Еліміздің Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын қайта жандандыру туралы ұсынысын Қырғызстан қолдап отыр. Бірақ «Алдымен трансшекаралық су ресурстарына қатысты бірқатар мәселені шешіп алу керек», – дейді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қырғыз еліне арнайы іссапармен барып, осы мәселелерді талқылап қайтты. Кездесу кезінде Шу-Талас бассейніне қатысты мәселе де назардан тыс қалмады. Екі елдің жұмыс топтарының алғашқы отырысы осы бейсенбіде өтпекші.
Мағзұм Мырзағалиев, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Шу өзені арқылы судың жеткілікті мөлшерде келмеуі басты проблемалардың бірі болып табылады. Сондықтан біз қырғыз тарапына онлайн режимде гидрологиялық мониторинг жүргізуді ұсынып отырмыз. Ал Нарын-Сырдария бассейніне келетін болсақ, биыл Түркістан облысының қажеттілігі үшін 300 млн текше метр су алынды. Ал келесі жылы 550 млн текше метр су сұрап отырмыз.