Хабар телеарнасы

Жеті күн 11.02.2017 жыл

Сюжеттер
1. Экономиканы дамыту 2. Президент қабылдаулары 3. Әлеуметтік сала әрқашан назарда
4. Агросектор – экономика тірегі 5. Басым бес бағытта 19 шара 6. Халық қалаулылары ел арасында
7. Конституциялық реформа 8. Басқару тетігі 9. Трансформация – уақыт талабы
 
10. Техникалық кездесу 11. Қош бол, Универсиада!  

1. Экономиканы дамыту

«Биыл Қазақстан экономикасы 2,5 пайызға артады». Осы аптада Халықаралық валюта қорының өкілі Марк Хортон осындай мәлімдеме жасады. Естеріңізде болса, 2016 жылдың қазан айында айтылған болжам басқаша еді. «Ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,6 пайызды құрайды», – деп пайым қылған. «Сырт көз сыншылардың» бұл жолы көрсеткіштерді күрт көбейтуіне не себеп?

Марк Хортон, Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы:

-Бастапқы болжамымыз көңіл көншітерлік болған жоқ. Бірақ мұнай бағасы қазір тұрақтала бастады. Сондықтан мұнай өндіруші Қазақстан, Ресей сияқты елдердің экономикалық өсіміне қатысты жорамалымыз жағымды. Қара алтын бағасы қымбаттаса, ішкі жалпы өнімге байланысты болжамымыз тағы өзгеруі мүмкін.

Қара алтынға қарап тұрмыз. Әрине, әзірге. Сондықтан Елбасы: «Мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауы тиіс», – деп Үкіметке тапсырма берген. Биыл бұл салада бірнеше ірі жоба жүзеге асады. Біріншіден «Теңіз» кен орны кеңейтіледі. Яғни құны 37 миллиард долларды құрайтын «Болашақ» жобасы жасалады. Екіншіден, «Қарашығанақтың» да қарқыны артпақ. Мұнай өндіру көлемін 12 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарда жазулы. Үшіншіден, үш бірдей мұнай өңдеу зауыты іске қосылады. Жаңғыртудан өткен өнеркәсіптердің жылдық өнімі 14,5 миллион тоннадан 17,6 миллион тоннаға өседі деген өлшем бар.

Дәулетімізді тасытып, әлеуетімізді асыратын алып кеніштердің көш басында – «Қашаған». Ғасыр жобасындағы жұмыстардың қазіргі жүрісі жүйрік. Мұнай беретін ұңғымалардың саны күн санап көбеюде. Бүгінде Каспий қайраңында орналасқан жасанды аралдардағы 40 ұңғыманың 10-ы іске қосылған. «Осы онның өзінен тәулігіне 180 мың баррель өнім өндіреміз», – дейді мамандар. Біраз істің басы қайырылған соң, мұнайдың күндік көлемі 370 мың баррельге жетпек. 

Бруно Жардэн, NCOC N.V. Басқарушы директоры:

-«Қашаған» мұнайы 3 бағытта тасымалданады. Біріншісі, «Атырау-Новороссийск» бағытындағы КҚК жүйесі. Ал «Атырау-Самара» құбыры арқылы біздің өніміміз «Транснефть» құбырына қосылады. Үшінші бағыт, шығысқа шығатын «Атырау-Алашанькоу» құбыры. Сол себепті «Қашаған» мұнайын әлемдік нарыққа жеткізуде кідіріс болмайды. Өткен жылы КҚК жүйесі кеңейтіліп, мұнай тасымалдау мүмкіндігін жылына 67 миллион тоннаға арттырды.

«Каспий құбыр консорциумының» құрылуына негіз болған – Нұрсұлтан Назарбаев. 1992 жылы Қазақстан Президенті 1511 шақырымдық мұнай құбырын тарту жөнінде Ресей Федерациясы мен Оман сұлтандығына ұсыныс жасайды. Сонда тараптар мұның табысты тұсын таба алмай, біраз ойға шомған деседі. Енді, міне, өмірдің өзі жобаның өзекті екенін дәлелдеп отыр.

Елбасының білгірлігін Халықаралық валюта қорының өкілі Марк Хортон да мойындайды. «Қазақстанның қауіп-қатерден қорғанар қалқаны мықты», – деп ой қорытуы сондықтан. Бұл ретте миссия басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын айрықша атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық банк жүргізген ақша-несие және теңге бағамы саясатының экономикаға оң серпін бергенін тілге тиек етті.

Дегенмен бұл жетістіктер тоқмейілсуге жетелемеуі тиіс. Себебі Елбасы айтқандай: «Сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді». Ал қазіргі алмағайып заман ешкімді де аяйын деп тұрған жоқ. Мемлекет басшысының экономиканы жедел технологиялық жаңғырту мәселелеріне басымдық беруінің мәні осында. Біз цифрлық жүйені қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз.

Мұндай маңызды міндетті іске асыру үшін жеті рет өлшеп, келісілген кешенді жоспар құру қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кешегі кеңестің көздегені сол. Басқосуда алда атқарылар шаралар тағы бір ширатылып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Первый приоритет - ускоренная технологическая модернизация. Мы должны культивировать новые индустрии, применение новых технологий чем мы раньше не занимались. Для производительности труда должна быть модернизация предприятий, автоматизация, роботизация, искусственный интеллект, большие данные и другие вещи. Вот я пригласил вас поговорить, поделиться, как мы будем осуществлять, где ростки, как эти ростки вырастить, чтобы это стало необходимым нам, как это внедрить в производство.

2. Президент қабылдаулары

Сала басшыларының ендігі міндеті – атанға жүк болар жауапкершілікті арқалау емес, атқару.  Себебі Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс керек. Ал алға қойған мақсат-мүдделердің мүлтіксіз орындалуы Елбасының ерекше қадағалауында болмақ. Сөзіме осы аптада Президенттің бірнеше қабылдау өткізуі дәлел.

Астана мен Прага экономика мен саясат салаларындағы қарым-қатынас көкжиегін кеңейтуге әзір. Бұдан бөлек, екі ел парламентаралық ынтымақтастыққа ден қойып отыр. Апта басында Нұрсұлтан Назарбаев Чех Республикасы Парламентінің Депутаттар палатасының төрағасы Ян Гамачекпен кездесті. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Я думаю что ваш визит очень важный. С Чешской Республикой у нас сложились давно очень добрые отношения. Президент Земан был у нас здесь в гостях. Я жду его на открытии «Экспо-2017». Межпарламентские встречи очень важны. Поскольку Чехия важный партнер в Европе для нас. Мы готовы строить хорошие отношения и в политике, и в экономике.

Ян Гамачек, Чех Республикасы Парламенті Депутаттар палатасының төрағасы:

-Құрметті Президент мырза, бізбен жүздесіп, маған уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл ретте Тәуелсіздіктеріңіздің 25 жылдығымен құттықтаймын. Ширек ғасыр ішінде тұрақтылық пен дамудың даңғыл жолын паш еткен Қазақстан бірегей ел ретінде танымал.

Президент қабылдауында Бас прокурор Жақып Асанов та болды. Құқық қорғау органдарының қызметі ешқашан өзектілігін жоймайды. «Тиісті шаралар қолға алынып, заңнамалар бекітіліп жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Егер де қылмыс былтырғыдан көп тіркелсе, ол үшін құқық қорғау органдары жазалайтын. Тіркеуді жасырып, сосын өтірік мағұламат беретін. Қазір жасыратын ешнәрсе жоқ, ол үшін біз ешкімді жазаламаймыз. Барлық қылмыс тіркелу керек. Бес реформа, «100 нақты қадам» бағдарламасында барлығы жазылған. Прокуратура жағынан соның нақты орындалуын қадағалап, заң жүзінде қарап отыру керек.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры: 

-Бес реформа мен Жолдауыңызды орындауға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Ең алдымен, соңғы Жолдауда өзіңіз айтқандай қылмыстық процесті, әкімшілік процесті электронды цифрлы форматқа ауыстыруды көздейміз.

Бизнесті тексеруді азайту. Құқық қорғау саласында мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайту. Маман даярлау. Әкімшілік және қылмыстық үрдістерді электронды-цифрлық форматқа көшіру. Президент қабылдауы кезінде осы сынды мәселелерге мән берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Екінші мәселе – Конституция жағынан өзгерістер. Оның ішінде тағы да нені ескеру керек? Полиция жағынан бірнеше шара қолдандық, шешім қабылдадық. Ол орындалып жатыр ма, орындалмай жатыр ма? Істелетін жұмыс көп.

Айта кету керек, егемендік жылдары бас бостандығынан айырылғандардың қатары үш есеге кеміді. Мәселен, 90 жылдардың басында түрмедегі адамдардың саны 100 мыңға жуық болса, қазіргі таңда 36 мың. Жақып Асанов мұны: «Қоғамдық қауіпсіздікті жақсартудың бір индикаторы», – деп атады. Сонымен қатар қалың бұқарамен байланыс нығайып келеді.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

-Кез келген қылмысты ғаламтор арқылы бүкіл ел болып, талқылап жатады. Бұл өте жақсы, өйткені құқық қорғау органдары аяғымызды тартып, жұмыс істеуге мәжбүрлі боламыз. Қоғам бізден талап етеді.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, энергия ресурстарын өндіру жоспарының кей бағыттары артығымен орындалған. Мәселен, былтыр мұнай экспорты ұлғайып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Биылғы жылы үлкен жобалар бар. Біріншіден, «Қашаған» жұмыс істей бастады. Екіншіден, «Теңізді» кеңейту жөнінде шешім қабылданды. «Қарашығанақтың» да мәселесі шешілді. Үш бірдей мұнай өңдейтін зауытымыз іске қосылу керек. Содан кейін Атырауда, Батыс Қазақстанда газ өңдеу мәселесін бастап қойдық. Сосын энергетика объектілерінің жекешелендірілуі бар. Мұның барлығы да өте маңызды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

-Мұнайды өндіру жоспары 75,5 миллион тонна болса, өндірілген мұнайдың нақты көлемі 78 миллион тоннаға жетті. «Қашағандағы» мұнай өндірісі есебінен жоспардың артығымен орындалғаны байқалады, онда былтыр 1 миллион тоннаға жуық мұнай алынды. Мұнай экспортын 62 миллион тоннаға дейін арттырдық. Оның 40 миллион тоннасы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданды.

Сұйық газ көлемін арттыру, электр энергиясын экспорттау, геологиялық барлауды күшейту, уран өндірісі секілді бірқатар мәселелер бойынша Қанат Бозымбаев Президентке баяндады.

Білім берудің жаңартылған мазмұнына өту, бес күндік оқу аптасына көшу, базалық оқулықтар әзірлеу секілді реформалар туралы Ерлан Сағадиев Мемлекет басшысына әңгімелеп берді. Президент Білім және ғылым министріне нақты тапсырмалар жүктеп, саладағы өзгерістердің биылғы Жолдауды іске асырудағы маңызына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Кешегі Жолдауда айтқан жаңа технологиялық революция, «Цифрлы Қазақстан» білімді адамдарсыз, мамандарсыз  болмайды. Сондықтан негізгі жұмыстар сіздерге байланысты болады. Жастарды оқыту, білім беру, мамандар даярлау. Ол болмаса, ештеңе болмайды. Бұдан бұрын мұндай әңгімені қоюға, мақсатты қоюға мүмкіншілік болмады, адамдар болған жоқ. Қазір де жетіспейді. Бірақ көп жұмыс істедік. Шетелде оқыттық, өзіміздің университеттер көтерілді, мектептерді үш тілге үйретіп жатырмыз. Соның барлығы жаңадан келе жатқан соң, алдымызға мынадай мақсат қойып отырмыз.

«Қысқы Универсиаданы Қазақстан тиісті деңгейде өткізді. Спортшылардың жоғары нәтижелері өскелең ұрпаққа үлгі». Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өткен дүниежүзілік додаға қатысты осындай пікір айтты.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-57 елдің ішінде Қазақстан бірінші рет Қысқы Универсиадада 2-ші орын алып отырғанын мақтанышпен айтамыз. Ол – бүкіл елдің жетістігі, спортқа деген құлшынысы. Сонымен қатар Елбасы алдымызда тұрған Азияда Қысқы ойындарына, Қысқы Олимпиадаға дайындықтарды кеңінен сұрап өтті.

Спорттан бөлек, мәдениет саласы да қабылдау кезінде әңгімеге арқау болды. Президент классикалық өнер мен  кино индустриясын дамыту, жас таланттарға қолдау көрсету маңызды екенін айтты.

Автор: Дархан Әбдуахит

3. Әлеуметтік сала әрқашан назарда

Қандай дауыл соқса да, халық қараусыз қалған емес. Мемлекет – әрдайым қорған. Мәселен, 1996 жылы Қазақстан азаматтарының 35 пайызы кедейшіліктің шегінде өмір сүрген еді. 20 жылда бұл көрсеткіш 2,5 пайызға дейін қысқарды. Сарапшылардың айтуынша, ең дамыған елдердің өзінде мұндай көрсеткіш жоқ. Ширек ғасырда әлеуметтік шығыстар 26 миллион теңгеден 4,8 триллион теңгеге дейін өскен. Яғни ел бюджетінің 46 пайызын құрап отыр.

Әлеуметтің әл-қуатын арттыру – биылғы Жолдауда да басты басымдық. Бұл жолы Мемлекет басшысы базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін енгізу және күнкөріс шегін қайта қарастыру сынды уақыт талабы тудырған жаңа міндеттерді жүктеді. 

Әлеуметтік саладағы өзгерістер жайында студиямыздың бүгінгі қонағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова толығырақ тарқатады.

Ринат Думанұлы, жүргізуші:

-Елбасының биылғы Жолдауы қауым үшін қандай жаңалық әкеліп отыр? Зейнетақы жүйесінде нендей өзгерістер болады?

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Қазақстанда қазір 3 деңгейлі зейнетақы жүйесін дамытып келеміз. Яғни біздің азаматтарымыз 3 түрлі зейнетақы алады. Бірінші, мемлекет есебінен төленетін зейнетақылар. Екінші, жұмыс берушілердің жұмысшыларға арнап төлеген жарналарының есебінен берілетін зейнетақы. 2014 жылдан бастап жұмыс берушілер қауіпті жұмысты істейтін азаматтарға қазір 5 пайыздық жарна төлеп келе жатыр. Осындай жарнаға қазір 400 мыңнан астам жұмысшылар ие болып, оларға төленген жарналардың көлемі 2 жылдың ішінде 100 млрд-қа жетті. Үшіншісі, 1998 жылдан бастап 10 пайыздық біздің жарналарымыз төленіп келе жатқан зейнетақы қорлары. Елбасының тапсырмасына сәйкес осы жүйедегі ең басты тапсырмаларының бірі – базалық зейнетақы. Мемлекет басшысы базалық зейнетақының механизмін өзгерту жөнінде айтты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы азаматтарымыздың барлығына еңбек өтілі және табысына қарамастан бірдей төленіп келеді. Мысалы, биылғы жылы 12 800 теңге. Ал енді тапсырмаға сәйкес, базалық зейнетақының көлемі азаматтардың еңбек өтіліне байланысты болуы керек. Яғни еңбек өтілі қанша жоғары болатын болса, соншалықты базалық зейнетақының көлемі де жоғары болмақ. Мысалы, азаматтардың он жылға дейін еңбек өтілі болатын болса, күнкөріс деңгейінің елу пайызына шаққандағы зейнетақының мөлшерін алады. Бұл бүгінгі күнкөріс деңгейімен есептейтін болсақ, 12 800 теңгенің көлемінде болады. Ал егер де азаматтардың 20 жылдық еңбек өтілі болатын болса, онда 70 пайыз күнкөріс деңгейі болады. Бүгінгі күнкөріс деңгейімен есептегенде, 17 мыңнан асады. Яғни 5 мың теңгеге артық алады. Егер де 33 жылдан артық еңбек өтілі болатын болса, онда ол 100 пайыздық күнкөріс деңгейін алады. Оның көлемі бүгінгімен есептегенде 24000 теңге. Яғни екі есе жоғары базалық зейнетақы алатын болады.

Ринат Думанұлы, жүргізуші:

-Президент биылғы Жолдауында айтқан өзгерістер барлық зейнеткерлерге қатысты ма? Әлде 2018 жылдан зейнетке шығатын азаматтарға ғана қатысты ма?

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Бұл тапсырма барлық зейнеткерлерге қатысты. Қазіргі 2 миллион азаматтарымызға да базалық зейнетақы қайтадан есептеледі, сонымен бірге ендігі жылдан бастап шығатын азаматтарға да жаңа жүйе құптарлық болды. Сондықтан да біз ендігі жылы республикалық бюджетте осы мәселеге тек қана жарты жылдың өзінде 147 млрд теңге қарастырып отырмыз.

Ринат Думанұлы, жүргізуші:

-Еңбек өтілі қалай есептеледі? Механизм нендей болмақ?

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Егер де азаматтардың 1998 жылға дейін еңбек өтілі болатын болса, оны біз толық есептейміз, қабылдаймыз. Ал енді 1998 жылдан кейінгі өтілі болатын болса, азаматтар 10 пайыздық жарнасын төлеп жүрген болса, сол ақпарат бізге жеткілікті. Себебі жұмыс істеген азамат қана 10 пайыздық жарна төлейді ғой, еңбек өтілі есептелінетін болады. Соның есебінен азаматтардың көпшілігінің еңбек өтілі 33 жылдан асып, олардың базалық зейнетақысының көлемі де жоғары болады. Тағы да айта кететін жайт, аналардың 3 жасқа дейінгі балаларға қараған уақыты, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға қараған уақыты да осы еңбек өтіліне қосылып есептелінетін болады.

Ринат Думанұлы, жүргізуші:

-Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілі енгізілмек. Білуімше, келесі жылдан бастап кімдер қаржыдан қағылуы мүмкін? Кімдер алып отырған тұрақты көмекті одан әрі ала бермек?

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға беріледі. Сондықтан ендірілмекші болып отырған жаңа формат азаматтарды қаржыдан қағу емес, азаматтарға қаржылай көмек бере отырып, жұмысқа тарту мәселесін де қарастырып отыр. Бүгінгі таңға дейін біз азаматтарға 3 түрлі жәрдемақыны беріп келдік. Атаулы әлеуметтік жәрдемақы, балаларға берілетін жәрдемақы және арнаулы жәрдемақылар. Бірақ үшеуінің де көлемі аз, ол азаматтардың отбасын аз қамтамасыз етілген деңгейден шығара алмайды. Екіншіден, үш жәрдемақы болғандықтан бір жәрдемақыны жергілікті атқарушы органнан, екіншіні біздің мемлекеттік орган және үшінші мемлекеттік органдарға барады. Сондықтан да біз қазір жаңа форматта осы үш жәрдемақыны бірлестіріп, бір үлкен атаулы әлеуметтік көмек ретінде бермекшіміз. Оның мөлшері осы үш жәрдемақының мөлшерімен тең немесе жоғары болады. Ал енді кімдерге беріледі? Егер де мүгедектер отбасы болатын болса немесе жұмыс жасындағы азаматтары жоқ отбасылар болатын болса, оларға атаулы әлеуметтік көмек толық төленетін болады. Егер де отбасында жұмыс жасындағы азаматтар болып, бірақ жұмыссыз болатын болса, атаулы әлеуметтік көмек сол жұмыс жасындағы азаматтар «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысқан жағдайда ғана беріледі. Егер де азаматтар тегін берілетін оқуға, стипендияға бармайтын болса, не болмаса кредиттен бас тартатын болса немесе атаулы әлеуметтік жұмыс орындарына бармайтын болса, атаулы әлеуметтік көмек сол отбасындағы балаларға ғана беріледі. Ал жұмыстан бас тартқан азаматтарға төленбейді. 

Ринат Думанұлы, жүргізуші:

-Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс шегінің 40 пайызынан 50 пайызына өспекші. Бұл дегеніміз төленетін қаржы өседі деген сөз. Қалай өседі?

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр:

-Мәселен, бүгін бізде күнкөріс деңгейі – 24 мың теңге. Қазір атаулы әлеуметтік көмекті беріп отырған кезде, осының 40 пайызын алып отырмыз. Ал енді 2018 жылы 1-ші қаңтардан бастап, күнкөріс деңгейінің де мөлшерін көтергелі отырмыз. Сондықтан күнкөріс деңгейінің көлемінің өзі 18 пайызға көтеріледі. Соның 50 пайызы жан басына берілетін үлкен көмек болады. Сонда бүгінгі таңда әр отбасы орташа есеппен 2,5 мың теңгеден алып отырған болатын болса, ендігі жылы 3,5-4 мың көлемінде көтеріледі.

Ринат Думанұлы, жүргізуші:

-Биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап өсетін зейнетақы бар, сондай-ақ араға бір жыл тастап жаңа әдістеме бойынша есептелінетін зейнетақы, күнкөріс көрсеткішінің өсуіне байланысты өзгеретін әлеуметтік төлемдер, жалпы алғанда келесі жылдың соңына қарай әлеуметтік төлемдер шамамен қанша пайызға өсетін болады?

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Биыл Елбасының тапсырмасына сәйкес 2017 жылдың бірінші шілдесінен азаматтарымыздың зейнетақылары 2016 жылмен есептегенде 20 пайызға көтеріледі. Ал 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ынтымақтастырған зейнетақы 9 пайызға көтеріледі. Базалық зейнетақы болатын болса, ендігі жылдың бірінші шілдесінен екі есеге көтеріледі. Сонда азаматтардың алатын зейнетақылары 40-45 пайызға дейін көтерілгелі отыр. Жәрдемақылар да дәл сондай.

4. Агросектор – экономика тірегі

Қазір талғажау қылар тағам көп. Бірақ көбінің таңдауы – экологиялық таза өнім. Осы тұрғыдан алғанда аграрлық секторды экономиканың диірменіне айналдыруға мүмкіндігіміз мол. Міне, сол себептен Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырды. Ендігі міндет – саланың сағын сындырмай, сабын түзу ұстау.

Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін министрлік алты бағытты  таңдап отыр. Біріншіден, субсидиялау принциптерін қайта қарастыру. Екіншіден, үй шаруа қожалықтары мен шағын шаруашылықтарды кооперативке біріктіру. Үшіншіден, қажетті инфрақұрылымдар арқылы өнімдердің қайта өңделу деңгейін көтеру. Төртіншіден, еңбек өнімділігін арттыру және өндірістік шығындарды азайту. Бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыру және суармалы жер аумағын ұлғайту. Ең соңғысы, «ҚазАгро» құрылымын шағын холдингке айналдыру. Алдағы екі жылда 7 еншілес ұйымның 3-еуі және тәуелді 47 ұйымның 45-сі бәсекелестік ортаға берілмек. Жоспар жойқын, ал нәтиже қалай болмақ? 

Атыраулық Асхат Иманбаев – кооператив құрған шаруалардың бірі. 25 отбасының басын біріктірген іскер азамат бүгінде жұмысқа кірісіп кеткен. Мемлекеттен қажетті несие алып, қара малды бордақылап жатыр. Етті өткізетін орынды да ойлап қойған. Әзірге ауданға апарады. 

Асхат Иманбаев, «Бақсай» АШ кооперативінің төрағасы:

-Ауылдық жерден мал соятын пункт ашу, сосын ары қарай ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ойымызда бар. Соны жүзеге асыруға Үкімет тарапынан қаржылай көмек болады деп ойлаймыз. 

Асхаттың алаңдауына еш негіз жоқ. Өйткені Президент Жолдауында шығын және орта бизнес өкілдеріне 16 миллион теңге несие берілетінін айтты. 

Берік Нығмашев, ҚР АШМ Департаменті директорының орынбасары:

-Ең бірінші жергілікті жерінде жақсы бағаға өнімін өткізу үшін жеке шаруа қожалықтарына несие беріледі. 

Осы уақытқа дейін еңбеккерлер несие алуға талпынса, кепіл заты жетпей сарсаңға түсетін. Енді ұжымдасса, ол кедергі келмеске кетеді. Оның сыртында сатқан сүттен, майлы еттен пайда екі еселенеді.

Бір сиырдың етін сатсаңыз, 20 мың теңге субсидия аласыз. Қойдың етіне 1500 теңге. 1 лирт сүтке 10 теңге. Енді есептей беріңіз, мысалы 10 ірі қараны 2 миллионға өткіздіңіз, үстіне Үкіметтің бөлетін 200 мыңы тағы бар. Бұл – төскейде төрт түлік өргізгендерге таптырмас тамаша мүмкіндік.

Берік Нығмашев, ҚР АШМ Департаменті директорының орынбасары:

-Егер де кооператив құрылып, сүтті бағытпен айналысатын болса, ары қарай сүт сауу аппаратын мемлекеттің қарамағынан қосымша 50 пайызға дейін төмендетілген бағада сатып алады.

Бірнеше шаруа біріксеңіз, қыл аяғы малдың жейтін шөбі де арзанға түседі. Бір тонна жем-шөпке 20 мың теңге субсидия қаралып отыр. Шаруаға емес, сатушыға. Өйткені ол сізге төрт түлік азығын төмен бағада береді.

Мол өнім өткіземін деп, сүтке су қосып, көлденең табысқа құнығатындарға жол жоқ. Қабылдау орындары өнімнің сапасын жіті тексереді. Бармақ басты, көз қысты қылықтар қатаң қадағаланады. Дей тұрғанмен, сарапшылар жауапты адамдар мұны жиі ескертіп тұру керектігін айтады.

Мәкен Қайыров, Ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

-Сапаға келгенде біздің адамдар неше түрлі қитұрқы әрекеттер пайдаланып кетеді. Сүтке неше түрлі әрекеттер жасауы мүмкін. Мен ақшаны көбірек аламын деп, қоспалар қосылып кетуі мүмкін. Соны байқау керек. Лабораториялар жақсы жұмыс істеу керек. 

Етті, сүтті, кім алады деп отырсаңыз, ірі зауыттар мен фабрикалар бар. Олармен айына 60 тонна сүт немесе 4 тонна етті үзбей өткіземін деп келісім бекітесіз. Олар ұсынысыңызды қабылдап, тауарыңызды алып отырады. Алады, өйткені еліміздегі өңдеуші өнеркәсіптердің қуаттылығы 50-60 пайыздың айналасы. Сондықтан толық жүктемемен жұмыс істеу үшін қуана қабылдайды. Олардың дайын өнімдері артылып жатса, шетелге жөнелтеді. Президент Жолдауда 2021 жылға қарай азық-түлік экспортын 40 пайызға жеткізуді тапсырды.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ-болашақ» РҚБ президенті:

-Осы жақында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы: «Дүниежүзілік үлкен сауда орталығы «Уол март» сауда желісімен байланысқа шықты», – деп айтты. «Уол мартта» сауда жүргізу үшін Қазақстандық өнімнің көлемі, мөлшері жоғары болу керек. Осы бағытта біздің атқаратын жұмысымыз өте көп.

Рас, атқаратын жұмыс аз болмайды. Біз өнімді шикізат түрінде емес, өңдеп өткізуіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоспарында ауыл шаруашылығын әртараптандыру жайы жарияланған. Мәселен, бидайдан ұн, кеспе, крахмал дайындап өткізсек, пайдасы да мол болмақ. Мұның мал өнімдеріне де қатысы бар.

Нәбидолла Кикебаев, шаруа қожалығының басшысы:

-Қойлар қазір кетіп жатыр. Жылқының сүті әр жерде қымыз, йогурт, балмұздақ болып шығып жатқанын көріп жүрміз. Түйенің шұбаты экспорттық тауар екені, жақсылап дамытатын болсақ, ол мықты нәрсе екені көрініп тұр. Сондықтан әртараптандыру бізге өте тиімді.

Мәселен, қазірдің өзінде Араб елдері қазақстандық өнімге қызығушылық танытып отыр. Қой етін қанша өткізсек те, қабыл алады. Онымен бірге Қытай Халық Республикасы да біздің табиғи таза өнімді импорттауға әзір.

Мәкен Қайыров, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

-Қытай елі біздің 9 облыстан ет алғалы жатыр екен. Ол өте қуанышты жағдай.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан шетелдерге өткізу үшін жердің жайы жақсы болуы шарт. Осыны ескерген ел Президенті суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізуді тапсырды. Сала мамандарының айтуынша, қазір еліміз бойынша 1 миллион 400 мың гектар жер талапқа сай. Енді 600 мың гектар алқапқа су жетуі керек.  

Нәбидолла Кикебаев, шаруа қожалығының басшысы:

-Құбырлардың бәрін қазып, металлоломға өткізді ғой. Қалған жерлерді орнына келтіретін болса, 2 миллионнан да көп көтерілетіндей жағдайы бар.

Облыс әкімдері енді суармалы жерлердің көлемін көбейтуге күш салады. Ал Жолдауда көрсетілген міндеттерді әр азамат жігермен атқару керек. Әсіресе кооперация ісін. Қазақ: «Бірлік жоқ жерде, ұйым жоқ, ұйым жоқ жерде күйің жоқ», – деген. Күйіміз келісті болуы үшін, кооператив құрумыз абзал. Өйткені біріксеңіз, мемлекет демеуден аянбайды.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Абылайхан Сейілбек 

5. Басым бес бағытта 19 шара

Үкімет Елбасы Жолдауында айқындалған міндеттерді орындайды. Ол үшін жалпыұлттық жоспар дайындалды. Басым бес бағыттан тұратын 19 шара енгізілген. Әуелі өндірісті дамытуда кәсіпкерлік нысандарын тексеруші органдар азайтылады. Әкімшілік кедергілер қысқартылады. Биыл Қазақстан мұнай өндірудің жылдық көлемін 81 миллион тоннаға дейін, ал газ өндіру көлемін 48,1 миллиард текше метрге көбейтеді. Қара алтынның экспорты 65 миллион тоннаға жетпек. Бәсекеге қабілетті экономика ғана емес, бәсекеге қабілетті білім, ғылымды өркендету басты назарда болады. Бұл саладағы жаңа міндеттерді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Назарбаев Университетінде өткізген кеңесте сөз етті. Елбасы Жолдауына сәйкес жаңа перспективалы технологиялар мен инновацияларға негізделген экономика өсімінің жаңа үлгісін құру туралы міндет жүктелген. Осыған сәйкес Қазақстанда сандық индустрияны дамыту қарқын алмақ.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

-Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Елбасы Жолдауын іске асыру жолында инновациялық технологиялар парктеріне жүктелер міндет айқын. Ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің тың әдістерін ұсыну. Бұл ретте «Алатау» инновациялық паркінде қазірдің өзінде соны жобалар жасалып, 221 мекеме жұмыс істеуде. Мысалы, мұнай-газ саласында. Былтыр кен орнын бұрғылау әдісін үйрететін жаттығу қондырғысы орнатылды. Мұндай технологиялық жетістік әлемнің тек үш елінде ғана бар. Осыған дейін бұрғылау технологиясын біздің мамандар шетелдерден оқып келген еді. Яғни қыруар қаржы өзгенің қалтасына құйылатын. Енді отандық мамандар өзімізде дайындалады. Бұл қондырғының арқасында жылына жүзге жуық маман бұрғылау әдісін меңгереді. Осы аптада Алматыға жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев инновациялық парктегі жұмыс барысымен танысты. Президенттің алға қойған міндеттерін атап өтті.

6. Халық қалаулылары ел арасында

Халық қалаулылары да ауыл-аймақты аралап, халықпен жүздесуде. Ағайынның айтарын тыңдап, ел жайын бағамдауда. Елбасы Жолдауын жүзеге асыру – әр сала маманына жүктелген жауапты міндет. Стратегиялық құжаттағы басым бағыттар мен межелі мақсаттарды орындау арқылы еліміз заман көшінен қалмай, технологиялары дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттер сапынан көрінеді. Алматы облысының жұртшылығымен жүздесуде Нұрлан Нығматулин осылай деді.

Мәжіліс депутаттары өндіріс, құрылыс пен бизнестегі түрлі сала еңбеккерлерімен кездесті. Индустрияландыру бағытындағы жаңашыл қадамдарды сөз етті. Құжатта қамтылған әрбір бағыттың ел ертеңі үшін аса маңызды екендігін жеткізді. Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңіне жоспарланған басымдықтар көпшіліктің де көңілінен шықты.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер: «Жаңа міндеттерді орындауға мүмкіндік зор», – деп отыр. Сүт өнімдерінің 60 түрін шығаратын кәсіпорын жұмысына инновациялық технологиялар енгізілген. Жылына 36 мың тонна өнім өндіреді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы отандық тауар өндірушілер технологиялық жаңғыртуға өз үлестерін қоспақ. Ол үшін мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетілетіндігіне сенімді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

-Міне, аудан орталығындағы шағын кәсіпорынның өзінде 200-ге жуық өнім шығарылады. Ол Қазақстанда ғана емес, мына көрші Ресейде де сатыла бастаған. Бәсекеге қабілеттілік деген осы. Егер үлкен кәсіпорындарда дәл осындай жақсы технологиялық деңгейде дамитын болса, олар жаһандық нарықты еркін меңгере алатын болады. Елбасы Жолдауының басты мақсаты да осы.

7. Конституциялық реформа

Экономиканы айттық, енді саясатты саралап, сараптасақ. Конституциялық реформаны таразылауға елдің ықыласы ерекше. 26-шы қаңтарда Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылған болатын. Содан бері 500-ден астам ұсыныс келіп түскен. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобы әр ұсынысты мұқият зерделеп, жеке-жеке талдауда. Осы орайда талқылаудың аралық нәтижелерін саралап, кезекті жиын өткізді. Топ мүшелерінің айтуынша, заң жобасының базалық ережелері көпшіліктің көңілінен шыққан. Келіп түскен ұсыныстар Парламент рөлін, атқарушы билік органдарының жауапкершілігін күшейту, құқық қорғау және сот қызметінің, сондай-ақ меншік құқығы мәселелерін қамтиды. 

Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, жұмыс тобының жетекшісі:

-Қоғам Конституциялық реформаға ерекше қызығушылық танытып, өзгерістерді толықтай қолдап отыр. Біздің жұмыс тобының мүшелері әр азаматтың ұсынысын талдап, жеке-жеке талқылауда. Оған  әр түрлі саланың мамандары мен сарапшылар жұмылдырылды. Бұл ретте бүкілхалықтық талдауға Конституциялық реформаның тек жобасы ғана ұсынылғанын ескеру шарт. Ол осы ұсыныстардың нәтижесі бойынша өзгеруі мүмкін.

Бүкілхалықтық талқылау 25-ші ақпанда аяқталады. Содан кейін барлық ұсыныстар ескеріліп, заң жобасы Елбасының қарауына беріледі. 

Зинаида Федотова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры:

-Халық Конституцияда Елбасының ерен еңбегі елеп, ескерілуін қалайды. Себебі ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктеріміз тікелей Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасы. Сол себепті біз азаматтардан келіп жатқан барлық ұсыныстарды мұқият пысықтайтын боламыз.

Өмірәлі Жалаири, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры:

-26-бапта меншік туралы айтылған. Оны жермен байланыстырып отыр. Бірақ оның жерге қатысы жоқ. Жер туралы біздің Конституцияның 6-бабында айтылған. Жер тек қана мемлекеттік меншікте болады делінген.

Конституциялық реформаны іске асырумен айналысатын жұмыс тобына ұсыныс жолдағандардың бірі – экономика ғылымдарының кандидаты Убайдулла Мәмбетов. Ол: «Атқарушы биліктің қызметін қадағалайтын кеңес құрылса», –дейді. Кеңес Үкімет пен Парламенттің қызметіне баға береді. Бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Айтуынша, билікке арнайы топтың ақыл-кеңесі артықтық етпейді.

Убайдулла Мәмбетов, Экономика ғылымдарының кандидаты:

-Конституциялық реформаны жүзеге асыру барысында керек деп есептеймін. Бірақ бір бақылаудың үстіне бір бақылауды орната беру қажет емес деп ойлаймын.

Реформа нәтижесінде атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі артады. Жұмысы тиімді бола түседі. Ал саяси партиялар арасында бәсеке артады. Көпшіліктің ортақ пікірі осыған саяды.

Алтынбек Қоразбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

-Бұл өзгеріс біздің өсуімізге, өркендеуімізге қажет. Қазіргі арманымыз, ойымыз – өркендеген өркениет көрініп жатқан 30 мемлекеттің қатарына жету. Максатымыз – Мәңгілік ел болу, қазақ дегенді бүкіл әлемге әйгілі ету.

8. Басқару тетігі

Азаматтық қоғамның қағидасымен қарасақ, халық тізгін ұстаған тілекші ғана емес, тірек те болуы тиіс. Яғни ортақ істе таласудан бұрын, жарасуды ойлаған жұрттың асығы алшысынан түседі. «Жергілікті өзін-өзі басқару» жүйесінің жемісті болуы сондықтан.

Басқарудың бұл тәсілі елімізге 2013 жылы енгізілді. Сөйтіп, алғаш рет тұрғындармен келісе отырып, мәслихаттар арқылы ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. 2013 жылдың тамызында болған саяси науқан жергілікті жердің мәселесін жергілікті жерде шешудің жақсы үлгісі ретінде танылды. Бұл – бірінші кезеңнің белесі.

Енді екінші сатыда ауыл әкімдерінің өкілеттігін күшейту көзделіп отыр. Келесі жылдан бастап, дербес бюджет болады. Яғни өз қолдарының өз ауыздарына жетер күні жақын. Бірақ бұған ауыл-аймақ дайын ба? 

Гүлнәр Омарова, Бозайғыр ауылдық округінің әкімі:

-Мына жерде отырған менің бас маманым Сая маңызды сұрақтарды шешеді. Одан кейінгі Мейрамкүл – ақыл айтатын, әскерге шақырылғандарды жинайтын, сол кісілердің ата-аналарымен сөйлесетін кісі. Одан кейінгі бас есепшіміз біздің бюджетіміздің игерілуін қамтамасыз етеді. 

Бұл – Ақмола өңіріндегі Бозайғыр ауылдық округінің қызметкерлері. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолы қысқа болса да әрдайым көмектесуге әзір. Келер жылдан бастап, елімізде ауыл әкімдерінің өкілеттігі күшейеді. Олар елді мекеннің бюджетіне тікелей жауапты болмақ және табыс көздерін қалыптастыруға құқық берілмек. Бұған дайынбыз ба?

Шавкат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бюджеттік заңнамаға сәйкес жұмыс істеген соң, ертең тәжірибесі аз болғандықтан немесе бұл салада бұрын жұмыс істемегендіктен қателер болуы мүмкін. Сол қателер айналып келгенде ауыл әкімдерінің заң бұзуына алып келіп соғуы мүмкін.

Әкімдердің іскерлігі сыналатын кез. Қаржылық сауаттылық бірінші кезекте заңды белінен баспау үшін қажет. Себебі қазынаға түскен әр тиынның сұрауы бар. Көктемнен бастап, әкімдер бюджеттік заңнама бойынша білім алмақ. «Жергілікті өзін-өзі басқару» заңына сәйкес әкімнің жауапкершілігі екі есе артады. Бозайғыр ауылының бюджеті – 600 мың теңге. Бұл сома көшені жарықтандыру, мектеп жабдығын алу және спорт алаңын жөндеуге жұмсалыпты.

Гүлнәр Омарова, Бозайғыр ауылдық округінің әкімі

-Үш жылдың ішінде біз тәжірибе жинадық. Бізге ең бірінші маман керек. Заң тұрғысынан 600 мың шамалы ақша болса да, соның өзін жауапкершілікпен қарадық біз. 

Округтегі халық саны өсіп келеді. Сәйкесінше, жұрттың талап-тілегі азайған емес. Әзірге күрмеулі мәселені шешуге халық сайлаған қауымдастық мүшелері көмектеседі. Үнемі қызу талқылау. Қауымдастық құрамында 50 адам бар. Жиналыста бірауыздан мақұлданған шешімді аудандық мәслихат бекітеді.

Айнагүл Баянхан, жергілікті қоғамдастық мүшесі:

-Тәуелсіздік көшесі мен Төңкеріс ортасына балаларды мектепке тасымалдау мәселесі болған. Ол көтерілді. Жақсы шешімін тапты. Қазір балаларымызды тасымалдайды.

Әсем Қабылбек, тілші:

-Ауылдағы жергілікті қауымдастық мүшелерінің құзіреті кең. Олар жергілікті жердегі кез келген мәселені шешу үшін аянып қалмайды. Мәселен, Бозайғыр ауылында 3 мыңға жуық тұрғын бар. Биыл қауымдастық мүшелері қолма-қол бақылау шотына түскен ақша есебінен мынандай жол жүру белгілерін орнату туралы шешім шығарыпты. Бұл жұмыстың басы ғана.

Ауыл басшысы дербес есепшотты басқарудың қыр-сырын меңгеруде. Республика бойынша 6 мың ауылда Гүлнәр Омарова секілді 2500-ге жуық әкім жұмыс істейді. Келер жылы жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттілігі кеңейтілмек. Әзірге жоба Парламент қабырғасында қызу талқыланып жатыр. Бұл құжат өз жыртығын өзі жамайтын ауыл тұрғындары үшін маңызды. Осы уақытқа дейін бюджет республикалық, облыстық және аудандық деңгейде сатылай қалыптасты.

Санат Тұңғышбеков, ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің департамент директоры:

-Абаттандыру, балабақшаны ұстап тұру бар, содан кейін жарықтандыру, балаларды тасымалдау, мүгедек адамдарға көмек көрсету, аппараттың өзін қаржыландыру, міне, осындай 19 бағыт бар. Осыларды жергілікті бюджет қаржыландырады.

Бастапқыда тек білімге бөлінетін қаржы аудан қазынасына тәуелді болмақ. Табыс көздері көбейсе, түрлі сала біртіндеп ауылға бағынады. Бірақ бұл ауданнан бөлінетін ақша мүлдем сап тыйылады деген сөз емес. Тек сұранысқа сай қарастырылмақ.

Шавкат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Республика бойынша 2016 жылдың қорытындысымен 11 млрд қаражат сол жергілікті бюджеттерде жиналған екен. Бірінші күннен бастап, ауылдық округте жиналған қаражат бүкіл сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Ол түсінікті жағдай.

Ауыл әкімдеріне ақшаны беру өз тиімділігін көрсетті. Енді ерікті алымдар, жарнама, әкімшілік айыппұлдан түсетін қаржының тізіміне мүлік, жер салығы қосылмақ. Алда атқарар шаруа ауқымды. Шалғайдағы әкімдердің қазіргі уайымы – аппараттағы штат мәселесі. Істі бүге-шүгесіне дейін білетін маман тапшы.

Марат Әбдіқұл, Шарбұлақ ауылдық округінің әкімі:

-Салық инспекторына қосымша штаттар керек болады. Себебі 1675 салық төлеуші ғана анықталып отыр. Бұлардың бәрімен тікелей жұмыс жүргізуіміз керек. 

Шарбақты ауыл округінің құрамында 2 елді мекен бар. Халық саны – 4 774. Дені – жеке шаруа қожалықтары. Сүт, ет өндіреді. Кооператив құрып, оған сырттан инвестор тартқан. Қазығұрт ауданындағы атқамінерлердің міндеті – солардың жұмысын үйлестіру. Жергілікті халықтан түскен ақшаға қатысты жиі бас қосады. Қауымдастық пен ақсақалдар кеңесінің сөзіне құлақ түреді. Игерілген ақшаның есебі бар.

Лесбек Ырысынов, ақсақалдар алқасының мүшесі:

-Өткен жылы 2 млн-дай қаражат келді. Оны мектептерге бөліп берді. Енді алдағы кезде қаражат бөлінетін болса, ел ішіндегі мәселелер шешімін табар еді.

Ауылда салықты дәріхана, мейрамхана және азық-түлік дүкендерінің иелері төлейді. Жиналған қаражат ауыл игілігіне жұмсалады.

Нұрлан Жұмабеков, кәсіпкер:

-Ай сайын салығымызды төлеп тұрамыз. Қазіргі таңда ауыл әкімшілігінен төленген салықтарды осы жергілікті бюджетке түсетінін естіп жатырмыз. Сондықтан оны бәріміз қолдаймыз.

Қазынашылық ақпараттық жүйені ауылға жеткізу үшін интернет қажет. Төменгі палата депутаттары құжаттың шикі тұстарын атап көрсетті. Мәселен, қаржылық бақылау жүйесі әлсіз. Төртінші деңгейлі бюджетке әкімдіктер жауапты. Ал тексеру комиссиясы ақшаның қалай игерілгенін екінші деңгейден бастап қарауға құқылы. Кей сұрақтар басы ашық күйінде қалып отыр.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ішкі бақылау қалай жүргізіледі? Кім жүргізеді? Ол қандай деңгейде болады?

Жергілікті басқару – дамудың жолы. Заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылмақ. Біздегі жүйе Польша үлгісіне сәйкес. Себебі территориялық бөлінісі Қазақстанға ұқсайды. Елімізде 2012 жылдан бастап, жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты тұжырымдама аясында біраз іс атқарылды. 2018 жылдан бастап, халқының саны 2000 адамнан астам әкімшілік аумақтарда, 2020 жылдан барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4 деңгейі енгізілмек.

Бозайғырда кезек күттірмейтін істің бірі – жол салу. Қысы-жазы балшықтан ығыр болған ағайын жылдар бойы айтылған мәселені шешуге ден қоймақ. Ауыл әкімі Гүлнәр Омарованың да арманы сол. Аядай ғана 2 бөлмені жалға алған аппарат басшысы: «Осы жерде халыққа пайдалы шешім қабылдасам», – дейді. Ауылдық округ бас шаһар іргесінде болғандықтан, Елордаға қарап, бой түзегісі келеді.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Нұрбек Байбосын, Марат Таубаев, Нұрмахан Мұсатов  

9. Трансформация – уақыт талабы

Осыдан 9 жыл ілгеріде Елбасы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын» құрған болатын. Мақсат ел байлығын еселейтін, жоғары технологиялы компания қалыптастыру еді. Алайда ол идеяны жүзеге асыру мүмкін болмады. Оған экономикалық дағдарыс кедергі келтірді. Анығы, аумалы шақтан елді аман алып шығудың амалын қылу қорға сеніп тапсырылды. Ол ауыр жағдайдағы екінші деңгейлі банктердің активіне кірді.

Қаржылық қиындықтармен алты жылдай алысқан Қор 2014 жылы әу бастағы миссиясын орындауды ойластырды. Сөйтіп, тілімізге «трансформация» деген түсінікті енгізіп, жаңарудың жаңа бағдарламасын бастады. Сол кезде Мемлекет басшысы Әл-ауқат қорына ауқымды міндет жүктеген болатын. 5 жылда әлемдегі ірі компаниялардың Fortune-500 тізіміне қазақстандық үш компания қосылу тиіс еді.  Бұл рейтингке негізінен түсімдері 5-тен 500 миллиард долларға дейін жететін батыстың жетекші компаниялары кіреді. Мұндай мәртебелі қатардан қашан көрінеміз? Трансформациялау бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр? «Самұрық-Қазына» қорының ғылыми-техникалық әлеуеті қаншалықты артты? 

Ізденіс, жаңа стратегия мен тәсілдер, жұмыс механизмін өзгерту – уақыт талабы. Нәтижесі – қуатты өндіріс пен еселенген пайда, ұлғайған активтер. Мұның барлығы «Самұрық Қазына» басшыларынан да, қатардағы қызметкерлерінен де жаңашылдықты талап етеді. Себебі өзгерістерді іске асыратын нақты адамдар. Кәсібіне адал, жаңашыл, еңбекқор қызметкерлер болмаса, еліміздің экономикасына тірек болып отырған ірі ұлттық компанияларды трансформациялау мүмкін емес.

Заманбек Шопанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Активтерді басқару бағытының жетекшісі:

-Компания үшін өзгеріс енгізу қиынға соғады. Бір мезетте барлық жұмыс процесі басқа жүйе арқылы жүзеге асырылады. Оны әр қызметкерге басынан бастап түсіндіру үшін өзгеріске байланысты кешенді жұмыс жүргізу қажет.

Заманбек Шопанов үнемі ізденіс үстінде. Білікті маман «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі өндірістік активтерді, яғни темір жолдар, станциялар, вагондар, локомотивтер мен электр желісін басқару үдерісін жетілдіруге жауапты. Темір жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан әр нысан туралы мәлімет бірыңғай жүйеге жинақталмақ. Бұл қадам істен шыққан құрылғыны ауыстыру және жөндеуге қатысты шешім қабылдауды жеңілдетпек. Үнемдегеннің есебі түгел. Компания алдағы бесжылдықта 14 млрд теңгені үнемдеуді көздеп отыр. 

Ал «Самрұқ-Энерго» компаниясында былтыр барлық еншілес компаниялардағы тауар-материалдық құндылықтарлы қадағалайтын жүйе құрылды. Жобаның арқасында 4,5 миллиард теңге үнемделді. Бұл бастаманың мақсаты – ірі жобаларды іске асырғаннан кейін қоймаларда қалған материалдарды анықтап, оларды өндірісте қолдану. Бастысы – қоймалардағы материалдарды пайдаға жарату және осылайша қаражаттың тауар түрінде қалып қоюына жол бермеу. Тексере келе компанияның қоймаларынан құны 7,5 миллиард теңге болатын қолданылмайтын материалдар табылды.

Бағлан Исенов, «Самұрық-Энерго» АҚ Генерация және отын департаментінің директоры:

-Біздің мекемелердің қоймаларында сақталып тұрған қорларды тексеріп, қалған қалдықтарды қолданысқа енгізу жөнінде идея туды. Бұл жөнінде біздің әрбір мекемеде жұмыс топтары құрылды.

Трансформацияның көздегені «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорындағы табысты еселеп, жұмысты оңтайландыру. «Қазатомөнеркәсіп» осы бағытта сатып алудың жаңа стратегиясын жасады. Компанияға қажетті кез келген затты таңдауда ең арзанына жүгірмейді. Тиімді ұсынысты қарап, жан-жақты таразылайды. Заттың бағасы мен жөндеуге кететін шығынды есептейді. 

Сүйіндік Ахметов,  «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ Сатып алулар жөніндегі басқарманың менеджері:

-Мысал келтірсек, біздегі уран өндіретін компаниялар насос қолданады. Нарықта ондай материалдың алуан түрі бар. Сатып алу кезінде ең қымбатын немесе арзанын алуға болады. Алайда біз ұзақ таңдау жасап, зерттедік. Арзанын алсақ, қосымша шығын. Істен шықса, жөндеу керек. Қосалқы бөлшектері тағы ақша. Қымбат насосты ұзақ қолданамыз. Электр энергиясын да аз тұтынады.

Жаңа механизм ақшаны үнемдеуге сеп. Мысалы, электр қуаты мен жанар-жағармайға кететін шығын азайған. Бас-аяғы – 310 млн теңге. 2017 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд-қа дейін жетуі мүмкін.

Жоспарсыз басталған бизнес құрдымға кетумен тең. Мамандар ұзақ ізденіп, істі өнімді етудің жолын тапты. Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі уақытты үнемдеп, өндіріс көлемін еселеуге мүмкіндік береді.

Себебі жұмыс барысын IT платформасында математикалық әдіспен оңай есептеп, шығарады. Жаңа модель табиғи ресурстарды үнемді қолдануға пайдалы. Кез келген жоспарды модель құру арқылы нәтижесін есептейді. Соңында бірнеше нұсқаның ішінен ең үздігін таңдайсыз.

Асылтас Айдосова, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ Экономика және жоспарлау департаментінің бас менеджері:

-ИСП-ның пилоттық жобасы Қызылорда облысындағы «6-Рудоуправление» еншілес ұйымында өткізілді. Бұл жұмыстардың арқасында пилоттық жобада бірнеше өндірістік мәселелер шешілді. Солардың арасындағы айтуға тұрарлығы УППР цехының электр қуатын үнемді қолдануы. Бұл шешімнің арқасында тек осы цех бойынша жылына 2 млн кВтт немесе 30 млн теңгеге дейін шығынды азайтуға болады.

Техника қарыштап дамыған заманда айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу нағыз бәсеке. «Қазпошта» әлеуметтік, халықтық міндетін арттыра түспек. Жылдам әрі сапалы қызмет көрсету міндеті күнтәртібінде тұр. Мәселен, поштаның іріктеу бөлімінде 31 қызметкер 10 млн-ға жуық жөнелтім жасаса, келесі бөлімде 19 адам осындай көлемдегі жұмысты тиянақты атқарған.

Ирина Янушкевич, «Қазпошта» АҚ Жабдықтау департаментінің бас менеджері:

-Заттарды іріктеп, жан-жаққа жөнелтетін мамандар өздері идея ұсынды. Басшылық қолдаған соң, бастаманы жүзеге асыруға кірісті. Барлық процесс оларға белгілі. Бірнеше рет сканерден өткізілетін затты бір рет қарауға мүмкіндік туды. Жаңа жобадан соң, жұмыс жеңілдеп, жылдамдық артты.

Жаңа жүйенің көпшілікке берері мол. Қызмет көрсету сапасы артты. Халық та дән риза. Байқасақ, трансформация аясында қолға алынған ұтымды механизмнің денін ұсынған – қарапайым жұмысшылар. Олар өндіріс кезінде салыстырады, сараптайды. Сөйтіп, ең тиімді жолды таңдауға көмектеседі. Қазпоштаның» тағы бір жаңалығы трансформация шеңберінде сатып алуларды жүзеге асыру тәсілі өзгерді. Бұрынғыдай емес. Уақыт – ол мүмкіндік. Бизнес тілімен айтсақ, ақша. Жыл сайын сатып алу процедурасы ұзаққа созылады. Енді жеткізушімен 3 жылдық келісімшарт жасалады. Келетін пайда мен шығын тапсырыс беруші мен жеткізушіге ортақ. Пошта вагондарын жөндеу жөніндегі келісім – ұзақмерзімді стратегия. Шығын 12-16 пайызға қысқармақ.

Салтанат Бағжанова, «Қазпошта» АҚ Жабдықтау департаментінің бас менеджері:

-Жыл сайын сатып алу процедулары шамамен 2 айдай уақытты алады. Бұл дегеніміз іс жүзінде сол кезде вагондардың тұрып тұратынын білдіреді. Ал жөнелтілімдерді тасымалдау үшін басқа жолдар жүзеге асырылады. Яғни бұл қосымша шығындарға алып келеді.

Мамандардың есебінше, тың тәсіл арқылы 2017 жылдың соңына дейін 400 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік бар. Жоспар ауқымды. Әзірге 10 санатты құрап отыр. Ендігі кезекте 63 санат бойынша тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсету тұр. «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының менеджерлері ірі жобаларды бірыңғай басқару жобасын әзірлеуге кірісті. Бірыңғай механизм сырттай бақылауға тиімді. Инвестиция тартуға қолайлы. Барлық жоспар көз алдыңызда. Трансформация басталғалы ұлттық қордағы еншілес 6 компанияның жұмысы ширады. Стратегия, заманауи технология, менеджерлер тобы, директорлар кеңесінің құрамы өзгерді.

Атқарар жұмыс әлі де көп. Жауапты міндетті еңсеруге болады. Бұл – әлемдік үрдіс. Трансформация бағдарламасы – күллі экономикамызға арналған ұзақ мерзімді реформа. Өзгеріс болмаса, өрлеу жоқ.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Дәурен Жұрхабаев, Марат Таубаев, Абдулла Исаев 

10. Техникалық кездесу

Шам елінде біраз үйдің шамы жанып, шаттық орнаған елді мекендердің қатары 1192-ге жетіпті. Бұл жетістікте «Астана процесінің» үлесі бары сөзсіз. Біздің халық бейбітшілік жолындағы кез келген бастаманы бір ауыздан қолдайды.

Осы аптада Елорда төрінде Сирия мәселесі бойынша техникалық кездесу өтті. Жиынға Ресей, Түркия және Иран елдерінің сарапшылары мен БҰҰ-ның арнайы өкілі келіп, қатысты. Естеріңізде болса, бас қалада 23-24 қаңтар күндері келіссөздер болып, Сирияда оқ атуды доғару режимін бақылаудың үшжақты механизмін енгізу туралы шешім қабылданған.  Бұл жиын сол Астана процесінде қол жеткізілген келісімдерді нақтылау үшін ұйымдастырылды. БҰҰ-ның өкілі техникалық кездесудің нәтижелі өткенін мәлімдеді. Айтуынша, тараптар талқылауға тасталған барлық мәселе бойынша келісімге келген.

Станислав Гаджимагомедов, Ресей делегациясының басшысы:

-Тараптар өзара сенім шаралары мен кедергісіз гуманитарлық қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Делегациялар оқ атуды доғару тәртібін орындауда ықпалдастыққа дайын екендіктерін жеткізді. Қазақстан тарапына алаң ұсынғаны, бірлескен топтың отырысын ұйымдастыруға жағдай жасағаны үшін алғыс айтамыз.

Астанадағы келіссөздерден кейін Сириядағы жағдай біршама өзгерді. Оппозиция өкілдері Мәскеуге келіп, бір-бірінің талаптарын тыңдап көрді. Мұның да атысты тоқтата тұруға ықпалы болатыны анық. Егер елдегі бүгінгі тыныштық неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым бейбіт келісімге келу мүмкіндігі артады. Сондықтан техникалық келісімнің де маңызы орасан.

Сирия келіссөздерін сәтті ұйымдастырған Қазақстан студенттер арасындағы спорттық сайыстың да сән-салтанатын жарастырып, жақсы өткізді. Жасыратыны жоқ, әу баста-ақ ойындар артық шығын деп секемденгендер болды. Жоғары деңгейде өткізе аламыз ба деп, күдік білдіргендер де табылды. Бірақ талпыныс жасаған Қазақ елі бұл байрақты шараны да әдеттегідей дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей етіп өткізді.  

11. Қош бол, Универсиада!

Еске салсақ, 28-ші Қысқы Дүниежүзілік Универсиадада біздің саңлақтар 36 медальді олжалады. Соның 11-і – алтын.  Жалпы есепте теріскейлік көршіміз Ресейді ғана алға жібердік. Осындай жоғары нәтиже көрсеткен ұлттық құраманың мүшелерін Елбасы құттықтады. «Сіздердің қайсарлықтарыңыздың арқасында Қазақстанның жалпы командалық екінші орынға қол жеткізуі – елдің биік беделінің, бұқаралық спорттың дамығандығының айқын көрсеткіші. Қазақстанның спорт мектебінің даңқын тағы бір мәрте асқақтатып, жоғары дайындықтарыңызды, жеңіске деген ұмтылыс пен ерік-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. 2017 жылғы Универсиада барлық қазақстандықтар үшін нағыз мерекеге айналды», – делінген құттықтауда.

Ия, спортшыларымыз ел намысын үшін ерен ерлік қылды. Оларды мақтасақ та, олармен мақтансақ та жарасады. Өйткені, олар чемпион. Сонымен 11 күнге созылған аламан қандай қызығымен есте қалды? Кімдердің есімі ел жадында ерекше сақталды?

Бүкіләлемдік 28-ші Қысқы Универсиада ойындары да тарих қойнауына жол тартты. Алатау бөктеріндегі абыр-сабыр күндер артта қалып, қаланың қызу  тіршілігі қайта жалғасты. Студенттер сайысы несімен есте қалды деген сауал тұрса, алдымен ашылуы мен жабылу рәсіміндегі әдемі де әсерлі көріністер көз алдымызға келеді. Расында бұрын-соңды Универсиада ойындары дәл осылай жоғары деңгейде ұйымдастырылмаған. Бұл біздің ғана емес спорттың басы қасында жүрген мамандардың және ФИСУ басшыларының да пікірі. Ине-жіптен жаңа шыққан спорттық нысандарымызды шетелдік меймандар бас бармақпен бағаласа, атлеттер ауылына тіпті бас шайқады. Мұндай қалашық Рио Олимпиадасының өзінде болмағанын тілге тиек етті. Ал Медеу мен  Шымбұлақ,  Табаған мен Талғардың тамаша табиғатына таңдай қаққандар таңданыстарын жасыра алмады.

Шуе Янчинг, Азия студенттер спорты қауымдастығының президенті:

-Мен осы уақытқа дейін көптеген Универсиаданың куәсі болдым. Бірақ дәл бүгінгідей әсерде болған емеспін. Өте жоғары деңгейде дайындалғандарыңыз көрініп тұр. Спорттық нысандар қатты ұнады. Әсіресе Атлеттер қалашығы қандай керемет.

Лей Ло, жаттықтырушы /Қытай/:

-Қазақстан бізді құшақ жая қарсы алды. Медеу мен Шымбұлақты бұған дейін естігем. Ал көзбен көрген кезде керемет әсерде болдым. Табиғаты қандай тамаша. Аспанмен тілдескен биік тауларыңыз алыстан көз тартады. Маған  бәрі қатты ұнады.

Доржсурэнгийн Жаргалсайхан, Моңғолия студенттер спорты қауымдастығының басшысы:

-Мен Қазақстанға жиі келем. Өйткені маған сіздердің табиғаттарыңыз қатты ұнайды. Өзім ғана емес, жанұяммен келіп, осында демалып қайтуды жөн санаймын. Медеуге келіп коньки теуіп, Алатау баурайында шаңғы тепкенге не жетсін.

Универсиада бізге не берді деген сауалға келсек, бұл байрақты бәсекенің бірінші кезекте қаланың ғана емес Қазақстанның имиджін қалыптастыруда маңызы зор. Әрине бұған дейінде әлемге ірі додаларды қабылдай алатынымызды дәлелдегенбіз. Осы жолы шегелей түстік. Ендігі жерде Олимпиаданы өткізетін мүмкіндігіміз арта түсті.

Елсияр Қанағатов, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

-Студенттік федерация басшылары: «Олимпиадалық ойынды өткізуге дайынсыздар», – деп айтып отыр. Шынында бір ғана объекті керек. Шана-бобслей кешені қажет ,қалғаны бәрі дайын. Мен ойлаймын, Олимпиаданы біздің өткізуге шамамыз бар. Әлі де соған тырысу керек. Халықаралық жарыстардың пайдасы бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан жасап жатқан істердің бәрі осы елге, халыққа, жастарға арналып жатыр деп білеміз.

Спорттық сайыстардағы жетістіктерімізді журналистер жарыса жазды. Расында медальдан тау тұрғыздық. Студенттер жарысына кәсіпқой спортшыларымыздың қатысқанын да естен шығармаған жөн. Қысқы спорты дамыған елдер студенттерден спортшы шығаруды жөн санаса, біз  алдыңғы қатардан көрінуді мақсат тұттық. Жоспар орындалды. Ресейді алға жіберіп, екінші орыннан көріндік. Спорттың жеті түрінен жүлде алдық. Үкілеген ұл-қыздарымыздың барлығы сенімді ақтай алмады. Әсіресе, Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына қатысып жүрген конькиші жігіттер жүлдеге ілінбеді. Ал фристайлшылар жарады. Жарыстың алғашқы күндері-ақ 9 медаль алып, қоржынымыздың қос бүйірін шығарды. Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхард және Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаевалардан енді Олимпиада Ойындарында жүлде күтеміз. Жүлде кейде біз ойламаған жақтан да келіп жатады.

Алматы Универсиадасы ашқан жаңа есімдер шаңғышы Иван Люфт пен биатлоншы Роман Ереминдердің болашағынан зор үміт күтеміз. Екеуі де жас, екеуінің де жеңіске деген құлшынысы ерекше. Универсиададан жүлдесіз қайтпайтын шаңғышылар сол дәстүрден жаңылған жоқ. Қос Анна Шевченко мен Стоян және Сергей Малышевтардың жеңісіне жұрт куә болды. Қазақстандық шорт-трек шеберлерімен күллі әлем санасады дегенді айтқанбыз. Алтын бұйырмады демесеңіз, Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никишалар аянып қалған жоқ. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен алтын алмаса бір өкініштің болары анық еді. Тәжірибелі спортшы намысқа тырысты. Биатлоншы Галина Вишневскаяның барлық алтынды жиып алатын мүмкіндігі болған. Бірде қателесті, бірде бағы жанбады. Дегенмен Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Бұған дейінгі жарыстарда жолы болмай келген Алина Райкованың Алматыда асығы алшысынан түсті. Конькиші Екатерина Айдоваға жарайсыңды айтсақ, жарасады. Медеуде медаль алған жалғыз спортшымыз – осы Айдова. Ал керлинг пен тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы мен шаңғымен трамплиннен секіру, сондай-ақ сноуборд секілді спорт түрлеріне серпіліс қажет. Көрсеткен нәтижелері көңіл көншітпейді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлеріміздің еңбегі еш кеткен жоқ. Үкімет қомақты сыйақы тағайындады.

Қайрат Закирьянов, ҚР Студенттер спорты қауымдастығының президенті:

-Нұрсұлтан Әбішұлы өз студенттерін қолдады. Президент: «Қазақстанның экономикасы өте жоғары деңгейде. Біз «ЭКСПО-ны» да, Универсиаданы да өткіземіз», – деді. Сондықтан Елбасыға бүкіл студенттердің атынан алғыс айтамын.

Әлемді шарпыған қаржы дағдарысы кезінде экономикасы дамыған елдердің өзі мұндай байрақты бәсекені өткізуге жүрексінетіні анық. Сын садағы таяған тұста ауызбіршілік танытып, кешенді сынды абыроймен атқарып шықтық. Қыруар қаржы жұмсалып, зәулім үйлер мен спорттық кешендер салынды. Балуан Шолақ пен Медеу және Шымбұлақ шаңғы базасы қайта жөндеуден өткізілді. Ендігі жерде сол спорттық нысандар қаңырап бос қалмай, ел игілігі үшін қызмет жасаса деген тілек бар. Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаеваның жеңістері жастарға үлгі болып, Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиевке еліктеген қазақ жастары әлі-ақ Олимп шыңын бағындырады деген үміт басым.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы Мұхит Құдықбаев, Ерлан Әбжанов