Хабар телеарнасы

2024 жыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін олжалы болды

2024 – Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін олжалы жыл болды. Диқандар дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде аталған сала ел экономикасында мұнай мен өнеркәсіп және басқа да бағыттарды артқа тастап, көш бастады. Ауыл шаруашылығы саласының тағы қандай жетістіктері бар? 

Ұлу жылы егіншілер үшін қолайлы болды. Жаңбыр мол жауып, шаруалар астық жинаудан рекорд орнатты.

Қазақстандық диқандар 2024 жылы 26,7 млн тонна астықты қамбаға құйды. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерден асады. Бұл көрсеткіш 2023 жылы гектарына 10 центнерден ғана болған еді. Одан бөлек 3 млн тоннадан астам майлы дақыл, 2,9 млн тонна картоп, 4 млн тоннаға жуық көкөніс және 2,5 млн тоннадан астам бақша дақылдары жиналды.

Үкіметтегілер мұны қаржылай қолдаудың көптігімен байланыстырады. Оның көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге жетті. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Аталған қаражат егіншілерге жеңілдетілген несие беруге және оның пайыздық мөлшерлемесін төмендетіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. Ал 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорындар да кеңейіп жатыр. Мәселен, Қостанайдағы диірмен кешендерінің бірі жылына 85 мың тонна ұн өндіретін жаңа нысанды іске қосты.

Сайлаубек Әлішев, диірмен кешенінің директоры:

-Өндіріс бөлімінен ақша алып, ол ақшамен мына әлемдік брендтегі оборудование алдық. Бізде өзімізде 150 адам бар. Бұл оборудование қосылғаннан кейін 100 адам қоспақшымыз. Ұнды үш сортты қылып шығарамыз. Жоғары, 1,2 сорт. Сататын елдеріміз Өзбекстан, Ауғанстан. Жаңадан Араб Әмірліктеріне шығатын ниет бар.

Шаруаларды қаржылай қолдаудың тағы бір түрі – субсидия беру. 2024 жылы аталған қайтарымсыз қаражаттың жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жеткен. Үкімет мүшелері: «Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш»,– дейді. Бірақ 2025 жылдан бастап оны үлестірудің тәртібі өзгеріп, талабы күшейеді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

-2025 жылдың қаңтарынан бастап субсидия алушыларға белгілі бір міндеттер жүктеледі. Яғни олар өнімділікті арттырып, кәсібін кеңейтуі тиіс. Талапты орындамаса, алдағы уақытта субсидия ала алмайтын болады. Бұл түрлі құйтырқы әрекеттердің алуға мүмкіндік береді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Бұрын субсидия «Қолдау» деген жүйе арқылы берілетін. Ол өзі ақылы болатын. Оның үстіне жемқорлық тәуекелдері де болды. Ал қазір мемлекеттік портал арқылы тек электронды кезекпен алады. Тағы бір нәрсені түсіну қажет. Субсидия деген фермерлердің қандай да бір шығынын жабу үшін беріледі. Яғни шаруа мал немесе техника сатып алғаны туралы құжаттарды ұсынуы тиіс.

Мәселен, қазір отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғандар үшін шығынның 30% мемлекет өтеп береді. Ал Қазақстанда құрастырылмайтын техниканы сырттан сатып алса, оған жұмсалған ақшаның 25% Үкіметтен алады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Жалпы субсидияның шаруаларға тигізер пайдасы көп. Агроөнеркәсіп кешені дамып келеді. Мәселен, бір ғана техникаларды жаңартуға келетін болсақ, 2014 жылы техникаларды жаңарту деңгейі екі-ақ пайыз болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 пайызға жеттік. Яғни, біздің шаруалар осы жылы 22 мың заманауи техника сатып алды.

Бірақ келешекте субсидия деген атымен жойылады. Үкімет біртіндеп жеңілдетілген несие жүйесіне көшуі тиіс. Бұл Президенттің тапсырмасы. Әзірге оның жылдық үстемесі 5% деп белгіленіп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Оспанов