Ақтөбеде банк қызметкері алаяқтықтың алдын алды
Ақтөбе облысында банк қызметкері алаяқтарға ақша аудармақ болған әйелді дер кезінде тоқтатқан. Хромтау қаласының тұрғыны несие рәсімдеп, 3 млн теңгеден астам қаржыны бейтаныс адамның есеп-шотына аудармақ болған. Полицейлер «бұл оқиға қаржы саласында жұмыс істейтін өзге де қызметкерлерге үлгі болуға тиіс»,- дейді.
Хромтау қаласы тұрғынының әйелі алаяқтардың арбауына түскен. Ол аты-жөнін айтпауды өтінді. Зейнетке шығар алдында құжат реттеп жүрген жәбірленушіге бейтаныс біреу хабарласып, жедел рәсімдеу үшін телефонға жолданған құпия кодты айту өтініпті. Іле-шала екінші адам қоңырау соғып, өзін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімін деп таныстырады. «Алаяқтар жиған-терген қаражатыңа қол салды» деген желеумен қауіпсіз шотқа аударуға кеңес берген. Артынша 3 млн теңге несие рәсімдеуге үгіттеген.
Хромтау қаласының тұрғыны:
- Жұмысқа барамын деп шығып кеткен еді. Банкке несие рәсімдеуге кетіпті. Қоңырау шалған алаяқтар телефоны өшіп қалмау үшін қосымша батарея алуға да көндіріпті. Айтқанын екі еткізбей орындаған. Біз алаяқтардың құрбаны боламыз деп ойламайтын едім. Себебі отбасымызда талай талқыладық.
Алаяқтардың арбауына түскен әйел несие рәсімдеген соң кассаға барып, ақшаны қылмыскерлер айтқан есепшотқа салмақшы болады. Абдырап жүрген адамның жай-күйін аңғарған банк қызметкері бірден тәртіп сақшыларын шақырған.
Данагүл Мырзатаева, банк қызметкері:
- Клиенттің қасына жақындап сұрақ қоя бастадым. Сіз кімге аударым жасап жатырсыз? Ол кісі сізге кім болады? Клиент сол кезде ашуланып, сұрақтарыма жауап бермей, «Жоқ бұл өзімнің ақшам, өзім жауап берем, өзім аударамын»,- деп айтты. Сол кезде күдіктендім.
Тәртіп сақшылары бейтаныс біреуге ақша аудармақшы болған әйелді тоқтату оңай болған жоқ, - дейді. Жәбірленуші гипноз әсерінен есеңгіреп, құзырлы орган өкілдерінің айтқанын елемеген. Киберполиция бөлімшесінің инспекторы күйеуін шақырған соң ғана алаяқтық әрекет екендігін әрең түсінген.
Еркебұлан Қайназаров, қалалық ПБ «Киберпол» арнайы бөлімшесінің бастығы:
- Полиция департаментінің ҰҚК немесе басқа да қызметкерлердің атынан хабарласып, адамдарға психологиялық әсер тигізіп, несие алдыртыпғ өз есепшоттарына аудартқызады. Көбіне сондай және whatsapp-ты бұзу, тағы да көп қылмыстың мысалдары бар.
Былтыр интернет алаяқтығы бойынша Ақтөбе облысының тәртіп сақшылары 800-ден астам қымыстық іс қозғаған. «Есепшотыңыздан қаржы жымқырылуы мүмкін»,- деп хабарласқан жағдайда мамандар үрейге бой алдырмай, телефонды қоя салған дұрыс, - дейді. Ал кез келген қаржы операциясына қатысты ақпаратты банктің ресми өкілінен білген жөн.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов