«ХХІ ғасыр көшбасшысы» тележобасы наурызда көрерменге жол тартады
Хабар телеарнасының төл туындысы, еліміздегі ең танымал «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік бағдарламасы наурыздан бастап көгілдір экранға жол тартады. Жылдар бойы көрерменнің көзайымына айналған, білімді жастарды бір арнаға тоғыстырған сайыстың биылғы жүлде қоры қомақты. Жоба биыл «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына арналған.
Білімді жастардың ұранына айналған «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының ширек финалы Алматыда түсіріліп жатыр. Бұған дейін әр өңірде іріктеу жарыстары өтті. Сол іріктеуден сүрінбей өткен 108 оқушының арасындағы ендігі білім додасы «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Байқауда топ жарсам дейтіндердің арасында жамбылдық Даниал Ақылбек те бар.
Даниал Ақылбек, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік бағдарламасының қатысушысы:
- Жалпы тапсырмалар жақсы, оңай және қазақтардың барлығы білу керек дүниелер, тұлғаларды тану керек, мақал-мәтелдер деген сияқты. Әдебиет жағынан қиыншылықтар болды, авторларын табу кезінде қиыншылықтар кездесті.
Дарынды жастарға демеу болған зияткерлік сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Сұрақтар әралуан тақырыпты қамтиды. Сондықтан мұнда әр пәнді жетік меңгерген, салт-дәстүр мен ұлт тарихына қанық оқушылар ғана жеңіске жетеді.
Гүлнар Сүлейменова, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік бағдарламасының продюсері:
- Әр бағдарламада бір-бірден ғана бала өтеді, яғни 108 баланың 18-і жартылай финалға өтеді. Содан кейін 18 бала алты-алтыдан бөлініп, өзара жарысады. Сол жерден екі баладан сайысқа шығады. Сол алты бала ақтық сынға түседі.
Биылғы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының жүлде қоры қомақты. Жобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту, сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсетіп отыр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үш қатысушыға білім гранты беріледі. Қалған үш оқушы «Хабар» Агенттігінің атынан қаржылай сыйақымен марапатталады.
Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов