Жеті күн 18.02.2017 жыл
1 Елбасы кездесулері
«Екі тартпа жоқ болса, ат үстінде ер тұрмас. Екі үзеңгі жоқ болса, атқа адам міне алмас. Бәрі бірдей сай болса, шайтан түгіл жын алмас». Қазақтың осындай керемет қанатты сөзі бар. Төркінін тарқатсақ, қиындық қысқанда қасыңнан табылар үзеңгі жолдасың мықты болсын дегенді меңзейді.
Мұны айтып тұрған себебім, осы аптада Елбасы ел үмітін үкілеген үзеңгілестерін Ақордада жинады. Олардың барлығы «болу мен бордай тозудың» алдында тұрған жас мемлекеттің іргесін бекем етуде бел шеше еңбек еткен. Яғни халықтық істе таласқандар емес, жарасқандар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Тәуелсіздіктің 25 жылдығын өткіздік. Қас қағым заманда уақыт зырылдап өтіп кетті. Кеше ғана Тәуелсіздік жариялап едік. Енді, мінекей, 25 жылдың ішінде бірталай заман өтті басымыздан. Cол кезде елдің жанында болдыңыздар, қызметтес болдыңыздар. Қызметті аяқтап, демалысқа шыққандарымыз да бар арасында. Замандаспыз, елге бәріміз тілектеспіз. Енді бір межеден өттік, бір төбеге шықтық деп айтуға болады. Елімізді белгілі қылдық. Экономикасын көтердік. Қазақстанымызды сыйлы мемлекет ретінде таныта білдік. Қазіргі істейтін шаруамыз бұрынғыдан басқаша. Оңай емес. Осылардың төңірегінде ойларыңызды білу үшін шайға шақырып отырмын. Екіншіден, ұмытып кетті деп айтпасын деп, сендермен тағы да бір жүздесіп, көріп, аман-есендіктеріңді білу үшін жинадым.
Емен-жарқын әңгімелесуде қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері Конституциялық реформаны толық қолдайтындықтарын білдірді. Бұл ең алдымен Парламент пен Үкіметтің өкілеттігін кеңейтіп, олардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
Ал Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылында еңсерген толағай табыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Қазақстан экономикасына керектінің бірі –инновациялық технологияларды тарту. Егер бұл шараларға қаражат бөлмесек, онда бізге әлемдік жаңа экономикалық құрылымнан тысқары қалу қаупі төнуі мүмкін екені ескеріліп, біраз шаруаның жедел түрде қолға алынып жатқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде жаппай өндірісті дамытуға маңызды қадамдар жасалғанын да атап өтті. Жаңашылдықтар енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырған жөн. Ғылымның озық жетістіктерін өндіріске жеткізу үшін жетекші жоғары оқу орындарының жанынан ғылыми-зерттеу институттары құрылмақ. Оларға жүйелі қолдау да көрсетіледі. Мұндай ғылыми-зерттеу институттарын «Алатау» инновациялық технологиялар паркі мен Назарбаев Университетінің жанынан құруға қазірдің өзінде мүмкіндік барын айтты Елбасы.
Осы тұста айта кеткен жөн, Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы жаңғырту жолындағы бастамаларын Еуразия Даму банкі де жоғары бағалайды. Олар: «Қазақстанның үшінші жаңғыруын – жаһандануда жұтылмаудың ұтымды шешімі», – деп ұйғарып отыр.
Дмитрий Панкин, Еуразия Даму банкінің басқарма төрағасы:
-Менің ойымша, шикізатқа тәуелділіктен арылу – дұрыс шешім. Егер экономиканың 50 пайызы мұнай мен газдан түскен табыстан тұрса, бұл айтарлықтай қауіпті. Бұған инвесторлар да мән береді, себебі тәуекел бар. Сондықтан экономиканы жаңғырту жөніндегі міндеттің маңызы зор.
Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы Дмитрий Панкин арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында биыл Қазақстанның 30 жобасын қаржыландыруды жоспарлап отырғанын айтты. Инвестиция көлемі – шамамен 1 миллиард доллар. Қаржы ұйымы бұл жолы ауыл шаруашылығынан гөрі тау-кен өндірісі, құрылыс, энергетика және телекоммуникация салаларына басымдық беруді жөн көріпті. Дегенмен аграрлық секторды да қолдауға дайын. Тек талаптары бар: «Саланың сабын ұстағандар менеджментті жетік меңгерсе», – дейді.
Мұндай олқылықтың барын Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков те растады. Мәселен, Қазақстанда 1 миллион 600 мыңнан аса шаруашылық бар. Арасында ұсағы көп. Барлығы тауарын өткізетін бір ғана жерді біледі. Ол – базарға барып сату, болмаса есік қағып, дүкендерге өткізу. Ал кең нарық дегенді көбі елестетіп те көрмеген.
Төлеутай Рахымбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:
-Біздің шаруалардың менталитетін өзгерту керек. Базар мен ауқымы кең нарық екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Ұсақ шаруаның азғантай өнімі жиналып, өңделгенше, бірнеше қолдан өтеді. Делдалдар көп.
Басқару жүйесінде жетілмеген кемшін тұстың барын, әрине, жасырмаймыз. Бірақ жапырағы қамқадай, топырағы торқадай Оңтүстік жұрты жеміс өсірудің жөнін де, төрт түліктің тілін де өзгеден жүйрік білмесе, кем түспесіне кепілдік береміз. Облыс диқандары былтыр егіс көлемін 13 мың гектарға ұлғайтып, 633 мың тоннаға жуық дәнді-дақыл жинаған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға көп. Түсім көлемін де Тәуелсіздіктің 25 жылында болмаған рекордтық деңгейге жеткізіпті. Яғни бір гектардан орташа 25,1 центнерге дейін өнім алған.
Осы тақілеттес өңірдің өткен жылғы жетістіктері мен 2021 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары жайында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының алдында баяндама жасады. Қабылдауда Нұрсұлтан Назарбаев еңбек нарығын реттеу саласындағы жұмыссыздық мәселелеріне баса назар аударып, оны шешу үшін шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту қажеттігін айтып, аймақ басшысына тапсырма берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Шағын және орта бизнес. Олар көбеймейді, төмендеп жатыр немесе сол қалыпында тұр. Осындай мәселелерді байқау керек. Одан кейін менің күш салып жатқаным – Шымкентті миллиард тұрғыны бар қала жасау үшін жаңа орталығын салу. Сол төңіректе шоғырланып, халықтың санын көбейтіп, Шымкентті миллион тұрғыны бар үшінші қалаға айналдыру керек. Жинаған тәжірибеңді пайдаланып, инвестиция тартып, соның барлығын ары қарай жылжытып, Үкіметтің жиналысында естідің, тапсырма бар. Жасалып жатқан шаруаны қолдау үшін жұмыс істеу керек.
2016 жылы облыста «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ 380,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Өндіріс өркендеп жатыр. Бірақ салық түсімі әлі төмен. Тиісінше, дотацияның да деңгейі өзге өңірлерден басым боп тұр. «Сондықтан өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларын дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру істерін күн тәртібіне қою керек», – деп міндет жүктеді Елбасы.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Елбасымыз ОҚО-ның бүгінгі таңдағы және келешектегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы нақты тапсырмалар берді. Бұл тапсырмалардың барлығы Елбасымыздың Үндеуі, Жолдауы және соңғы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмалары бойынша дамиды. Негізгі басымдық беретін мәселелер – ауыл шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту және де өнеркәсіп өндірісін дамыту. Осы салалар бойынша Оңтүстіктің потенциалы мол екені айтылды.
Өрісі кең өндірісті аймақтардың бірі – Ақтөбе. Мұндағы атқарушы билік 2016 жылы түрлі халықаралық ұйымдарды тарту арқылы 6 өнеркәсіпті іске қосып, 600-дей адамды жұмыссыздықтан құтқарған. Сондай-ақ өңірге өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 18 милилард теңге бөлінген болатын. Соның 99,2 пайызы игеріліп, нәтижесінде 65 инвестициялық жобаның 31-і жүзеге асыпты. Сонымен былтырдан қалғаны бар, биылғы қосылғаны бар, бас-аяғы тағы 48 жоба жоспарда жазулы.
Осы аптада Президент Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Кездесуде кешегі мен бүгінгі істің бүге-шүгесі түгел таразыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ақтөбе облысы – өндірісті өлкенің біреуі. Халқын көбейтеміз деп жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ облыстың Қазақстанның жалпы өнімге қосатын бөлігі жылдан жылға азайып келе жатыр. Оған не байланысты екен, не істеуіміз керек, соны қарауымыз қажет. Барлық көрсеткіштеріміз былтырға қарағанда жоғары. Шағын және орта бизнесті 50 пайызға дейін көтеру керек. Облыстарда да солай болуы керек. Қазір 30 пайыз, былтырғымен салыстырғанда өсім бар. Балабақшаларды салу да өсіп келе жатыр. Бірақ 36 мың бала облыста кезекте тұр. Апатты мектептер әлі бар. 3 ауысымда 26 мектеп бар. Соларды жолға қою керек. Келесі жылы бәрін бітіреміз. Облыстағы автожолдардың да сапасы онша емес. Солар елге нағыз керекті нәрсе ғой. Осы мәселелерге көңіл бөл.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қолайлы бизнес орта құру бойынша Ақтөбе Астанадан кейінгі екінші орында. Қазір өңірде 50,7 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар өткен жылы 700 милилард теңгенің өнімін шығарған. Ендігі мақсат – осы мөлшерді арттыру, яғни облыс экономикасының 50 пайыздық үлесіне жеткізу. Елбасы айтпақшы, тек осындай жағдайда ғана біз кемшіліктердің бетін кері қайтарамыз.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
-Жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер 2015 жылмен салыстырғанда жоғары. Ең негізгісі дағдарысқа қарамастан, жұмыссыздар санының өсуіне жол берген жоқпыз. Еңбекақыдан, жәрдемақыдан, зейнетақыдан қарыз жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалар дер кезінде орындалып жатыр. Берілген қаржы толығымен игерілді. Жалпы саяси-әлеуметтік жағдай тыныш.
2 Елбасы құттықтаулары
Ел іші жайлы әлі айтамыз. Осы тұстан сәл саябырсып, сыртқы ахуалды бір саралап өтсек. Өткен жеті күнде неміс пен түркімен жұрты жаңа Президенттерін тағайындады.
Германия Федеративтік Республикасының 12-ші Президенті болып, елдің бұрынғы Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер сайланды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарабев құттықтау жеделхатын жолдады. Елбасы Франк-Вальтер Штайнмайерге зор денсаулық пен табыс, ал достас Германия халқына бейбітшілік пен келісім тілеп, одан әрі өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді. Қазақстанға ресми сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметті қонағы болуға шақырды.
Түркіменстанның қазіргі басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші рет республика президенті болып қайта сайланды. Ол халықтың 97,69 пайыз дауысына ие болған. Қазақстан Президенті жеке өзінің және мұқым елдің атынан Гурбангулы Бердімұхамедовті осы жеңісімен құттықтады. Әуеліде жеделхат жолданған еді, кейін Елбасы Түркіменбасымен телефон арқылы сөйлесті. Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік әріптесіне табыс тілеп, «Түрікмен халқының бірлігін, елдің саяси және экономикалық дамуын нығайтудағы Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалаймыз», – деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Сондай-ақ әңгімелесу барысында саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты одан әрі нығайтудың маңыздылығы айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев қонақжайлық танытып, Гурбангулы Бердімұхамедовті Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Түрікменстан Президенті шақыруды ыстық ықыласпен қабыл алды.
3 «Астана процесінің» кезекті отырысы
Осы аптада Шамдағы шатақты шешудің амалдарын қарастырған «Астана процесінің» кезекті отырысы өтті. Бұл жолы Ресей, Түркия, Иран және БҰҰ мен Иордания мемлекетінің өкілдері, сондай-ақ Сирия оппозициясынан 9 қарулы топтың мүшелері қазақ дастарханында қара танытты. Қатысушылардың барлығы келісілген күні бас қаламызда бас қосқан. Тек «Джейш аль-Ислам» тобының өкілі Муxаммад Алуш бастаған делегация бір күнге кешігіп келіпті. Мұны «қырық кісіге қылған қыңырлығы» деп топшылаймыз?! Ол енді маңызды емес, маңыздысы тараптардың тілегі бір арнаға тоғысып келе жатқандығында.
Хусейн Муртада, Сириялық делегацияның БАҚ өкілі:
-Оқ атпау режимі орнаған елді мекендер негізінен Палестина, Иордания және Сирия елдерінің шекаралары маңында орналасқан. Ол аймақты Аль-каида, «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы мен «Джабхат аль-Нусра» секілді 9 оппозициялық топ басқарады. Қазір олар оқ атпау туралы өзара келісімге қол қойған. Ендігі мақсат – сол режим орнайтын елді мекендер санын және аумағын кенейту.
Шетелдік әріптестермен тілдескенде түйгеніміз, сүреңі қашқан Сирияның бүгінде суығы сейілген. Тіршіліктің тынысы сезіледі. Демек, «Астана процесі» өз миссиясын абыроймен атқарды деген сөз. Енді «Астана 1» және «Астана 2» резолюциялары 23 ақпанда өтетін Женева жиынына негіз болмақ.
Башар Джафари, БҰҰ жанындағы Сирияның тұрақты өкілі:
-Оқ атпау режиміне қол қойған кепіл мемлекеттер мен сириялық оппозиция енді терроризмге қарсы күресуі тиіс және үкімет әскері мен одақтастарына қолдау көрсетуге міндетті. Астанада бұл басқосу Женевадағы келіссөздерге негіз болды және онда қабылданатын құжаттарға зор септігін тигізді. Қазақстандық достарымызға алғыс айтамын.
Біздің халық дабырмен емес, сабырмен шешім қылуда шебер-ау?! Бұрынғылардың егескенді екі сөзбен тоқтатқанына тарих куә. Тектілердің бүгінгі тұяғы да жақсылық істе жарасып тұр. Мұны әлем әлдеқашан мойындаған. Күні кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыс елдеріндегі тұрақты өкілдері сол қасиетімізді тағы бір саралап, салмақтады. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесіне арналған саяси үндеуіне ерекше үңіліп, бейбіт әрі өркениетті әлем құруға бағдар болар құжат деп құнттады. Мәселен, Ирактың ұйымдағы тұрақты өкілі Мохаммед Али Альхаким терроризммен күресте біздің елден үмітті екенін жеткізіпті. Анығырақ айтсақ, Қауіпсіздік Кеңесінің қатарынан Қазақстанды көргендеріне қуанышты. Әсіресе дипломатиялық миссия басшылары Елбасының «Астана кодексін» әзірлеу туралы бастамасына бас бұрып отыр.
4 Цифрлық Қазақстан
Елбасы биылғы Жолдауында: «Жаңа жаһандық жағдайға жедел түрде бейімделуіміз керек», – деді. Бұл – жанашырлықтан туған жанталас. Яғни халқымызды демде құбылар дүниенің ағымынан кенде қалдырмаудың қамы.
Сөзімді мына сандар сүйекті етеді. Мәселен, соңғы он жылда суперкомпьютерлердің өнімділігі 630 есеге артқан. Бүгінде есептеуіш машиналар адамдардың қатысуынсыз 20 миллиард доллар көлеміндегі активтерді нәтижелі басқарып отыр. Бұл көрсеткіш жақын болашақта 450 миллиард долларға дейін жетеді деген болжам бар. Демек, жасанды интелект саласындағы зерттеулер миллиондаған адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
Біріккен Ұлттар ұйымының дерегіне сүйенсек, қазірдің өзінде Жер шары тұрғындарының 70 пайызы төртінші өнеркәсіптік революцияның талаптарынан тыс қалып отыр.
Рахман Алшанов, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы:
-Қазір халқымыздың барлығы Елбасының Жолдауын талқылауда. Маңыздылығы ерекше. Қарасаңыздар, дүние жүзінде қазір өндірістік революция тез дамып келе жатыр. Елбасы біздің содан қалмауымыз керектігін айтып жатыр. Цифровизация деді. Ол – жаңа ақпараттық технологиялардың жаңа кезеңі.
Замана көшінен кейін қалмас үшін Жолдауда жүктелген міндеттер жүзеге асырылуы тиіс. Нақты айтсақ, жоғары оқу орындары мен Назарбаев университетінде және «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек. Міне, сонда ғана экономикамыз еселенеді.
10 жастағы Әймен Нұржан сабақтан тыс уақытта компьютерлік бағдарламалаумен шұғылданады. Жеткіншектің арманы болашақта IT маманы болу. Алғашқы еңбегі – мына мобильді қосымша. Ұялы телефон арқылы ЭКСПО павильондарын іздеп тауып, көрме туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Бұл – сырттан келетін туристер үшін таптырмас құрал.
Әймен Нұржан, оқушы:
-Бұл бағдарлама туралы ой менде бір ай бұрын пайда болды. Өйткені менің ЭКСПО көрмесі жайлы көп ақпараттар білгім келді. Ғаламтордан мен ақпарат таба алмадым. Ал бұл мектепте біздің қызығушылықтарымызға байланысты бағдарламалар жасап, оларды жүзеге асыра алдық.
Бұлақ көрсең, көзін аш. Орталық балаларды 6 жастан оқытады. Себебі осы кезеңде жеткіншектің қиялы жүйрік. Дәріс оқитын ұстаздар – шетелде білім алған жастар. Бағдарламалаудың қыр-сырына қанық. Мұнда келген бала 3 айдың ішінде өзінің компьютерлік ойынын немесе мобильдік қосымшасын құрастыруға машықтанады.
Жәнібек Қадырәлиев, Инвентор академиясының директоры:
-Дамыған елдерде бағдарламалау негіздері болашақтың мамандығы екенін және де ол баланың ойлау қабілетін, креативті ойлауын дамытатынын білгендіктен, олар 6 жастағы баланың өзін жастайынан осы бағдарламалау тіліне баулиды. Ал біздің Қазақстанда ата-аналар олай ойламайды. Олар: «Бала азаннан кешке дейін жаңағы компьютердің алдында отырады, көзін құртады», – деп ойлайды.
Хакім Абай 20 ғасырда: «Артық білім кітапта», – десе, бүгінгі заманда компьютер меңгергеннің асығы алшысынан түсіп тұр. Уақыт бір орында тұрмайды. IT саласына ден қою керектігін Президент биылғы Жолдауда атап өтті. Бұл міндет Үкіметтің мойнында.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
-Маусым айында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын Үкіметке енгізуді жоспарлап отырмыз. Тұтастай алғанда бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын арттыру әрі отандық экономиканы цифрландыру.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 4 бағыттан тұрады. Ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. Екіншісі, экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны енгізу. Үшіншісі, мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Соңғысы, IT мамандарды даярлау.
Сайып келгенде, адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Тұрғындар жаңа технологияның игілігін көруі тиіс. Бұрынғыдай әр қадамыңыз үшін уақыт жоғалтып, қара күш жұмсаудың қажеті жоқ.
ІТ саласындағы озық жүйе мен білікті кадрлар әлемдік нарыққа кіруге мүмкіндік. Оған дәлел – «Алатау» инновациялық технологиялар паркі. Алматы іргесіндегі арнайы экономикалық аймақта құрылған. Орталықта 160-тан астам шағын және орта бизнес өкілдері шоғырланған. Соның бірі – «Элтекс Алатау». Ақпараттық технологиялар жасауда көшбасшы. Серіктестік 90 пайыз отандық нарықты және шетел сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
Балнұр Шайхиева, «Элтекс Алатау» сервис бөлімінің инженері:
-Елбасымыз барлық сфера, яғни ол медицина, білім саласы болсын, ғылым саласы болсын инновациялық құрылғылармен қамтамасыз етуін табыстады. Оған біздің құрылғылардың сапасы және оны жасайтын мамандар да жеткілікті.
Сапалы құрылғы мен мінсіз қызмет – кәсіпорындардың басты ұстанымы. Жұмысшылардың дені – жергілікті мамандар. Жобалау, сызу, құрастыру секілді жұмыстарды түгелдей өз мойындарына алған. Тапсырыс қабылдауға да әзір. Нарықта бәсеке жоғары. ІТ саласын қарқынды дамытып, ішкі нарықты реттеуге білікті мамандар тапшы.
Дархан Смағұлов, Ds Multimedia ca компаниясының қызметкері:
-Оңтүстік Кореямен бірлесіп ашылған кәсіпорын. Алдымен тұрмыстық мақсаттағы диодты шамдар шығаруды бастадық. Кейін күрделі өндіріске кірістік. Электрондық кітаптар шығарып, мектептерге тараттық. Осыған байланысты оқушылар мен ата-аналардың пікірін күтіп отырмыз.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі 2017-2019 жылдар, екіншісі 2020-2025 жылдар. 2020 жылға қарай халықтың компьютерлік сауаттылығы 80 пайызға жетуі тиіс. Ал интернет қолданушылар саны 78 пайызға ұлғаюы керек. Ол үшін 2 млн-нан астам халқы бар 1300 ауылда ғаламтор тартылмақ.
Диас Тойшыбеков, Alpha Network компаниясының бас директоры:
-Біздің компания жылдамдығы жоғары интернетке арналған жабдықтар құрастырады. Шалғай ауылдарға сол технологияны орнатуға әзірміз. Тапсырыс болса, барлық ұсынысты орындауға толық дайынбыз.
Президент тапсырған мемлекеттік бағдарлама еліміз үшін таңсық емес. 2013 жылдан бері «Ақпаратты Қазақстан-2020» шеңберінде талай іс атқарылғаны белгілі.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
-Ақпараттандыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесі оңтайландырылды. Электрондық және Ашық Үкімет енгізілді. Мемлекеттік қызметтердің негізгі бөлігі оңтайландырылды әрі автоматтандырылды. Еліміздің барлық ірі қалалары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылды. Отандық ақпараттық кеңістік цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртудан өтті.
Қолға алынған бастама нәтижесіз емес. Еліміздің Egov.kz мобильдік қосымшасы First World Govtechineers Race-2017 сыйлығына лайықты деп танылды. Дубайдағы шарада Egov.kz мобильдік қосымшасы тыңға түрең салған инновациялық бастамалар ішінде топ жарды.
Ал «Цифрлы Қазақстанның» негізі «Зерде» ұлттық холдингінің базасында әзірленді. Мекеменің міндеті – ақпараттық-коммуникациялық технологияны қалыптастыруға ықпал ету.
Эльмира Оразымбетова, «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жетекшісі:
-Жобаны әзірлеуде Малайзия, Сингапур, Үндістан және Израиль елдерінің үлгісін зерттедік. Бағдарлама аясында білім ошақтарында бағдарламалау әдісі, оқыту әдістемелерін өзгертеміз. Себебі баланы жастайынан бейімдеу қажет. Елімізде жылына 30 мың маман ақпараттық коммуникация технологиясы бойынша оқу бітіреді.
Жаһандық экономика технологиялық жаңалыққа тәуелді. Ғылымдағы соңғы табыс мемлекетті өркендетуге сеп. Осы бағытта Астанада IT стартаптар дайындалып, халықаралық технопарк құрылмақ. Салықтық, кедендік және визалық жеңілдіктер көптің тілегі. Сонда ғана инвестордың қызығушылығы оянады әрі сапалы тауарды экспортқа шығаруға мүмкіндік. Мәселен, Шанхайдағы технопарктің жылдық табысы – 150 млрд доллар.
Серік Данышпаев, Bugin group компаниясының директоры:
-Алматы мен Астанадан басқа қалаларда әрбір облыстың өзінің ІТ орталықтары болғаны дұрыс деп санаймын. Себебі бізде Солтүстік Қазақстан облысы егінмен айналысады. Соған байланысты ол жерде егін шаруашылығын автоматизация жасайтын IT орталықтар болғанын қалаймын.
Шетелдіктерден бөлек, еліміздегі жілікті компаниялар өз салалары бойынша инвестиция құйса, одан қайтар табыс көл-көсір. Бұл – ІТ саласының өкілі Серік Данышпаевтың пікірі. Қазір сала ішкі жалпы өнімнің 4 пайызын ғана құрайды.
Астанадағы технопарк ашылса, 2 млрд-тай пайда табуға мүмкіндік бар. ІТ-ді дамыту ең бастысы елдегі жемқорлықты азайтады. Мемлекеттік қызмет жүйесі мен іс-қағаздар электронды жүйеге толықтай көшкенін кәсіпкерлер құптайды. Еліміз 1600 мемлекеттік қызметті онлайн режимде көрсететін Сингапурға жеткісі келеді. Бұрынғыдай анықтама үшін ауданға сабылудың қажеті болмайды.
Технологиялық бизнеске мойын бұратын кез жетті. Ал оның негізі мектепте.
Жамбыл облысында оқушылар робототехниканы меңгеруге кірісті. Аймақта мұндай орталық саны – 6. Қиялына ерік берген жеткіншектердің туындысы келешекте адамзатқа пайдалы бұйымға айналуы әбден мүмкін. Мұның бәрі қиял емес. Технология дамыған сайын адамның тұрмыс-тіршілігі жеңілдейді. Ал оны жүзеге асыру үшін білім мен білікті теңдей ұстау қажет.
Авторлары: Әсем Қабылбек, Аршын Кемелжан, Айдос Меделбеков
5 Бюджет қаржысы
Биылғының бюджеті 8 триллион 561 миллиард теңге деп бекітілгені белгілі. Енді осыған 2 триллион 615 миллиард теңге қосымша қаржы қосылмақ. Неге көбейді дерсіз?! Себебі Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыру қажет. Ол үшін қазынадан 2 триллион 435 миллиард теңге бөлінбек. Әзірге бұл өзгерістерді Парламенттің қос палатасы құптады, қазір құжат Елбасының қарауында.
Егер заңнама қабылданса, алда атқарылар іс ауқымды.
Сәкен Сейітханұлы, шолушы:
-Жолдауда жазылған бірінші бағытқа 231 миллиард теңге қаралады. Тараудағы тапсырмаларды орындау үшін мемлекет мына салаларға қаржы жұмсамақ. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысына 72 миллиард теңге. «Нұрлы жер» тұрғын-үй құрылысын іске асыруға 8 миллиард теңге. Агроөнеркәсіпті кешенді дамытуға 60 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ақшаға жеке компаниялар мен шаруалар қалай қол жеткізеді? Сарапшының сөзіне құлақ асайық.
Ғалымжан Есқараұлы, экономика ғылымдарының докторы:
-Бюджеттен бөлінген қаражатты тиісті салалар бойынша бізде арнайы мамандандырылған қаржы институттары бар. Атап айтар болсақ, «Бәйтерек» холдингі, «Даму» қоры бар. Агроөнеркәсіп саласына байланысты «КазАгроФинанс», «КазАгро», «КазАгроМаркетинг» деген холдингтер бар. Осы арқылы шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, жеке азаматтар, фермерлер өзіне тиісті қаражатты, несиені осы институттардан өтініш беру арқылы ала алады.
Мәжілістің пленарлық отырсында Қаржы министрі екінші басымдық бизнес ортаны түбейгейлі жақсарту және кеңейтуге 0.7 миллиард теңге көзделгенін айтты. Аты айтып тұрғандай, бұл қаржы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге сеп болады. 2 триллион 93 миллиард теңге. Қомақты ақша. Бұл жолдаудағы үшінші бағыттың, яғни макроэкономиканың тұрақты болуына жұмсалады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық банк қаржы секторындағы жағдайды тұрақтандыру және сауықтыру мақсатында республикалық бюджеттен 2 триллион 93 миллиард теңге бөлу ұсынылды. Аталған шығыстардың көзі ретінде ұлттық қордан соммасы 1 триллион 93 миллиард теңге қосымша трансферттерде, республикалық бюджет тапшылығын 1 триллион теңгеге ұлғайту ұсынылады.
Макроэкономика ел дамуының жалпы көрінісі, барлық саланың жиыны деп алайық. Демек, қаржы секторы қалыпты, елдің экспорт әлеуеті әлді, жұрттың күн көрісі қуатты болса, Қазақстанның алға ілгерілеуі жалғаса береді. Осыдан-ақ бұл салаға басымдық берілгенін түсіне береміз.
Ғалымжан Есқараұлы, экономика ғылымдарының докторы:
-Қазіргі кезде Елбасы тапсырма беріп жатыр. 1-ші шілдеден бастап жөргекпұл соммасы, зейнеткерлердің жалақысы көтеріледі. Осы салаларға бөлінетін қаражат қайдан келеді? Біз экономиканы дамытуымыз керек. Экономиканы дамыту арқылы біз әлеуметтік мәселелерге де көп көңіл бөле аламыз. Ал егер мемлекетімізде макроэкономикалық тұрақтылық болмайтын болса, онда Қазақстанның әлеуметтік экономикалық саясаты жүзеге аспайды.
Адами капитал сапасын жақсарту. Жолдаудың төртінші бағдары. Білім беру, денсаулық сақтау салаларына серпін беретін де осы басымдық. Осы істі жүйелі іске асыру үшін мемлекет 86 миллиард теңге бөлмекші.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Білім беру саласына 20 миллиард теңге шамасында және осы жылдың 1-ші шілдесінен 2016-шы жылдың деңгейінен 20 пайызға көтеруге және бала туылу бойынша бір жолғы жәрдемақыны 20 пайызға көбейтуге 82 миллиард теңге бөлінеді.
Бесінші басымдық институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске 24 миллиард теңге қаралады. 23 миллиарды ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, 1,1 миллиарды институционалдық реформалардың шеңберінде іске асырылатын жұмыстарға жұмсалады. Мамандардың сөзінше, бөлінген ақша Жолдаудағы тапсырмалардың ұқыпты атқарылуына әкеледі.
Ринат Думанұлы, жүргізуші:
-Иә, біраз істің басы қайырылғалы тұр екен. Бастысы жергілікті әкімдіктер жайбасарлық танытпас деп сенейік.
Сәкен Сейітханұлы, тілші:
-Әрине, күмәніңіз негізсіз емес. Мәселен, өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаржының 2 милилард теңгесі игерілмей қалған. Негізінен Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары қауқарсыздық танытыпты.
Ринат Думанұлы, жүргізуші:
-Оның нақты себептерін анықтап білдің бе?
Сәкен Сейітханұлы, тілші:
-Енді тізе берсең, сылтау көп, нақты жауап жоқ. Ал жалпылама алғанда бұл бағдарламаның ел экономикасын еселеудегі есебі түзу. 2016 жылы ішкі жалпы өнімдегі үлесі 0,5 пайызды құраған. Биыл тағы біраз жобаны жүзеге асыру мақсатында қазынадан 387,4 миллиард теңге бөлінбек.
6 «Нұрлы жол» бағдарламасы
Астана-Теміртау күре жолы – біткен істің бірі. Осыдан 3 жыл бұрын ойдым-ойдым болып жатқан жол бүгінде тақтайдай тегіс. Қазір 169 шақырыммен жолаушылар еш кедергісіз қатынайды.
«Нұрлы жолдың» арқасында автобандар ашылды, жамау жолдар жаңарды. Дәйекпен келтірсем, биыл 913 шақырымдық құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Қапшағай-Балпық би, Бейнеу-Шетпе және Көкшетау-Петропавл.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-2017 жылы 339 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде автожол жобаларына 286 млрд теңге және тұрғын-үй коммуналды шаруашылық инфрақұрылымының жаңғыртылу туралы 53 млрд теңге. Бөлінген қаражаттың есебінен республиканың 12 облыста 1,7 мың шақырым жол қайта жөндеумен қамтылады.
Батыс пен Шығысты, Орталық пен Оңтүстікті жалғайтын жолдар алдағы уақытта салына береді. Елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған іс бір сәтке тоқтамайды.
Бақтығұл Тасмағамбетов, Тасқала ауданының тұрғыны:
-Өткен жылы Орал - Ресей Федерациясының шекарасына дейін жолдың жартысы салынып болып, Переметный ауылына дейін жақсы асфальт салып, сол жолдың қызығын көріп отырмыз. Биыл сол «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Тасқала ауылына дейін сол жол салынса, біз қалаға жылдам барып-келуге мүмкіншілік туады. Ол қарапайым халық үшін де, бүкіл ел үшін де жақсы ғой.
Бағдарлама жолдан бөлек, тұрғын-үй құрылысын жандандырып отыр. Мәселен, былтыр 8 300 отбасы қоныс тойын тойлады.
Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қазіргі таңда көптеген жаңа үйлер салынуда. Жастарды қолдап, жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Соның барлығы – халық үшін жасалып жатқан игі жұмыстар.
Жуық арада «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Оралда 500 отбасы пәтерлі болды. Солардың бірі - Максим ақсақал. Баспаналы болған қарияның үйдің сапасына көңілі толады.
Максим Есқалиев, Орал қаласының тұрғыны:
-Еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында осылай үй беріп, біз қуанышқа бөленіп отырмыз. Бұрын балаларымда пәтер болған жоқ еді, соған біз қуаныштымыз.
Министр Жеңіс Қасымбек: «Жыл соңына дейін 33 мың 800 жанұя пәтерлі болады», – деп сендірді. Оның сыртында жылу, сумен қамтамасыз ету және су тарту желілерінің жаңартылуы да бағдарлама аясында іске аса бермек.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Осы жылға 53 миллиард теңге қаралып отыр. Бөлінетін қаржы күшімен 1778 шақырым инженерлік желіні қайта жаңғырту және салу жоспарланған. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдың соңында жылу, сумен қамтамасыз ету және су тарту желілерінің тозуы 60 пайыздан 57 пайызға төмендейді.
Бұл жұмыстарға қомақты қаржы жұмсалды. Мақсатты түрде бөлінген қаржы 100 пайызға игерілген. Алайда кейбір жергілікті аймақтар қайтарымсыз берілген ақшаны ұқсата алмағанға ұқсайды.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-3,2 млрд теңге игерілмей қалды. Оның үстінде 0,9 млрд теңге бұл – үнемдеу. Трансферттер бойынша игерілмеу 2 млрд теңгені құрады. Ең үлкен сомалар Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары бойынша.
Үкімет басшысы жиында мәселенің мәнін сұрады. Күз кезінде кейбір әкімдер тиісті қаржыны игеріп үлгереміз деп айтқан сөздерін еске салды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
-Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, әкімдердің есебін тыңдадық. Сол кезде ақшаны игеру мәселесі қатаң бақылауда деп уәде бердіңіздер. Қазіргі жағдайға қарап отырсақ, бақылаудың немесе ынтаның жоқтығын аңғарамыз.
Шығындарды жоспарлау сапасын арттыру керек. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жиында осыны міндеттеді. Жол төсеп, баспана салу мен инфрақұрылым тартудың арқасында былтыр 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Осының өзі «Нұрлы жолдың» ауқымы мен маңызын көрсетсе керек.
Автор: Сәкен Сейітханұлы
7 «Нұрлы жер» бағдарламасы
Еуропа-Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар 2016 жылы екі есеге өсіпті. Яғни 104,5 мың контейнерді құраған. Сонымен қатар былтыр транзиттік авиа жолаушылар саны 250 мыңнан 478 мыңға дейін ұлғайған. Бүгінде жолаушылардың негізгі ағыны Азиядан Еуропаға және кері бағытта басым. 2017 жылы бұл көрсеткіш 600 мың адамға жетеді деп жоспарланып отыр.
Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдің жобалауынша, егер осы қарқыннан таймасақ, 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдардан түсетін кіріс 1 триллин 300 миллиард теңгені құрауы тиіс. Демек, «Нұрлы жол» бағдарламасының дәулетімізді тасытар күні таяу деген сөз.
Қазіргі деңгейде шүкірлік қылатын шамада. Осы аптада америкалық «Мұра қоры» зерттеу орталығы экономикалық еркіндіктің халықаралық рейтингіндегі деректерді жаңартты. Бұл жолы Қазақстан өз позициясын бірден бірнеше сатыға жақсартып, рейтингте 42-орынға ие болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 69 еді. Сарапшылар өсімнің себебін соңғы он жылдан бері жүргізіліп келе жатқан экономика икемділігі мен ашықтығының саясатынан едәуір пайда тапқанымен түсіндіреді.
Әлеуметтің «өз үйім – өлең төсегім» деп әндетер күні де жақын. Алдағы 15 жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,5 миллион қолжетімді тұрғын үй салынады деген жоспар жазулы. Қазірден бастап, баспанаға зәру жандар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, мамандардан кеңес алып, тиісті құжаттарды тапсыра алады. Сонымен қатар бұл бағдарлама әр қазақстандыққа 10 соттық жер бөлу туралы мәселеге де нүкте қоймақ.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-«Нұрлы жер» бағдарламасы осы айда бекітілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық органдар заңды актілері мен бұйрықтарды қабылдады. Яғни бағдарламаны жүзеге асыру үшін нормативтік-құқықтық база дайын. Бұл бағыттағы жұмыстарды дәл қазір бастауға болады. Тұрғындар жауапты мекемеге келіп, құжаттарын тапсыра алады. Тұрғын үй комбинаттары маңызды роль атқарады. Бұл кәсіпорындардың атсалысуымен біркелкі сәулет стиліндегі қалашықтар салынады. Сондықтан олардың өндірістік жүктемесі әлдеқайда артады.
Сарапшылар: «Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру тұрғын үй нарығына жаңа серпін беріп, құрылысшыларды қаржылай ынталандырады», – дейді. Ал комммерциялық үйдің әр шаршы метрінің құны 240 мың теңге болады деп болжанып отыр.
8 Конституциялық реформа
Әлеуметтік-экономикалық ахуалды әр қырынан көрдік, енді саясатқа ойыссақ. Конституциялық реформаны талқылау науқанының аяқталуына бір аптаға жуық уақыт қалды. Қоғамда қызу пікірталас. Бұл – билік тармақтарының жаңаша дамуына серпін беретін бастама. Бұл – қоғам өмірін заманауи талаптарға бейімдеудің бір жолы. Бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуларды өзара үйлесіммен іске асырудың тиімді тәсілі. Академиктер мен ғалымдардың, заңгерлер мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің ортақ пікірі осыған саяды.
Оразалы Сәбден, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
-Конституциялық реформа – бұл саяси реформа. Биліктің үш тармағы тепе-тең болу керек. «Өз құқығым керек болса, берейін алыңдар, бірақ тиімді басқарыңдар», –деп отыр. Міне, осыған білімді азаматтар, осы мәселені жақсы білетін кісілер жақсы ұсыныс беруіміз керек.
Ершат Асматов, «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы:
-Конституциясы мықты мемлекет, ол болашағы бар мемлекет деп есептеймін. Біздің Президентіміздің өкілеттіліктерді Парламент пен Үкіметке беріп отырғанының өзі тарихта болмаған жағдай. Ол Үкіметке, Парламентке, халыққа деген сенім деп ойлаймын.
Жанна Тілембаева, ҚР Заңнама институты директорының орынбасары:
-ҚР Конституциясының 26-бабының 1-тармағында ел азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жекеменшігінде ұстай алатындығы жазылған. Яғни заңды түрде алынуына дейінгі емес, керісінше одан кейінгі жеке мүлік қорғанысы көрсетілген.
Талдыбек Нұрпейіс, тарих ғылымдарының кандидаты:
-Халық мүддесін билікте отырғандар таңдайтын жағдайға жеттік. Басқа да үлкен мемлекеттерде Парламент пен Президент арасындағы осындай байланыс жаңа саяси дамуға бастап жатыр.
Көне грек ойшылы Платоннан қалған бір сөз бар. Ол: «Мемлекетте әрбір нәрсе заңға бағынуы тиіс», – деп ой түйген. Шындығы солай. Мәселен, заң дегеніміз не? Халықтың саяси санасы мен сауатының үстем болуы емес пе?! Демек, мемлекеттік қызметкер мемлекет пен халық мүддесінің алдында жауапты болуы тиіс. Міне, сонда ғана заң елге қызмет етеді. Елбасының есеп беруші мемлекет қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуі сондықтан.
9 Әкімдердің есебі
Биылғы науқан ауыл әкімдерінен басталған. Енді кезек қала мен облыста. Сонымен аймақтардың ахуалы қалай? Жергілікті билік халықтың қалауынан шығып жатыр ма? Қоғамның пікірі қаншалықты ескерілуде? Сан сауалға жауап іздеген «Жеті күн» тілшілері әкімдердің есебін тыңдап, сан мен сапаны таразылады.
Жыл басталса әкімдер жаппай есеп береді. Алдымен ауыл, аудан. Соңғы кезек облыс пен қала басшыларында. Бұл – әкімдердің іскерлігі нағыз сынға түсетін кез. Бір жылда не тындырды? Халыққа осы сұрақ маңызды. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Астана іргесіндегі ел-жұрттың былтырғы өтінішін орындады. «96 разъезд» деп аталатын теміржол бойындағы ауылда жаңа мектеп бой көтерді.
Руслан Әбдірәсіл, 10-сынып оқушысы:
-Алдында біз көрші ауылдың мектебіне, Талапкерге автобуспен қатынап отыратынбыз. Күннің суығында әрдайым ата-анамыз уайымдайтын. Қазір, міне, мектебіміз үйіміздің қасында.
Бұдан өзге тағы 4 мектеп салынған. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындары –әкім жұмысын бағалаудың басты өлшемі. Биыл аймақта құны 141 млрд теңге болатын 100 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Ауыз су Бестөбе жұртының бас ауруы болатын. Алыстан тіршілік нәрін тасып ішкендер қазір дән риза.
Ал Сыр өңірі су тапшылығын жою үшін қойма салуға кірісті. Гидронысан іске қосылса, шөлейтті аймақтағы шаруалардың ісі оңалмақ. Облыста 60 мың гектар жер қараусыз, бос жатыр. Жолдаудағы тапсырмаға сай ендігі кезек алқаптарда.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
-Жалағаш ауданындағы 15 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда. Сонымен бірге ирригациялық және дренаждық жүйені жетілдіру жөніндегі жобаның үшінші фазасына облысымыздан тағы 144 мың га жерді қосу мәселесін көтерудеміз. Сондай-ақ 29 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жөніндегі жобаны жүзеге асыру үшін Ислам даму банкімен жұмыс жүргізудеміз.
Жансейіт Түймебаевтың облыс тізгінін қолына алғанына тура 135 күн өтті. Әкім аймақтағы істің бүге-шүгесіне қанық. Есеп беру алғаш рет тікелей эфирде көрсетілді. Алда көктем. Егіске қамданған дихандар үшін су мен жанармай мәселесі өзекті. Халқы тығыз орналасқан оңтүстікте баспана мен мектепке сұраныс жоғары. Мәселені шешуге «Нұрлы жол» бағдарламасы септігін тигізбек.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Ал енді 2017 жылы біз 700 мың шаршы метр баспана тапсыруды жоспарлап отырмыз. Яғни бұл 170 мың шаршы метрге артық.
Әкімдердің есебі халық пікірімен құнды. Батысқазақстандық тұрғындарды толғандырған мәселе: жол, ауыз су және апатты үй. Өңірдегі елді мекендердің тек үштен бірі орталық су жүйесіне қосылған. Осы жылы 50 ауылға таза су тарту жоспарда тұр. Жол құрылысы да кезек күттірмейді.
Сұлтанбек Қайырғалиев, Орал қаласының тұрғыны:
-Ә.Молдағұлова көшесі, №5 үйден келіп тұрмын. Бірнеше жыл болды жолығып жүргеніме. 1890 жылдары Овчинников мырзаның ат қорасы болған жерден бізді қашан құтқарасыз?
Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
-Орал қаласында мұндай апатты жағдайда деп танылған 41 үй бар. Осыдан бір жыл бұрын 31 еді. Бір жыл ішінде 10-ға көбейді. Ол жерде 350 отбасы, 1500 азамат тұрады. Сол себептен өткен жылы бастаған жобамыз бар. Деповскаяны көрдіңіз ғой. Бір үйді бұзып тастадық, алдында тағы 3 үйді бұзып, орнына 9 қабатты үй тұр. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік есебінен жүзеге асты. Биыл да осы жобаның аясында қарастыратын боламыз.
Жол – күретамыр. Тозығы жеткен жолдар павлодарлықтарды мезі еткелі қашан. Тарихтан танымыңды кеңейтетін туристік орындарға бару мұң. Оған дәлел – Баянауыл. Облыс әкімі Болат Бақауов ауданның туристік әлеуетін арттыруға 5 млрд теңге бөлінгенін айтты.
Қарабай Шәкіров, Баянауыл ауданының тұрғыны:
-«Мәшһүр Жүсіп» кесенесі туристік маршрутқа кірген болатын. Соған ауыл тұрғындары атынан, Баянауыл ауданы атынан кесенеге барар жол жөндеу құрылысын биыл бастауын сұраймыз.
Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:
-Екібастұздан Бестауға дейін жол салып жатырмыз. Ар жағында 6 шақырым жетпейді. Біз оны саламыз. Бірақ мына жерге құжаттар әлі дайын емес. Мен аудан әкіміне тапсырма бердім.
Маңғыстау жұрты алаңдайтын мәселе – сұйытылған газ тапшы. Әкім есебіндегі басты тақырып осы. Өңір басшысы Алик Айдарбаевтың пікірінше, еліміз бойынша газға ортақ баға белгілемей, іс алға баспайды. Қазір көгілдір отынның ең арзаны литріне – 35 теңге. Ал Жаңаөзендегі газ өңдеу мекемесі уақытша жөндеуге жабылып, жұмысы тоқтап тұр.
Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:
-Газ тапшылығы қайталануы мүмкін. Мен оған кепілдік бере алмаймын. Бұл мәселені Үкіметке бірнеше рет айтып келе жатырмын. Газдың бағасы барлық жерде бірдей болуы керек. Мысалы, бензин мен дизель отыны бағасы бірдей ғой. Сондықтан баға реттелетін болса, бұл мәселе шешіледі.
Өндірісті Қарағанды өңірінде өсім бар. Аймақта денсаулық сақтау саласында атқарылған іс аз емес. Басы ауырып, балтыры сыздаған Жартастағы ағайын амбулаторияның ашылғанын көп күтті. Тура осындай 27 елді мекендегі халық қуанышқа кенелді. Бұған әлеуметтік дәріханаларды қосыңыз. 254 жас маман жұмысқа тұрған. Заманауи медициналық қондырғылар алуға 3 млрд теңге жұмсалыпты. Ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған жаңа бағдарлама нәтижесін бере бастады. 12 мың жүкті әйелдің 8 мыңы түрлі дертке шалдыққаны анықталды.
Ал бас шаһарда әкімнен баспана мен жер сұрағандар қарасы көп. Халық саны көбейген сайын перзентхана мен мектептерде орындар тарлық етеді. Қаланың басты көшелері жайнағанымен шеткі аудандар елеусіз қалған.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
-Көктал-1. Жолдар, екінші жарықтандыру. Сондықтан біз бюджеттен ақша бөліп, 2 мәселені бірге шешеміз.
Исекешевтің Астана әкім болғанына 8 ай. Оңтайлы сәтті пайдаланған елордалықтар әкімге 3 сағат бойы түрлі сұрақ қойды. Интернетте белсенді басшы жұртпен бетпе-бет кездесуде тосылып қалмады. Есеп тыңдауға келген тұрғындар мен әкім кейбір мәселеге қатысты өзара ақылдасып алды. Атап айтсақ, автотұрақтар мен ЭКСПО көрмесіне дайындық. Ал ақылдасып пішкен тон келте болмайды.
Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Әсем Қабылбек