай Қарлығаш пен Тасқынның тойы болады. Қыздары да, Тасқын да, Қарлығаш та бақытты. Тойдан кейін Қарлығаш Тасқынның үйіне көшеді. Қарлығаш ақыл тоқтатып, шынайы махаббатпен тұрмысқа шыққанымен, отбасылық өмірге бірден үйреніп кете алмайды. Тұрмысқа қатысты Тасқын екеуінің ойы бір жерден шыға бермейді.
Сандуғаштың Тимурмен арақатынасы суып кетеді. Қарлығаштың отбасылық өміріндегі қайшылықтар үдей түседі. Отбасын сақтап қалу үшін Қарлығаш жұмыстан уақытша кетуді ұйғарады. Орнына Сандуғашты қалдырады. Атқарушы директордың да күткені сол еді. Ол тез арада Сандуғаш үшін ең жақын адамға айналады. Ақыры айласын іске асырып, құжаттарға Сандуғаштың қолын қойдырып алады. Компанияға тиесілі қомақты қаржыны өз атына аударып жібереді де, өзі жоғалып кетеді.
Қарлығаш компанияға қайта оралады. Ол тағы да қиыншылықтардың алдында тұр. Қаржылық дағдарысты бастан кешіріп жатқан компанияда үш түрлі мінезі бар қыздармен тіл табыса алмай қиналады. Тасқынның да өз дегенінен қайтпайтын мінезі бар. Ол өзі таңдаған тағдырға мойынсұнады. Дегенмен одан әрі күресуге қауқары бар ма? Сан түрлі күрмеуі бар бұл хикая қалай аяқталмақ?