Хабар телеарнасы

Семейде жасөспірімді бір топ оқушы аяусыз соққыға жыққан

Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын аяусыз соққыға жығып, әлімжеттік көрсеткен. Мұнымен қоймай, барлығын бейнежазбаға түсіріп, видеоны әлеуметтік желіде жариялапты.

Жанжал №9 мектептің алтыншы және жетінші сынып оқушылары мен №15 мектептің төртінші сынып оқушысы арасында болған. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оңбай таяқ жеген балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Бұл кадрлерден бір топ баланың 6-сынып оқушысын аяусыз ұрып жатқанын көруге болады. Жасөспірімдер төменгі сыныптағы баланы тепкілеп, басынан ұрып, үстіне секірген. Ата-аналар осыған ұқсас жағдайлар бұрын да болған,-дейді.

Болат Жүнісбаев, ата-ана:

- Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз. Үнемі мектептен күтіп аламыз. Бұл жағдайдан кейін тіпті қорқатын болдық. Балалардың мұндай қатегіздікке баруы қорқынышты. Заңға сәйкес жазаларын алса дейміз.

 Алёна Кушнарёва, ата-ана:

- Мен бұл видеоны көргеннен кейін түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бұл балалардың қатыгездігі сұмдық... Баланың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-ана жауапты деп ойлаймын.

Абай облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Төбелескен оқушылардың барлығы анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Сондай-ақ бала құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл зәбір көрген оқушымен жұмыс жасап жатыр.

Әсем Нүскенова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда балаға барлық психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Баланың жағдайы қалыпты. Заңды өкілдерімен біз байланыстамыз. Бала үйінде.

Оқиғаға қатысты кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда бұзақы балаларды арнайы мектепке ауыстыру туралы мәселе қаралды. Комиссия шешімі облыстық сотқа жолданады.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы