Отандық экономиканың өсу қарқыны қалай?
Кейбір әкімдер мен министрлер болмағанда экономикалық көрсеткіштеріміз бұдан да жақсы болар еді... Премьер-министр Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында осылай деді. Бұдан да деп отырғаны – экономикамыз 9 айда 4 пайыздық өсім көрсетіпті. Салықтық түсімдер азайған, халықаралық нарықта шикізат бағалары төмендеп, аздап пайдадан қағылған екенбіз. Есесіне өңдеуші сала мен ауыл шаруашылығы өсім көрсетіпті.
Арқаның қара суығы қандай ызғарлы болса, Үкімет мүшелерінің түстері сондай суық. Елдің экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп-қисап, Сарыарқаның желі сияқты алай-дүлей сандар. Президент Жолдауда 2029 жылға қарай экономика 7 пайыздық өсімге шығуы керек деп стратегиялық міндет қойып отыр. Биыл тоғыз айда жеткеніміз 4% екен. Нақты сектор да, қызмет көрсету салаларында да өсім бар екен.
Экономика жыл басынан бері тұрақты өсім көрсетті. Әсіресе мамыр, маусым және қыркүйекте байқалды. Салаларға келсек ауыл шаруашылығы 11, құрылыс 10 пайыздан асты. Көлік 8, өңдеу саласы 5 пайызға жуық, сауда 6,3 және тау-кен өнеркәсібі 1,2 пайызға өскен.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
-Ағымдағы жылы экономиканың өсуі толығымен шикізаттық емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде. Салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 65% сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді.
Бұдан басқа, химия өнеркәсібі, электр жабдықтарын жасау, фармацевтика, металл бұйымдары және жиһаз өндірісі сияқты бағыттарда да өсім қарқыны жақсы. Ішкі саудадан бөлек, сыртқы сауда-саттық та жаман емес.
Жыл басынан бері шет мемлекеттермен сауда айналымы - 91 млрд доллардан асқан. 53,5 млрд теңгенің өнімін сатсақ, 38 млрд теңгеден астам сомаға сырттан өнім сатып алыппыз.
Инвестиция тартуда олқылық бар. Премьер-министрден статистика.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Көріп отырғанымыздай, инвестиция тарту деңгейі төмендеп барады. 11 өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізген жоқ. 11 салада инвестиция тарту көрсеткіші өте төмен. Олардың ішінде туризм, ақпарат және байланыс, резеңке және пластмасса бұйымдары, химия өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерінің өндірісі бар.
Халық үшін қазынада қанша қаражат бар деген мәселе маңызды. Бюджетке де тоқтала кетейік. Жыл басынан бері республикалық бюджет түсімдері 9 трлн теңгеден асқан. Бұл межеленген жоспардың 81% ғана. Жергілікті бюджетке келсек, 6 трлнға тарта теңге жиналған. Өткен жылмен салыстырғанда салықтық түсімдердің жалпы деңгейі сақталғанымен, биылға күтілген жоспар орындалмаған. Себептерін қаржы министрінің өзі айтты.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
-Біріншіден, мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарды. Әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси жағдайлар сыртқы сауда қызметіне және елдің ірі компанияларының жеткізу тізбегінің үзіліп қалуына әсер етті. Бұдан басқа, негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеу үрдісі де сақталуда. Нәтижесінде, түсімдер қарқынының төмендеуі өңдеу өнеркәсібі салаларында 34%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 6%-ға және ақпарат пен байланыс саласында шамамен 36%-ға жетті.
Салықтық түсімдер аз болғанымен, салықтық емес кірістер жыртықты жамауға септескен екен. Мәселен, бұл бағытта 150 млрдтай қаражат түседі деп жоспарланған, іс-жүзінде 921 млрд тг топ ете түсіпті. Үкімет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына, бюджеттік бағдарламалардың орындалуына ерекше мән берілетінін айтты және ел үшін ең маңызды мәселе де премьердің бақылауында.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу Үкіметтің басым міндеті болып қала береді. Сондықтан өңірлер осы жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Ол үшін қажетті құралдардың бәрі бар. Нәтижесін көріп отырмыз. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында инфляция 8,3%-ға дейін баяулады. Инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажет. Әкімдіктер азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға тиіс.
Жалпы алғанда 9 айда экономиканың өсуі бәсеңдеген жоқ және қуантатыны өсім мұнайға тікелей тәуелді емес, өңдеуші салаларда бой көрсетіп отыр. Олжас Абайұлы әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс істесе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді деді. Өз жұмысына сын көзбен қарау кәсібиліктің белгісі ғой. Бірақ жылды қорытындылағанда да кейбір әкімдер мен министрлер болмағанда деп, қынжылып отырмасақ болғаны.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков