Атырау облысында ауыл шаруашылығы мамандары тапшы
Салдарынан тауарлы сүт фермалары мен ет бағытындағы асылтұқымды шаруашылықтар өнімдерін өңдей алмай отыр.
Өңірдегі мал өнімін өңдеумен айналысатын 6 кәсіпорынға 30-ға тарта кәсіби маман керек. Ал облыстағы агроколледж студенттерінің мал шаруашылығына баратын ниеті жоқ. Осыған орай жергілікті билік еліміздің өзге өңірлерінен агроном, технолог, зоотехник, мал дәрігерлерін шақыруды жоспарлап отыр.
Махамбет ауданындағы тауарлы сүт ферасы бір кезде сиыр сүтінен 12 түрлі өнім шығарған. Қазір тек сүт пен қаймақ ғана өндіреді. Себебі өнім өңдейтін технолог-маман жоқ. Ферма бүгінде өз мүмкіндігінің тек 40%-ін ғана пайдаланып отыр.
Гүлсім Қалесова, серіктестік басшысы:
- Қазіргі уақытта ветеринарлар жетпейді. Сонымен қатар сүт өнміне зауыттан шығаратын, түрлі өнім шығаратын технолог-мамандар жетіспейді. Себебі Қазақстан бойынша сүт зауытының технологтары өте тапшы. Оған қоса агрономдар да жетіспейді.
Фермада 700-ге тарта мүйізді ірі қара бар. Оның 400-і сауынды сиыр. Өнім тек шикізат күйінде тұтынушыға кетіп жатқандықтан, табыс аз. Жұмысы ауыр және еңбекақысы төмен болғандықтан мамандардың тұрақтайтын түрі жоқ.
Гүлсім Қалесова, серіктестік басшысы:
- Колледжді, университет бітіріп келгендер келіп, жұмыстарын жасап, әрі кеткенде 5-6 ай жасайды да кетіп қалады. Жаңа бітірген маманға 200 мың теңге ұсынамыз. 200 мыңды олар аз көреді. Біз ауылшаруашылығы өзіміз дотацияда отырғаннан кейін табыс қатты көп болмағандықтан, 200 мыңнан жоғары жаңа бітірген мамандарға беру қиындау.
Осыдан 6 жыл бұрын келген жас ветеринар шаруашылық жанынан баспана алыпты. Оның коммуналдық шығынын ферма төлейді. Шаруашылық басшылығы келген мамандарға жағдай жасауға дайынбыз, - дейді. Қазір мұнда 2 мал дәрігері мен 2 технологтың орны бос тұр.
Жасұлан Сұлтанғалиев, облыстық АШБ бас маманы:
- Осыған байланысты біздің облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс орындарын дамыту үшін жас мамандарды, сала мамандарын жұмыс жасауға шақырамыз. Жас мамандарға үй сатып алуға, бірреттік ақша түрінде қаражат қарастырылған.
Атырау облысында 2 мың 300-ден астам мал шаруашылығымен айналысатын құрылым бар. Оның 113-де асылтұқымды мал өсіріледі. Ет және сүт өнімдерді өңдейтін 6 өндіріс орнына 30-қа тарта маман керек.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин